Басты ақпарат

Қайта өңделмеген қалдық

Қазақстанда 120 млн тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жиналған, оның көлемі жыл сайын 4,5-5 млн тоннаға ұлғайып отыр. Бұл жайт еліміз үшін күрделі проблеманың біріне айналды. «Жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасына сәйкес, қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 2030 жылы – 40 па­йызға, 2050 жылы 50 пайызға жеткізу жоспарланған. Оған қоса, Елбасының тапсырмасына сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылғы 1 желтоқсанға дейін қайта өңдеу деңгейі 75 пайызды құрау керек еді.Қараша айының соңында Сенатта Экология, геология және табиғи ресурстар ми­нистрі Мағзұм Мырзағалиев­тің қатысуымен «Тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды жинау және өңдеу» тақырыбында Үкімет сағаты өтті.

Тұрмыстық қалдықтардан қайтсек құтыламыз?

Елімізде қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) басқаруға қажетті нормативтік құқықтық база құрылған. Экологиялық кодекске, заңнамаға қалдықтар туралы нормалар енгізілген. Соған қарамастан заң талаптары әлі күнге тиісінше орындалмай келеді. Осыған орай, қалдықтарды жинауға, сұрыптауға, кәдеге жаратуға және қайта өңдеуге байланысты міндеттер көкейкесті мәселеге айналып отыр.
– 2018 жылы «DAMU RG» ЖШС зерттеу тобы ҚТҚ нарығына жүйелі талдаулар жүргізген еді. Онда осы саланың негізгі проблемалары көрсетілген, – деді жиынды жүргізген сенатор, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев. Оның айтуынша, тұрмыстық қалдықтарды залалсыздандыру үшін қолданыстағы тарифтер жеткіліксіз және ол төлемдер қалдықтарды көму мен тасымалдау шығындарының өзін жабуға жеткіліксіз. Оның үстіне ҚТҚ-мен жұмыс істеу тарифі сараланбаған: қалдықтар бөлек жиналса да, бір контейнерге салынса да – төленетін төлем біреу.
Сондай-ақ қоқысқа қатысты шығындардың басым бөлігі осы саладағы ұйымдардың есебінен жүргізіледі. Бұл компаниялардың қалдықтармен жұмыс істеу жүйесін дамытуға мұрша бермейді. Осы мәселені реттеуге міндетті мемлекеттік органдар мен қоқыс өңдеуші кәсіпорындар арасында өзара үйлесімді тетік жоқ. Бұл жағдай қоқыстарды өңдеу проблемасын тиімді шешуге кедергі келтіреді.
Тағы бір қиюы келіспей жатқан шаруа – қайталама шикізат нарығының шектеу­лілігі. Өңдеушілер қалдықтан алынған өнімдерді сату кезінде түрлі қиындықтарға тап болады.

