Sport

Қайырымдылық марафоны

Астанада «BI – Marathon» халықаралық қайырымдылық марафоны өтті. Биыл үшінші рет ұйымдастырылған жарысқа Англия, Германия, Испания, Ресей, Қытай, Түркия, Украина, Өзбекстан, Финляндия, Филиппин, Жаңа Зеландия және басқа да елдерден 7 мыңға жуық әуесқой және кәсіпқой спортшылар қатысты.

Қайырымдылық қағидатын ұстанған марафон жарысы 5 қашықтық бойынша өтті. Ауа райының салқын болғанына қарамастан жүгіруге тіркелген адамдар түгелдей жарыс жолына шыққанын айрықша атап өткіміз келеді. Бір айтарлығы, осы жарысқа 76 жастағы Қайырбай Сәлімов қатысып, жастарға өнеге көрсете білді. Ал ең кішкентай марафоншы Әлия Жыланбаева болды. Бүлдіршін енді ғана бес жасқа толайын деп жүр екен.
– Бұл марафонның басқа жарыстарға қарағанда бас­ты ерекшелігі сол – мақсаты қайырымдылық болып отыр. Осы жарысқа қатысу үшін төленетін жарна түсімі түгелдей «ВІ-Жұлдызай» қорына аударылады. Ал ол өз кезегінде ДЦП ауруына шалдыққан балалардың емделуіне жұмсалатын болады. Сондықтан осындай жарыс­ты ұйымдастырушыларға да, қатысушыларға да алғыс айтумыз керек, – дейді халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ультрамарафоншы Марат Жыланбаев.
Ал енді жарыстың өзіне келер болсақ, ерлер арасындағы классикалық марафонда Айдын Майусов жеңімпаз атанды. Әйелдер жарысында 42 шақырымды бірінші болып Қымбат Елтаева бағындырды. Басқа қашықтықтар бойынша жүгірген әуесқой марафоншылардың бәріне естелік медальдар табыс етілді.
Қайырымдылық марафонды ұйымдастырушылардың алдын ала жасалған мәліметі бойынша, биылғы шарадан 23 миллион теңгеге жуық қаражат жиналған.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button