Таным

Қайсарлық

ERA_6717

Қызыл империяның үстемдік сая­сатына қарсы алаңға шығып, ерлік пен өшпес рухтың үлгісін көрсеткен қазақ жастарының көбі қазір елуді еңсеріп қалды. Сол қылышынан қаны тамған қаһарлы кезеңде теңдік талап еткен, әділет іздеген жан­дар хақында кейінгі өскелең ұрпақ кө­бірек біле түссе дейміз. Азат­тық­тың ақ таңын аңсаған, еркіндіктің ал­ғашқы қарлығаштары туралы тек Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ғана емес, жыл он екі ай бойы жазыл­са да, артық болмайтын сияқты. Өйт­ке­ні, намысын жалаулатып, ас­қақ ұран көтерген сол жандардың әп де­­ген­де маңдайы тасқа соғылды, қу­ғын-сүргін көрді. Көбі жазықсыз жаза­­­ланып, тар қапасқа қамалды. Бірақ, жасыған жоқ. Қайта қайтпас қай­­сар­лық танытып, шыңдала түсті. Олай болса, Желтоқсан қай­рат­кер­­­лері жа­йында сөз қозғау, әңгіме өр­­біту өт­кенге – тағзым, болашаққа – бағ­дар, ұрпаққа – өнеге деп түсінген жөн.

1986 жылы желтоқсан көтерілісіне белсенді қатысушылардың бірі – Құрманғазы Айтмұрзаев. Сол үшін мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің қолына түскен жас жігіт жазықсыз төрт жыл арқа­лап, жат өлкеге айдалды. Рас, тәуел­­сіздіктің арқасында қазір әді­леттілік орнап, Құрманғазы толық ақталды. Сондықтан, біз кезінде талай жа­зылған оның істі болуы туралы жай­лардың бүге-шігесіне тоқталып жат­қымыз келмейді. Есесіне, сол кезде жиырма үш жасар жігітті алып империяға қарсы көтерген қандай күш? Осыншама рух пен жүректілік оның бойына қайдан дарыды?  Осы сауалдарға жауап іздегіміз келеді.

Құрманғазы Айтмұрзаевтың аталары қазақылықты бойларына сіңірген, намысшыл, текті адамдар болған. Өз атасы Қозыбағар деген кісі кешегі сталиндік зұлматта жергілікті шолақ белсенділердің әділетсіздіктерін бетіне басып, шындықты айтқаны үшін қатты қуғын-сүргін көрген. Содан үнемі қысымға шыдай алмай түрікмен асқан. Осы оқиға туралы кейіпкеріміз былай деп еске алады:

– Атамыз Ақтөбеде бір ағайы­нының үйінде отырған кезде Тілеп деген милиция мен Сасырау деген жергілікті шолақ белсенді баса-көктеп кіріп келіп: «Мына байдың тұқымын тұтқындаймыз» деп тұра ұмтылғанда Қанипа деген шешеміз: «Үйге қыдырып келген қайным еді. Шаңырағымды сыйлашы!» деп,  әлгі Сасыраудың аяғына жығылыпты.

Қазақтың салтында үйде қонақ болып отырған адамды бір төбе аспай ұстамайды. Осыны меңзеген Қанипа шешеміз әлгі шолақ белсенділер шығып кеткен бойда: «Қозбағар, айналайын! Бұлар саған енді тыныштық бермейді, басқа жаққа бой тасала!» депті. Содан атамыз түн жамылып Темір стансасына жетіп, Әулиеата арқылы түрікмен асқан көрінеді. Мен сол елдің Ташауыз ауданына қарасты Тельман деген жерде дүниеге келіппін.

Қазақ – болмысынан бостандықты сүйетін, кең дала төсінде табиғатпен етене еркін өмір сүретін халық. Құр­манғазы да сәби күнінен қанатын кеңге жайып, құс қалықтайтын кеңес­­тікте, кеудені кере терең тыныстайтын жазира жазықтықта айтыл­ған әңгімелерді көп естіп өсті. Кейін есейе келе оның сәби қиялы шынайы өмірдегі көріністермен сәйкес­пейтінін байқаған сәттерде ол іштей наразылық білдіріп, қарсылық танытатын. «Неге адамдар өз қалауын­ша, еркін өмір сүре алмайды?» деген ой оны үнемі мазалайтын да жүретін.