Тұрғындарға экологиялық мәдениет жетіспейді

Қатты қынжылтатын жайттың бірі – тұрғындардың санасында қалдықтарды бөлек жинау мәдениеті мен экологиялық түйсіктің қалыптаспағандығы. «Өкінішке қарай, үлкен қалаларда қоқысты бөлек жинауға арналған контейнерлер орнатылғанына және осы бағытта жүргізіліп жатқан ақпараттық-насихат шараларына қарамастан, жұрт бұрынғыдай барлық қоқысты бір жерге тастай салу әдетінен арылған жоқ. Көпшіліктің қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мәдениеті төмен, оған деген тұтынушылық көзқарас басым» деді сенатор Ә.Бектаев Үкімет сағатының кіріспе бөлігінде.
Көтеріліп отырған тақырып бойынша есеп берген Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қалдықтарды басқару ісі Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасы бойынша басым міндеттердің бірі болып саналатынын атап өтті. Тұжырымдамаға сәйкес, елімізде қалдықтарды өңдеу үлесі 2030 жылы 40 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға жетуі тиіс. 204 қалалар мен аудандардың 51-інде қалдықты бөліп жинайды, 30-ында сұрыптайды.
Министрдің айтуынша, республикада 3,5 мың полигон бар, оның тек 17,7 пайызы ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келеді. Көпшілік полигондардың қызмет көрсету мерзімі өткен. 2019 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша елімізде қоқыстардың 13,2 пайызы ғана өңделген. Оның көрсеткіші Ақмола (3 пайыз), БҚО (4 пайыз), ШҚО (5 пайыз) облыстарында өте төмен, ал ең жоғары көрсеткіш – Маңғыс­тау (29 пайыз), Алматы облыс­тары (18 пайыз) мен Шымкент (22 пайыз) қаласында.
– Жекелеген қоқыстар түрін көмуге тыйым салу мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді, алайда жергілікті атқарушы органдар тағам қалдықтарынан тыңайтқыш алу орындарын жасау үшін, құрылыс қирандыларын қайта пайдалану үшін еш шара жасаған жоқ, – деп әкімдерге шүйлікті министр.
Мәселен, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап полигондарда пластмасса, пластик, полиэтилен, полиэтилентерефталат қапшықтары, макулатура, картон және қағаз қалдықтарын, құрамында сынап бар шамдар мен аспаптарды, қорғасын-қышқылды батарейкаларды, электронды және электр жабдықтарын, түрлі түсті және қара металдарды көмуге тыйым салынған, бірақ олардың рұқсат етілмеген орында жиналу фактілері көп.
Қалдықтарды тиімді пайдалану нәтижесі бойынша 17 өңір мен қалалардың ешқайсысы жоғары және орта дәрежеге жете алмады, ал 5 өңірдің көрсеткіші тіпті төмен. Ал Елбасының тапсырмасына сәйкес, әкімдіктер жұмыстарының нәтижесі қалдықтарды өңдеу көрсеткішімен бағаланады.
Министр Мағзұм ­Мырзағалиев ҚТҚ проблемасын шешу үшін Waste to Energy механизмін енгізуді ұсынды. Бұл қоқысты жағу барысында «жасыл энергия» алуға мүмкіндік береді және көмілетін күл-қоқыс көлемін едәуір азайтады. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша 6 қоқыс жағу кешендерін салу жоспарланған: Шымкент және Ақтөбе қалаларында (2021 жылы), Нұр-Сұлтанда (2022 жылы), Қарағандыда (2023 жылы), Таразда (2024 жылы), Алматыда (2025 жылы). Аталған механизмді енгізу қоқыс жағу саласына 182 млрд теңге тартуға мүмкіндік береді. Оның үстіне, қоқыс өңдеу саласында жұмыс істеуге ниет білдірген инвесторлар да бар. Бұл бюджеттің рұқсат етілмеген қоқыстарды жоюға (2,5 млрд теңге), полигон құрылысына (2,7 млрд теңге) арналған шығындарын үнемдеуге, экологияға, адам денсаулығына, флора мен фаунаға кері әсерін төмендетеді.
Қалдықтар проблемасын шешу үшін заң бойынша 2016 жылы автокөліктер мен оның құрамдас бөлшектерін, 2017 жылы электр жабдықтарын пайдалану бойынша міндеттемелер ұлғайтылды.
Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) операторы аясында 18 қаладағы 170 кәсіпорынға қайталама шикізатты жинағаны, тасымалдағаны және өңдегені үшін өтемақы төленеді, олар қалдықтардан 20-дан астам өнім түрлерін шығарады.
– 2017 жылы Орталық Азия аумағында бірінші рет Қазақстанда ескі автомобильдерді өңдеу зауыты іске қосылды. Өткен 2 жыл ішінде зауыт 92115 ескі көліктерді қабылдап, кәдеге жаратты. Соның нәтижесінде 60 мың тонна қара металл сынығы, 3 мың тонна алюминий алынды. 556 тонна металл балқымасы металлургиялық кәсіпорындарға жеткізілді, – деді министр.

