Басты ақпаратРуханият

Қайталап оқитын қаламгер

Жазушы Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына орай Ұлттық музейде өткен «Жасын ғұмыр жазушы» атты әдеби кеш тағылым-тәлімімен есте қалды. Іс-шараға жазушының қарындасы Ғалия Бөкейқызы және зиялылар, әдебиеттанушылар қатысты.

Басқосуда қалалық әдістемелік орталығының қызметкерлері, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушылары мен студенттері, №55, 69, 72 және 73 мектептің ұстаздары мен оқушылары белсенді араласып отырды.

Әдеби кеште жа­зушының өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм­нен үзінді көрсетілді. Онда ақын-жазушылар Әбіш Кекілбаев, Дулат Исабеков, Кәдірбек Сегізбаев, Әшірбек Сығай және Жүрсін Ерманның ой-пікірі Оралхан Бөкейдің тұлғалық, азаматтық болмыс-бітімін аша түсті.

Кешке арнайы шақырылған қонақ Ғалия Бөкейқызы ағасы Оралхан Бөкейдің туған жеріне деген махаббаты, әдеби кітаптарды көп оқығаны, ерекше есте сақтау қабілеті туралы айтып берді. Ағасы екеуінің арасындағы қарым-қатынасы және бала Оралханның арман-мұраты туралы сыр шертті.

Келесі кезекте Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Топжарған» клубының жетекшісі, жас ақын Алтынай Әбдіш жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің көркем туындыларын оқитын жастардың қатары көп екенін және оқыған-тоқығанын бірге талдайтынын сөз етті. Әрі қарай клуб мүшелері арнау өлеңдері мен монологтарын оқып, өнерін ортаға салды.

Астана қаласы №72, 73 мектеп-лицейі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері жазушының шығармалары туралы ойларымен бөлісіп, өскелең ұрпақты әдеби шығармаларды жиі оқуға шақырды.

– Оралхан Бөкей көркем сөз өнерінің хас шебері еді. Бәрінен бұрын мінезді жазушы, қайратты қаламгер еді. Ол құмға мінез бітіріп, құмды әнші, күйші етіп, оның қуанышы мен мұңын суреттеп, қоғамның бетбұрысын айна-қатесіз келтіретін. Міне, Оралхан Бөкейдің артықшылығы – осында. Жазушы әділетсіздікті жанымен қаламайды. Мәселен, өзінің «Құмның мінезі» повесінде бір совхоздың екі шопаны Бархан мен Сейітқұл арқылы кеңес қоғамындағы кемшілікті бетке басады. Мәселен, Бархан әділетсіздікке ұшырап, жылда-жылда совхоз малын өсірген үстіне өсіре берсе де, тым болмаса аудандық газетте бір аты аталмайды. Ал Сейітқұл жылда бұдан жылу сұрап, қозысына қозы қосып алады да, озат шопан атанып, республикалық газеттердің бетінен түспейді. Осылайша, жазушы Оралхан Бөкей қолдан «герой» жасаудың зияны мен залалын астарлап, ақиқатын жазады, – деді №73 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сандуғаш Сегізбаева.

Иә, Оралхан Бөкей – шебер жазушы, сұңғыла суретші болмысымен өзгелерден ерек, өзгелерден бөлек. Жазушы Шерхан Мұртаза: «Мен алпысқа толғанда, Оралхан маған арнап екі-ақ абзац сөз жазды. Бірақ сол екі ауыз сөзге ол ширек ғасыр бірге болған ғұмырымызды сыйдырып жіберді» дегені осы сөзімізге дәлел болады.

Іс-шара барысында музейдегі «Кескіндеме және графика» үйірме сабағына қатысушы оқушылар Оралхан Бөкей еңбектерінің сюжетіне негізделген суреттер салды.

Әдеби кештен ­түйгеніміз, Оралхан Бөкей – бір оқылатын жазушы емес, қайталап оқуды қажет ететін ­қаламгер, түсінгеніңше оқи беретін күрделі суреткер. Иә, жазушы ­Дулат Исабеков дәл осылай баға берген еді ғой!

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button