Ол аз-кем ойланып отырып, тағы әңгіме тиегін ағытты.

– Аталарымыз өз еңбегімен дәулет жинаған, ауқатты жандар болған. Сол үшін қудаланып, кіндік қаны тамған атамекенінен безіп кетті.
Жаяулап-жалпылап, арып-ашып жүріп түрікмен ағайындарды пана­­лады. Сол кезде атамның жағ­дайын жақсы түсінген әскери ко­мис­сариаттың басшысы түрік­мен оны еш құжатсыз әс­керге аттандырып жібереді. Содан соғыс басталып, Венгрия жерінде жүргенде, жақсылыққа – жақсылық дегендей, ол да қатты жараланған бір түрікменді от пен оқтың астынан алып шығып, өмірін сақтап қалыпты. Кейін соғыстан аман-есен оралған сол түрікмен біздің отбасымен ағайын-бауырдай өле-өлгенше араласып тұрыпты.

Ол осы әңгімені айтып отырғанда менің ойыма белгілі заңгер-ғалым Сабыр Қасымовтың: «Бойларынан үрейді кейін ысырып тастап, еш қорықпастан бірінші болып қарсылық әрекеттерге шақырған Алматы театр-көркемсурет инс­ти­тутының студенттері – Құрманғазы Айтмұрзаев, Бақытбек Иманғожаев, Үсіпхан Сейтімбетов, Аманбай Қанетов, Ертай Көпесбаев болды. Олар 16 желтоқсан күнінің өзінде-ақ, жұмысшы және студент жатақханаларын аралап, жастарды алаңға шығуға үгіттеді» деген сөздері оралды.

Расында, тақыр жерге шөп өс­пейтіні сияқты негізсіз ешнәрсе де болмайды. Құрманғазының бо­йын­дағы сол бір жастық жалын мен ерік-жігер, ұлттық намыс пен қайсарлық  тар заманда тағдырымен алысып, азулыға бас имеген атала­рының текті тәрбиесі екені сөзсіз. Сол қанмен дарыған рух, тұла бойда бұлқынған бұла күш сын сағатта оны елдік үшін, бостандық пен ұлттық намыс үшін алаңға алып шықты.

«Өткен күнге еш өкініш жоқ. Қайта осындай өз қолымыз өз ау­зымызға жеткен дербес мемлекет болғанымызға, соны осыдан жиырма сегіз жыл бұрын армандап, сол үлкен мақсаттардың бастауында тұр­ғанымызға өзімізді бақытты сезініп, кеудені бір мақтаныш сезімі билейді. Тек, бір әттеген-айы жастардың сол жанар таудай бұл­қынған сілкіністері демократияға, еркіндікке жол ашқынымен, әлі өзінің саяси бағасын толық ала алмай келеді. Біз алаңға шыққанда нан сұрап немесе әлеуметтік жағдайымызды айтып, шағымданған жоқпыз. Біздің талаптарымыз саяси талаптар болды. Сондықтан, бұл саяси көтеріліс ретінде өз бағасын алуы керек еді» дейді ол әңгіме арасында.

Бүгінде Құрманғазы – үш перзент тәрбиелеп, одан бірнеше немере сүйіп отырған еліне елеулі, халқына қадірлі азамат. Онымен бірге жары Алма Ашықбаева да көп қиындық көрді. Тіпті, олардың екінші ұлдары Арытұр мордова жерінде дүниеге келді. Өйткені, Алма  Құрманғазының артынан іздеп барып, сол жерде ері жазасын өтеп біткенше тұрған көрінеді.

Алаш идеясын ту етіп, азаттық аңсаған күрескер Құрманғазыдай қайсар ұлдары барда қазақ елінің ешқашан іргесі сөгілмесі анық. Ал, Желтоқсан көтерілісі қазақ тарихының асқақ кезеңі ретінде ұрпақ санасында мәңгілік жаңғыра берері сөзсіз.

 

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button