Қала тіршілігі

ҚАЛА ӘКІМІ ТҰРҒЫН ҮЙ НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

7fcd4843f704cdf9f80f4d579e8

Өткен сенбіде Астана әкімі Ә.Жақсыбеков «Қолжетімді баспана – 2020» және тұрғын үй құрылысын дамыту мемлекеттік бағдарламалары бойынша қалада салынып жатқан нысандарды аралады.

Қала басшысы Н.Тілендиев даңғылының оңтүстігінде, Қорғалжын тас жолы мен Бейсекова көшесінің қиылысында, Бейсекова мен Сығанақ, Байтұрсынов пен Жұмабаев, Иманов және Брусиловский көшелерінің қиылысында орналасқан көп пәтерлі тұрғын үй кешендерінің жағдайларын тексерді. Сонымен қатар, нысандарды аралауға Астана қаласы әкімінің орынбасары Сергей Хорошун, Алматы, Сарыарқа және Есіл аудандарының әкімдері, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының басшылары да қатысты.

Елордада «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде жалпы ауданы 84,06 мың шаршы метр 1 581 пәтерлік 7 тұрғын үй кешені пайдалануға берілді.

Жыл соңына дейін тағы да жалпы ауданы 95,4 мың шаршы метр 1 833 пәтерлік алты тұрғын үй кешені тапсырылмақ. Ал, 2015 жылы жалпы ауданы 108,4 мың шаршы метр 1 937 пәтер мен он көп пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жалғасады.

Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аясында жалпы ауданы 367,3 мың шаршы метрлік 4 969 пәтер пайдалануға берілсе, бүгінгі таңда жалпы ауданы 265,94 мың шаршы метрлік 5 759 пәтердің құрылысы аяқталды.

Бағдарлама шеңберінде апатты жағдайдағы үйлерді бұзу жөніндегі қанатқақты жоба да сәтімен қолға алынды.

2020 жылға дейін аталған бағдарлама аясында 680 мың шаршы метр немесе 12 мың пәтер тапсыру көзделуде.

Жоспар бойынша 2017 жылға дейін бұзылатын 228 апатты жағдайдағы үйдің орнына жаңа тұрғын үй кешендері мен басқа да нысандар салынады.

Сағи ОРАЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button