ЖаңалықтарҚала тіршілігі

Қайырымдылық керуені

Кеше ІІІ Республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауына қатысқан елордалықтар марапатталды. Байқауға қайырымды істермен тұрақты түрде айналысып, қоғамға көмегі тиген азаматтарды Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов құттықтап, сыйлықтар табыс етті.

[smartslider3 slider=527]

Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданының әкімі Ерлан Бекмұрзаевтың айтуынша, республикалық сайысқа жалпы саны 670 өтінім қабылданса, оның 100-ге жуығы елорда тұрғындарынан болған.
– Қатысушылардың арасында үлкен құрылыс компаниясының басшылары, дәрігерлер, өрт сөндірушілер болды. Қайырымдылық шараларымен күнделікті айналысатын жандардан қоғамға келер пайда зор. Сол себепті оларды марапаттау рәсімі жоғары деңгейде өтті, – деді Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Назгүл Мағжан.
Байқау қатысушыларының бірі, елордадағы №3 көпбейінді инфекциялық аурухананың пульмонология бөлімі меңгерушісі, дәрігер Сапаркүл Бердешова коронавирус індеті енді басталған шақта күні-түні ауруханада қалып, жаппай түсіп жатқан науқастарды емдеген. «Коронавирус басталысымен, бізді провизорлық орталыққа ауыстырды. Майдан даласына мылтықсыз топ ете қалғандай болдық. Күніне 200-дей адам түскен кездер болды. Төсек-орын жетіспейді. Екі апта бойы үйге бармай, ауруханада қалған түндері ұйықтайтын орын жоқ болған соң, түрегеп отырып көз ілетінбіз. Адам шығыны болмаса екен, науқастар жазылып шықса екен деп тіледік. Бірақ көп адамнан айырылдық. Инфекцияның ортасында жүрген соң, өзім де ауырып қалдым. Жолдасымның өкпесі – 70%, өзімдікі 45% зақымданып, әйтеуір, жазылып шықтық» дейді ол.
Сол сияқты медицина саласы бойынша халыққа ұшан-теңіз пайдасы тиген Анна Цепке мен Татьяна Цечоева марапатталды. Сондай-ақ қатысушылардың ішінде төтенше жағдай кезінде тегін психологиялық кеңес берумен айналысқан астаналықтар да бар. Мәселен, Динара Жақыпбекова мен Айдана Бейсембенова Bek Air әуекомпаниясының ұшағы апатқа ұшырағанда, төтенше жағдайға ұшырағандар мен олардың жақындарына психологиялық көмек көрсеткен.
Айдархан Кемаладинов өрт лаулап жатқан пәтерден жүкті әйел мен төрт баланы құтқарып қалса, Нәдір Омарғазиев кішкентай баланы құдықтан шығарып алған. Ал Сергей және Анна Ляховтар бассейнге батып кеткен баланы алып шығып, алғашқы көмек көрсетіп, өлім аузынан арашалап қалған.
Бүгінгі таңда «Қайырымдылық керуені» IV республикалық байқауына қатысуға өтінім қабылдана бастады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button