Басты ақпаратЕлорда тынысы

Қала көркі – көшелер мен көпірлер

Өркениеттің бір өлшемі – сапалы жол, сәнді көпір. Ел орталығы – Астанада 868 шақырымды құрайтын 1129 көше және 17 көлік және жаяу жүргінші өткізетін көпір бар. Әрбір көше мен көпірдің көлікті өткізу қабілеті әртүрлі, сәулеттік-дизайндық жобасы да әртүрлі.

КЕПТЕЛІС ҚАЛАЙ КЕМИДІ?

Расында жол пен көпір тасымал қызметін атқаратын автокөлік пен қоғамдық көлікті бір жерден екіншісіне қауіпсіз жетуде керек. Астанада жыл өткен сайын адам санымен бірге, автокөлік артып, көшелерді кеңейту, көпірлерді күтіп ұстау және жаңа көпірлерді салуды тездетуді міндеттейді. Мәселен, 2019 жылы 264 мың елордада автокөлік болса, 2023 жылы мамыр айында 420 мыңға жетті. Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметі осындай.

Егер іргелес ауылдар мен аудан­дардан келіп жұмыс істейтін мыңдаған адамды және қонақ ретінде келіп-кететін жүздеген жүргізушіні қоссаңыз, бас қалада күнделікті 700-800 мың автокөлік көшелерде қатынайды. Ал қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы көшелердің көлікті өткізу қабілеті әртүрлі екенін, көлік кептелісін азайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын дәйектеді.

– Көлік кептелісін шешудің бір тәсілі – интеллектуалды көлік жүйесі. Бұған көлік қозғалысының жылдамдығы мен қозғалыс динамикасының статистикасы жүргізетін бағдаршам кіреді. Бұл бағдаршамдар көлік ағымына сай бейімделіп отырады. Мұндай интеллектуалды көлік жүйесімен қамту бағдаршамы елорданың жалпы бағдаршамының 41 пайызын құрайды, – дейді басқарманың бөлім басшысы Тұрсынғали Жәкенов.

Астанаға «ақылды» қаланың нышандары еніп, тұрғындарға жайлылық тудырғанын құптаймыз. Алайда Smart city үдерісі бағдаршам жүйесінен бөлек, орталық көшелер мен даңғылдарды кеңейтіп, тұрғындарды жолдан қауіпсіз өткізетін жоласты және жолүсті өткелдерін жүргізу маңызды. Опера және балет теат­ры алдындағы жерасты өткелі, «Шапағат» коммуналдық базары маңындағы Бөгенбай батыр көшесінің астынан өтетін жоласты өткелі, А.Бараев көшесінің бас жағындағы жолүсті өткеліндей нысандарды көбейту керек-ақ. Әзірге бұл бағыттағы жұмыстар жол жолағын тарылту есебінен атқарылуда. Бұл туралы полиция полковнигі Нұрлан Уваев былай дейді:

«Көлік ағымы жоғары үш учаске – Мәңгілік ел, Ұлы дала, Сарайшық бойында кептеліс уақытында «жасыл толқын» іске қосылады. 246 учаскеде қиылыс алдында тоқтаусыз оңға бұрылуға мүмкіндік бар. Бас қаланың басты көшелерінде жолақты тарылту есебінен қозғалыс жолағының саны артты. Мәселен, Сарайшық көшесі 9-ға, Тұран мен Мәңгілік ел даңғылы 7-ге, Қабанбай батыр даңғылы 5-ке дейін жолақ саны көбейді. Елорданың орталық көшелерінде жүк көлігінің қозғалысына шектеу қойылды».

default

«Жақсы жолдың ұзыны жақсы, Жаман жолдың қысқасы жақсы» дегендей, көше ұзын әрі сапалы болса, жолаушыларға ыңғайлы әрі қауіпсіз болады. Елдегі ең ұзын көше Жетісу облысында орналасқаны белгілі. Дінмұхамед ­Қонаевтың атымен аталатын көшенің ұзындығы – 32 шақырым. Бұл – Талдықорған қаласының іргесінде орналасқан Текеліде. Бір қызығы, 35 мыңға жуық тұрғынның бәрі бір көшенің бойында тұрады. Астанада 30 шақырымға созылған көше болмаса да, салыс­тырмалы түрде ұзын даңғылдар да, қысқа көшелер де кездеседі. Мәселен, Қараөткел көпірінен Халықаралық аэропортқа дейін созылып жатқан Қабанбай батыр даңғылының ұзындығы – 16 шақырым. Бұл – бас қаладағы ең ұзын көше. Ал қаланың ең қысқа көшесі – Александр Радищев көшесі. Жәнібек Тархан және Петр Морозов көшесін жалғайтын көшенің ұзындығы 101 метрді құрайды.