Кеңес заманынан қалған қалдықтар

Қазақстанда кеңес кезеңінен бері 31 млрд тонна өндірістік қоқыстар қордаланған, оған жыл сайын 1 млрд тонна тау-кен және мұнай қалдықтары қосылып отырады. 2018 жылы оларды өңдеу 32,2 пайызға жеткен, ол 2015 жылмен салыстырғанда 9 пайызға көп. Қалған қалдықтар күлтөкпеге төгіледі.
Елімізде сондай-ақ 527 млн тонна күл-қоқыс жиналған, оған жыл сайын тағы 23 млн тонна қосылып отыр. Отандық кәсіпорындарды соны шикізат ретінде қайталап пайдалануға жұмылдыру қажет. Мәселен, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ оны жол құрылысына табиғи тастың орнына қолданады. Ал Орталық-Шығыс дәлізі жобасына Павлодар ЖЭО-1-дің 338 мың тонна күл қалдықтары мен Павлодар алюминий зауытының 23,7 мың тонна боксит қоқырлары пайдаланылған. Жобаны әрі қарай жүзеге асыру барысында оған «Карагандаэнергоцентр» және Қарағанды ЖЭО-3-тің 735,2 мың тонна күл қалдықтарын да пайдалану жоспарланған.
Тағы бір проблема – жо­йылуы қиын органикалық лас­тауыштар (ЖОЛ). Айта кете­йік, қазір елімізде ЖОЛ өндірісі шығарылмайды, бірақ оның кеңес заманынан жинақталған қоры орасан: 40,3 мың бірлік құрамында ПХД бар трансформатор майы, 82,6 тонна конденсаторлар, 4100 литр тыйым салынған пестицидтер, 3,7 мың тонна көмілген пестицидтер және 13,5 мың бірлік пестицид ыдыстары. Оған иесіз жатқан 16 нысандағы экологияға қауіпті қалдықтарды да қосыңыз. Стокгольм конвенциясы бойынша Қазақстан жойылуы қиын органикалық ластауыштар қоқыстарды 2028 жылға дейін жоюға міндетті.

Жосықсыз компанияларға қатаң тыйым керек

Баяндама жасаған сенатор Мұхтар Жұмағазиевтің айтуынша, кейбір ірі компания­лар қалдықтарды азайтуға және қайта өңдеуге мүдделі емес, оларға айыппұл төлеу ыңғайлы. Тіпті кейбіреулер айыппұл сомасын өз бюджеттеріне салып, қызметін әрі қарай жалғастыра береді екен.
– Осыған байланысты Экологиялық кодекстің жаңа редакциясын әзірлеушілерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Біз қалдықтарды кәдеге жарату төлемдерінен алшақтап, табиғат пайдаланушыларды қалдықтарды қайта өңдеуге және жоюға шақыруымыз керек, – деді сенатор.
2018 жылдың қорытындысы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарын қайта өңдеу көлемі 11,5 пайызды құрады (2019 жылдың 9 айы бойынша 13,2 пайыз). Демек, жылдық өсім – 2 пайыз. Осы қарқынмен «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамада көзделген көрсеткіштерге жету қиын. Еліміздің 17 аумақтың 10-ы қайта өңдеу көрсеткіштерін 8 пайызға жеткізе алмай отыр.
– Тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға дейін сапалы полигондармен қамтамасыз ету көрсеткіші 95 пайызға дейін өсуі тиіс. Қазіргі көрсеткіш – 17 пайыз. Өздеріңіз байқағандай, атқарылатын жұмыс әлі де аз емес. Қазіргі уақытта жаңашыл болып, жаңа идеяларды жүзеге асыруда жаңа көзқарас болуы қажет деп ойлаймын, – деп сөзін түйіндеді Мұхтар Жұмағазиев.
Сенаттағы Үкімет сағатында басқа да бірқатар депутаттар өз ой-пікір, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Сенат төрайымы Дариға Назарбаева көтеріліп отырған мәселе бойынша Елбасы мен Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын, тұжырымдамада көзделген міндеттерді орындау мақсатында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, жергілікті атқарушы және үкіметтік емес ұйымдар бірлесе отырып, жұмыстарды жүйелі түрде, ерекше ынтамен атқаруы қажеттігін айтты.
– Бұл – қоғамды алаңдатып отырған өте күрделі мәселе. Бүгінгі жауапсыздық ертең зор кесірін тигізеді. Экологияны зардапқа ұшыратады. Мұндай жағдайда денсаулық сақтау саласына жұмсап отырған мол қаржы желге ұшырғанмен бірдей. Бүгінде бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар мардымсыз деуге болады. 2011 жылдан бері қалдықтар қоры 11 есеге өскен. 9268 стихиялық қоқыс тастайтын жердің небәрі 14 пайызы ғана жойылды, – деді Дариға ­Нұрсұлтанқызы.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button