Денсаулық

Қайтадан маска тағамыз ба?

Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова жаңа қаулыға қол қойды. «Ауа-тамшы жолы арқылы берілетін инфекциялық аурулардың таралуының алдын алу жөніндегі профилактикалық шараларды күшейту туралы» деп аталатын бұл құжатқа сәйкес денсаулық сақтау ұйымдарында бетперде кию режимі енгізіледі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz  

Қаулы бойынша Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің облыстардағы, Алматы, Астана, Шымкент қалаларындағы денсаулық сақтау басқармаларының, аумақтық департаменттерінің басшыларына міндеттер жүктелді. Олар медициналық ұйымдарда персоналдың және келушілердің медициналық маскаларды пайдалануын, антисептиктердің болуын, халық арасында COVID-19 коронавирус инфекциясының, тұмаудың және ЖРВИ профилактика шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді қамтамасыз етуі керек.

Ал облыстардың, Алматы, Астана, Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдарына, Орталық мемлекеттік органдарға, меншік нысанына қарамастан жеке және заңды тұлғаларға          маска тағу ұсынылады. Нақтырақ айтқанда, олар халық көп жиналатын жерлерінде (әуежайлар, теміржол вокзалдары, автовокзалдар, базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, театрлар, кинотеатрлар, ХҚКО-ы, банктер және т.б.), көліктің барлық түрлерінде (қоғамдық көлік, әуе, темір жол көлігі) медициналық немесе матадан тігілген маскаларды пайдаланғаны жөн. Қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.

Деректерге сүйенсек, 2024 жылдың қаңтар айында өткен жылғы желтоқсанмен салыстырғанда коронавирусқа байланысты жағдай 2,5 есе өскені байқалған. Жаңадан жұқтырғандардың ең көп саны Алматы қаласына (143 жағдай) және Астана қаласында (74 жағдай) тиесілі. Ал биыл 26 қаңтар мен 1 ақпан аралығында ауру жұқтырғандар 26-ға өскен. Бұл аралықта да жаңадан тіркелгендердің ең көп саны Алматы қаласына (37 жағдай) және Астана қаласында (21 жағдай) тиесілі.

Сонымен коронавирусқа байланысты шектеу шараларын енгізу жоспарланбайды. Тек соңғы айдың ішінде аурудың өсуі байқалғанын, сондай-ақ ЖРВИ-мен және тұмаумен сырқаттанушылық эпидемиясы маусымының жалғасып жатқанын ескере отырып, адамдар көп жиналатын орындарда, қоғамдық көлікте, медициналық ұйымдарға барған кезде, науқаспен байланыста болғанда маска кию ұсынылып отыр.

фото: Ашық дерекөзден

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button