ӘлеуметМәдениет

ҚАЙЫРЫ КЕМНІҢ ҚАРИЯСЫ ҚАМКӨҢІЛ

ERA_0615+

Бұрнағы күні Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Президентінің Ұлытау төрінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбаты ая­сында және халықаралық Қарттар күніне орай «Елдік парасат пен ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Басқосуға қатысқан елордалық зиялы қауым қазыналы қарияларды құрметтеу, оларды ұрпақ тәрбиесіне тарту, тағылымды еңбегін жастарға үлгі ету, сонымен қатар парасат, еңбек, ел бірлігі төңірегінде келелі әңгіме қозғады.

Жиынды ашып сөз сөйлеген оқу орнының ректоры Ерлан Сыдықов қарияларымыздың қадіріне жетпеу, оларды қартайғанда Қарттар үйіне өткізіп жіберу біздің қоғам­ға жат екенін алға тартып, өрке­ниет көшімен ілесіп келген осы келең­сіздікке ұлт азаматтарының үн қатуын көздегендерін жеткізді. «Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жастар алдында сөйлеген сөзін­де: «Қазақстан – күрделі әлем­нің бір бөлшегі. Сол себепті, көп нәрсе жас қазақстандықтардың еңбек­сүйгіштігіне, төзімділігіне, бел­сенділігіне, табандылығына және жауапкершілігіне тәуелді болады. Бұлар жастарымыздың ең жақсы қасиетіне айналады деп сенемін» деген еді.

«Дәстүр – елдіктің алтын арқауы. Бұл – білім жүйесі үшін аса қажет. Биыл Рамазан айындағы ауызашарда Елбасымыз ата-ананы, қарттарды қадірлеу мәселесін ерекше айтты. Өмірден алынған мысал да келтірді. Шынында, біз үлкендерімізді сыйлау арқылы өзімізді, қоғамымызды ұлықтаймыз. Дәстүр – сол қадірге жетудің құралы, жолы секілді құндылық. Білім саласын осы дәстүрді жүйелі орнықтырудың күретамыры деп білеміз. Жастарымыз үшін білім мен елдік дәстүр – құстың қос қанатындай керек нәрсе.

Қоғамдағы безбүйректік, иман­сыздық, қайырымсыздық – өте қауіпті құбылыс. Ата-анасын тастап кету, «Қарттар үйі» проблемасы – бір күнде ғана бола салған мәселе емес. Оның әлеуметтік астары терең. Дегенмен, оған көндіге салуға да болмайды» деді Ерлан Бәтташұлы.

Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков: «Ата-анасына жақсылық жасай алмаған адам Отанына да, ешкімге де жақсылық жасай алмайды. Ондайлардан қорқып, оларды әшкерелеуіміз керек. Ал жан-жүрегіне жылылық пен мейірім қон­дырған адамдарды құрметтей біл­геніміз жөн. Менің ойымша, қазақтың ке­лешегі келіндердің қолында. Ің­кашай жеңгем келін болып, босаға аттаған күннің ертеңіне ағамыз Рысбек соғысқа кетті. Алдымен қара қағаз, артынан із-түзсіз жоғалды деген хабар келді. Бірақ жеңгеміз түскен босағасын кірлеткен жоқ. Пәлен жыл өткенде ағайын-туыс жиналып: «Қарағым, басың жас, азатсың, жолыңды тап» дегенде: «Қайнағалар-ау, ертең Рысбек келсе не деймін?» деп жылаған қайран жеңешем. Сол Іңкашай екі енесін қолынан аттандырып, Рысбегін күтіп, бауырына салған қызының алақанында жүзден асып көз жұмды. Қазақ әйелінің ерінің шаңырағын құлатпаған осындай бейнесін насихаттауға тиіспіз» деді.

Жиын барысында сөз алған академик Ғарифолла Есім: «Елдік парасат деген ұғымның негізінде ұрпақтар сабақтастығы жатыр. Елдің бірлігі деген сөзді Елбасы былай түсіндіреді: Үш буын өкілдері арасында сабақтастық болса, елдің бірлігі болады. Ата ұрпақ, әке ұрпақ, немере ұрпақ бірге, түсінікте өмір сүрсе, елдік парасат шығады. Яғни, ата білетін құндылықтар әкеге өтсе, әке қабылдаған құндылықтар балаға өтсе, осылай құндылықтар трансформациясы бір отбасында үйлесім тапса, елдік парасат болады. Бізге ата мен немеренің арасындағы 40-50 жылдық кеңістікті бір-біріне жақындату керек. Құндылықтардың кеңістігі кемімесе, қарияларды қарттар үйіне итеріп апарып тастау деген болмайды» деді. Ол Ата заңымыздың 7-бабының 3-тармағындағы «Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті» деген жолдардың күшін арттыру қажеттігін баса айтты.

Ал абыз ақсақал, академик Сейіт Қасқабасов отбасындағы сыйластық, нағашы мен жиен, әке мен бала, ана мен қыз, келін мен ене арақатынастары біздің ұлттық болмысымыздың биік деңгейі екенін айтты. Қазақ дип­ло­матиясының ардагері Сайлау Батыр­шаұлы дәстүрін сақтап, мәде­ниетін ұлықтап, тілін құрметтеп, дамыған елдердің тәжірибесін үлгі етіп, жолын ұстану қажеттігін жеткізсе, про­фессор Болат Көмеков халық дана­­лы­ғын қарттардың бейнесінен әбден табуға болатынын сөз етті. Про­фессор Кенжеғали Мыржықбай Еу­разия ұлт­тық университетінде құ­рыл­ған «Кәу­сар» мәдени-танымдық бір­лес­тігінде Қарттар күніне орай арда­гер­лер­ді, ақын-жазушыларды, таны­мал өнер ше­бер­лерін шақырып, шығар­­ма­шылық кез­десу өткізгендерін әңгі­ме­леді. Жа­зу­шы-ғалым Қойшығара Сал­ға­рин­нің айтуынша, мұндай проблема бодан­дықтың салдарынан тууда. Ал тү­зеу үшін алдымен өзімізді түзеу керек.

Алқалы жиын осы күні Қ.Қуаныш­баев атындағы мемлекеттік акаде­миялық Қазақ драма театрында жал­ғасты. Мұнда оқу орнының студенттік «Шаңырақ» театры драматург Жолтай Әлмашұлының «Мұңмен алысқан адам» шығармасын ағылшын тілінде сахналады. Спектакльде кешегі репрессия жылдарында шетелге кеткен отбасының Отанына деген сағы­ны­шынан бөлек, мұңмен алысқан тағ­дыры баяндалады.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button