Әлеумет

Қайсар қыздар аз емес

Қазір Қазақстан әскерінде он екі мыңнан астам қыз-келіншек қызмет етеді. Оның 800-ге жуығы – офицер, 20-сы – полковник және 5 мыңға жуығы – азаматтық персонал.

[smartslider3 slider=2422]

Ардана Ботай Кеңес Одағының Батыры Н.Әбдіров атындағы Қарағанды авиабазасында әскери қызмет атқарады. Ол, әрине, бірден әскери ұшқыш болған жоқ. Бұл биікке жету үшін табандылық пен қайсарлық танытуына тура келді. Әуелі Қазақстандағы мемлекеттік авиация орталығын бітіріп, әуесқой ұшқыш біліктілігін алады. Оны кезінде Ақтөбедегі екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына қабылдамай қойғаны да рас. Алайда қайсар қыз өз арманынан бас тартпай, Алматыдағы азаматтық авиация академиясына оқуға түседі. Екінші курстан кейін Ардана Финляндияда оқып, еуропалық деңгейдегі коммерциялық ұшқыш лицензиясына ие болады. Алдымен ол өте жеңіл TL-2000, Tecnam P-2002 және Diamond DA42 ұшақтарын басқаруды үйренді. Біртіндеп ауыр Ан-26 әскери-көлік ұшағын және AERO L-39 Albatros оқу-әскери ұшағының штурвалына отырады. Ал өткен жылы аға лейтенант Ардана Ботай Су-30СМ көпфункционалды жойғыш ұшағының экипаж командирі ретіндегі біліктілігін Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, авиация генерал-лейтенанты Н.Орманбетовтің алдында дәлелдеді.

Біздің тағы бір кейіпкеріміз – Қ.Қайсенов атындағы механикаландырылған бригаданың әскери қызметкері Нұргүл Айманбетова. Нұргүл – «Бейбітшілік сарбазы-2022» жарысының жеңімпазы. Еркін күрес, президенттік көпсайыс, қолма-қол айқас, шаңғы тебу сияқты спорт түрлерінің шебері. Жоғары спорт шеберлігі клубының, Қазақстан спорт психологтары ассоциациясының мүшесі. 2015 жылы «Спорт психологиясы» оқулығын жазып шығарған. 2007-2015 жылдары арасында Қазақ спорт және туризм академиясында дәріс берген. Ендігі арманы – әскери психолог болу. Нұргүлдің айтуынша, әскери психология туралы қазақ тіліндегі оқулықтар жоқтың қасы. Енді сол олқылықтардың орнын толтыруға ниеттеніп отыр екен. «Талапты жетер мұратқа» демекші, оның бұл мақсатқа да қол жеткізетініне күмән жоқ.

Қазақ қыздары елімізден тысқары жерде де ұлт мақтанышына айналып отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын отандық және шетелдік БАҚ қаршадай қазақ қызының Қытайда әскери кемені ұршықша үйіріп жүргені туралы жазды. Кеме болғанда да ұшақтарды таситын алып кеме – авианосецтің штурвалын ұстау ер адамның өзіне оңай емес. Қазақпараттың хабарлауынша, ҚХР азаттық армиясының құрылғанына 69 жыл толуына орай әскери жаттығуда 1995 жылы туған Жадыра Қабыл атты қазақ қызы алып әскери ұшақ тасығыш кемені жүргізген. Сондай-ақ 81.cn агенттігінің мәліметінше, Жадыра Қабыл тізгіндеген «Лияу Ниң» – Қытай әскери-теңіз күштерінің ең үлкен әскери кемесі. Мұндайда «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деген ақын сөзін қайталаудан басқа шара жоқ.

Әбубәкір Смайылов

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button