ЖаңалықтарҚала тіршілігі

Қайырымдылық – ізгілік қайнары

 

?

Астана қаласының Есіл аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері аумақтағы тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларды аралап, арнайы сыйлықтар табыс етті. Азық-түлік түрінде әлеуметтік көмектер көрсетті.

Шара барысында, сондай-ақ, басқарма қызметкерлері саяжай аумағындағы, қала маңындағы ауыл тұрғындарымен кездесіп, өрт қауіпсіздігі жайында кеңестер берді. Төтенше жағдайлар орын алған кезде алғашқы әрекеттер жасау жолдарын түсіндіріп, өрт қауіпсіздігінің алдын алу бағытындағы ескертпелер таратты. Аталмыш акция Есіл ауданындағы №16 өрт сөндіру бөлімінен бастау алды.
– Біз бұл шараны өткізу үшін бүкіл басқарма қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударған болатын. Жиналған қаржыға жиырма шақты отбасына, көп балалы отбасылардың балаларына арнайы тартулар жасадық. Бірінші кезекте тұтынылатын азық-түлік түрлері бойынша әлеуметтік көмектер көрсетілді. Бұйыртса, мұндай шараларды алдағы уақытта да жиі өткізіп тұру жоспарда бар, – дейді Есіл аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Есен Байыров.
Қайырымдылық акциясы кезінде басқарма бастығы осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар жөнінде де есеп бере кетті. Оның айтуынша, жыл басынан бері Есіл ауданында 82 өрт оқиғасы орын алыпты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға көп екен. Оқиға салдарынан 2015 жылы да, биыл да бір адам қаза тапқан. Жыл басынан есептегенде, тұрғын үй секторларында 38 өрт оқиғасы болған. Ол өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 29 пайызға көп. Яғни, жүргізіліп жатқан алдын алу шараларына қарамастан, өрт шығу оқиғалары жиілеген.
– Аудан көлемінде тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігін түсіндіру бойынша жиі кездесулер өткізіледі. Бұл – біздің жұмысымыздың негізгі бағыты. Халық арасында түсіндіру, ескерту жұмыстары кесте бойынша үнемі жүргізіледі. Төтенше жағдайлар орын алған кезде тұрғындар бірінші кезекте қандай әрекет жасауы қажет, соны да үнемі айтып, естеріне салып отырамыз. Балаларды еш уақытта қараусыз қалдырмауларын ескертеміз. Өйткені, көп өрт оқиғасы балалардың ойынынан шығып жатады, – дейді жұмыс барысы жайында Есен Әлмұханбетұлы.

Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button