Sport

Қайырымдылық марафоны

Астанада 3000-ға жуық адам қатысқан қайырымдылық марафон өтті. Өткен сенбі күні Қажымұқан Мұңайтасов атындағы орталық стадионға жиналған астаналықтар мен қала қонақтары 5, 10, 21 және классикалық қашықтық 42 километр 195 метрлік жарыс жолына шықты.

Еліміздің құрылыс саласындағы үздік компаниялардың бірі ВІ Group ұжымы ұйымдастырған айтулы марафонның ең басты ерекшелігі қайырымдылық қағидаты болды. Бұл шара жөнінде осыдан бұрын Олимпиада ойындары мен екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиев, бүкіл Сахара даласын жүгіріп өткен, ұзақ қашықтықтарға жүгіруден Гиннестің рекордтар кітабына енген Марат Жыланбаев және басқа да атақты спортшылар мен қоғам қайраткерлері пікір айтып, барша қазақстандықтарды аталмыш қайырымдылық марафонын қолдауға шақырған болатын.

Бұл марафон барысында қатысушыларға, сондай-ақ кез келген жеке тұлғаға немесе ұйымға  қайырымдылық жарна төлеуге мүмкіндік берілген еді. Ал қайырымдылық жасаушылар аз болған жоқ. Міне, сол қаражат «ВІ –Жұлдыз-ай» қайырымдылық қорына аударылды.  Марафонның шарты бойынша қайырымдылық мақсатпен түскен барлық қаражатқа ДЦП ауруына шалдыққан науқастарды  оңалтуға арналған қондырғылар мен жабдықтар сатып алу көзделген.

Бір айтарлығы, марафонға қатысушылар арасында 10 жастағы балалар мен 70 жастан асқан қариялар да өтініш берген екен. Сондай-ақ, танымал спортшылар мен қоғам қайраткерлері де жарыс жолынан көрінді. Көптеген кәсіпорындар мекемелер ұжым болып қатысқан. Бұлардың көпшілігі алты адамнан құрылатын марафондық эстафетада бақтарын сынады. Мәселен, осы жарысқа қатысқан белгілі желаяқ Салтанат Түйтебаев жетпістің үстіне шыққан қария болса да, марафон белесін толығымен бағындырды.

Сонымен, Астанада қайырымдылық қағидатын ұстанған марафон өтті. Бұқаралық жарысқа қатысушылардың саны мен көңіл-күйлеріне қарап, бұл қайырымдылық шараның дәстүрлі болса нұр үстіне нұр болар еді деп ойладық. Ең бастысы – ұйымдастырушылардың қайырымдылық жасауға ниеттенген қадамдарын көпшілік қолдады. Демек, қайырымды іске жанашыр жандар көп деуге негіз бар.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button