Басты ақпарат

Қайырымдылық марафоны

«Asar Ume» қайырымдылық қорының бастамасымен, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен елорданың «Қазанат» атшабарында «Asar joly» қайырымдылық марафоны басталды. Құрылтай форматында өткен шараны қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырды. Ашылу салтанатына Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен және еліміздегі бірқатар қайырымдылық ұйымдарының өкілдері қатысты.

[smartslider3 slider=3505]

Қазақстан Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, «Asar Ume» қоғамдық қорының жетекшісі Асхат Нұрмашев бастамашылық еткен «Asar joly» қайырымдылық марафоны өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесін қалыптастырып, нығайтуға, ел халқының мәдениеті мен дәстүрін насихаттауға бағытталған жастардың қоғамдық пайдалы бастамаларын қолдау мақсатында өтіп жатыр. Елордадан басталған аталмыш жоба алдағы уақытта еліміздің жиырма өңірінде жалғасын табады деп жоспарланып отыр.

– Мұндай жобаларды қолдау – менің тікелей міндетім. «Asar joly» жобасына еліміздегі әкімдіктердің барлығы көмектеседі. Өткенде соған байланысты арнайы отырыс өткіздік, әкімдермен келістім. Бұл – кірістерді көбейту бағытындағы бір ғана үлкен жоба. Осындай жобаларды бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қолдайық, – деді Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.

«Asar Ume» қайырымдылық қорының жетекшісі Асхат Нұрмашевтың айтуынша, «Asar joly» жобасының мақсаты – 20 мың шақырым жол жүріп, бүкіл елімізді, барлық қалаларымызды аралап, ата-бабамыздан қалған жолды жалғастырып жақсылықта жарысу, мұқтаждарға пана беріп, қол ұшын созу, жас балаларға, қиыншылықта жүрген отбасыларға мотивация беру.

– Ел бойынша елу шақты отбасын баспаналы етуді жоспарлап отырмыз. Одан басқа, жұмыспен, біліммен, кәсіппен көмектесу ойымызда бар, – дейді ол.

«Asar Ume» қайырымдылық қоры тұрмыстық жағдайы төмен және қиын жағдайға тап болған көпбалалы отбасыларға жәрдемдесіп, жастарды жұмысқа орналасуға, оқуға, бизнеспен айналысуға көмектеседі. Бүгінде қор еріктілер, кәсіпкерлер, жұмысшылар мен белсенді азаматтарды жақсылық жасаудың айналасында біріктіруде. Қор құрылған 3 жыл ішінде Қазақстан бо­йынша үш миллионнан астам адамды біріктіріп, еліміздегі аз қамтылған 440 отбасының баспаналы болуына атсалысқан.

Ал қайырымдылық марафоны кезінде асар дәстүрі ғана жаңғырып қоймай, садақ ату, теңге ілу, асық ату сияқты ұлттық ойындар да ойнатылды. 50 шабандоздың қатысуымен театрландырылған қойылым ұйымдастырылды.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button