Қала тіршілігі

ҚАЛА БЮДЖЕТІ НАҚТЫЛАНДЫ

IMG_6993

Елорда әкімі И.Тасмағамбетовтың қатысуымен өткен қалалық мәслихаттың кезекті жиырма сегізінші сессиясында Астана қаласының 2014-2016 жылдарға арналған бюджетінің жобасы нақтыланды.

Қалалық Экономика және бюд­жет­­тік жоспарлау басқармасының басшысы Жанат Нұрпейісов Астана қа­ласы бюджетінің бес жылдық кезе­ңіне арналған әлеуметтік-эконо­микалық даму болжамы «Қазақстан Республи­касының бюджет туралы» кодексіне сәйкес әзірленіп, дайын­далғанын айта келе, оның жобасын депутаттардың назарына ұсынды. Осыған орай, 2014 жылы елорданың энергокешенін қайта құру және кеңейту үшін республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржы бөлінетін болды.

IMG_7003

– ЖЭО-1, ЖЭО-2 кеңейтіліп, қайта құрылады, сонымен қатар, қол­даныстағы жылу энергия желілері қалпына келтіріледі. Аталған жұмыс­тардың нәтижесінде алдағы жылы электр қуатының көлемі жылына 120 МВт және жылу қуаттылығы 160 Гкал болады деп көзделген. Электр желілерінің өткізу қабілеттілігі 500-ден 1200 МВт, жылу магистраліндегі жылу 1179-дан 2702 Гкалға дейін артады. Бұдан басқа, тозған магис­тральдық желілердің көлемі 15 пайызға азаяды, – деді Ж.Нұрпейісов.

Сонымен бірге, елордада 2014-2016 жылдары желілік парк салу жоспарланып отыр. Желілік парктерді жаяу жүргіншілер, велосипед, қыста шаңғы, салт атты серуен жолдары, спорттық сауықтыру мақсатында жүгіру үшін су қоймалары мен ағын сулардың жанында жасаған жөн. Желілік парктердің ерекшелігі – ені 50 метрден 100-200 м дейін, яғни, өте аз және ұзындығы 1-10 шақырымға дейін болады.

Елорда халқын мәдени демалыс орындарымен қамтамасыз ету мақсатында «Абу-Даби Плаза» бірегей кешенінің және «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу алаңының жанында желілік парк салу көзделіп отыр. Басқарма басшысының айтуынша, аталмыш парк 11,3373 га жерге орна­ласпақ, сонымен бірге 75,5 мың шаршы метр жер көгалдандырылады. Бұдан басқа, 2014-2016 жылдары Есіл өзе­нінің бойындағы парктің құрылысы аяқталып, қалалық паркті жөндеу-жаңғырту жұмыстары жалғасады.

Білім беру саласына келсек, алдағы жылы 9 мектептің құрылысын аяқтауға және 4 мектеп салуға қаржы бөлінеді. Сонымен қатар, 3 балабақшаның құ­рылысы жалғасады, тағы да 3 бала­бақ­шаны салу қолға алынады, 8 мектепке дейінгі нысан пайдалануға беріледі. Әр­қайсысы 800 орындық құрылыс, байланыс және энергетика мамандарын даяр­лайтын 2 кәсіби техникалық лицейдің құрылысы келесі жылы басталады. Сондай-ақ, келер жылы қаламыздағы бастауыш сынып оқушыларының 50 мыңға жуығы тегін тамақтандырылады.

Денсаулық сақтау саласы бойынша сол жағалауда амбулаторлық-емханалық кешен, Өндіріс елді ме­кенінде және Досмұхамедұлы көше­сінің бойында әрқайсысы 150 адамды қабылдауға арналған 2 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы ашылады деп жос­парлануда. Туберкулезге қарсы дис­пансердің құрылысы да жалғасады.

Басқарма басшысының айтуынша, Астана қаласының 2014-2016 жылдарға арналған жалпы бюджеті – 772,8 млрд теңге. Оның ішінде: 2014 жылға – 313,9  млрд теңге, 2015 жылға – 240,5 млрд теңге және 2016 жылға – 218,3 млрд теңге бөлінді. Жалпы, алдағы үш жылға белгіленген қала бюджеті тұрғындардың тұрмыс ахуалын жақсартуға бағытталған.

Сессия барысында Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алма Алтыбаева Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің күніне Қазақстанда 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың ішінен саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарға 20 мың теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсету үшін қаржы бөлінгенін жеткізді.

Сонымен бірге қала мәслихатының 2014 жылға арналған жұмыс жос­пары бекітіліп, кезекті сессияның қарауына енгізілген негізгі мәселелер мен келесі сессияның төрағасын белгілеу жөнінде келісілді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button