Көшелер мен даңғылдардың 92 пайыздан астамы Қазақстанның тарихи тұлғалар мен орындарымен аталады, бұл – еліміздегі ең жақсы көрсеткіштің бірі. Қазақ хандығын құрған хан-сұлтандар мен елдікті қорғаған батырларды, алаш қайраткерлері мен оқу-ағарту және руханият саласының ірі өкілдерінің есімімен көшелер аталады. Атап айтқанда, Керей мен Жәнібек хандар, Алпамыс батыр, Қобыланды батыр, Бөгенбай батыр, Ақтамберді және Үмбетей жырау, Ақан сері, Біржан сал, Сара ақын, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы және тағы басқасы табуға болады. Жер-су, көне қаланың атауына сәйкес келетін Сығанақ, Сауран, Түркістан, Баянауыл, Бозарал, Жидебай көшесі бар. Яғни Астана ономастикалық атаулары елдің саяси орталығын дәйектеп тұр.

ҚЫЗЫЛ СУ ДА КӨПІРСІЗ БОЛМАЙДЫ

Аталы сөздің астары арық болса да, одан өту үшін көпір керек дегенге саяды. Ал Есіл – арық емес, үлкен өзен. Өзеннің арғы бетінен бергі жағына қауіпсіз өту үшін сән-салтанаты келіскен, кең де іргелі көпір керек. Елордада жаяу жүргіншілер және автокөлік өткізетін көпірлер көп.

Жол уақытын қысқартуға көмектесетін құрылымның бірі – көпір десек, адамзаттың ойлап тапқан ең ежелгі құралы бүгінде эстетикалық сипатқа ие болып, инженерлік сәулет өнерінің нышанына айналды. Гиннестің рекордтар кітабына енген ең ұзын көше 164 шақырымды құрайды. 2011 жылы пайдалануға берілген Даньян-Куньшан көпірі Пекин-Шанхай бағытындағы жоғары жылдамдықты пойыз қозғалысына қызмет етеді. Бұдан бөлек, әлемде биіктігі мен ені жөнінде жарысатын көпірлер бар. Астанадағы көпірлер Есіл және оның салаларынан көлікті өткізетін болғандықтан, ұзындығы, биіктігі, ені жағынан мақтана алмайды. Дегенмен өзіндік сәулет және құрылыс идеясымен ерекшеленеді. Жалпы елордада көпірлердің екі түрі бар: арқанды және эстакадалы көпірлер.

Есілге қойылған алғашқы көпірдің бірі – «Қараөткел» көпірі. Ақмола астана мәртебесін алғаннан кейін автокөлік тасқынын өткізуде қиындық туып, 2008 жылы көпір қайта жаңартылды. Қазір алты жолаққа айналған көпірдің ұзындығы – 180, ені – 50, биіктігі – 60 метр. Бұл көпірден күніне шамамен 30 мыңға жуық көлік өтеді.

Астанадағы іргелі көпірге «Арқар» көпірін жатқызуға болады. 8 жолақтан және екі жақтан жаяу жүргіншілер жолынан тұратын көпірдің жалпы ұзындығы – 892,1 метр. Сарайшық көшесінің сол және оң жақ бөлігін жалғайтын көпірдің жанында Ақорда, Жоғарғы сот, Парламент ғимараты, Президенттік және Триатлон паркі орналасқан. Бұл көпірдің астындағы арт-кеңістік, арт-инсталляциялар, гүлзар және жаяу жүргінші және велосипед жолы, баскетбол алаңы табуға болады.

Елорданың басты даңғылдарының бірі – Сарыарқа мен Тұранды жалғайтын «Тұлпар» көпірі автомобильдер мен жаяу жүргіншілердің еркін жүріп-тұруына арналған. Ұлттық ою-өрнектерімен безендірілген, оған асыл тастарды имитациялайтын түрлі-түсті шыны кесектері салынған. Көпірдің бүкіл ұзындығы бойында орналасқан жарық диодтары күннің уақытына байланысты түсін өзгертіп отырады.

Ақбұлақ өзені арқылы өтетін «Беласар», Есіл өзеніндегі ­«Марал», «Арыс» автожол көпірі қала көпірлеріне түсетін көліктік жүктемені азайтты.

Тәуелсіздік даңғылынан өтетін автомобиль көпірі қазан айында ашылды. Бұл көпір көлік қозғалысын едәуір жылдамдатып, Тәуелсіздік даңғылы, «Нұрлы жол» теміржол вокзалы аумағын, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Әзірет Сұлтан мешіті, Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелері, Момышұлы даңғылы және сол жағалау арасында қосымша байланысты қамтамасыз етті. Бастысы, Мәңгілік ел даңғылындағы көлік ағымын төмендеуіне оң әсер етті. Шынында, Мәңгілік елдегі көлік нөпірін азайтуда бұл көпірдің әсері байқалады.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдегендей, Есіл өзенінің оң және сол жағалауындағы Кенесары мен Қорғалжын көшесін байланыстыратын жаңа көпір салынады. Қазір жобалау жұмысы жүргізілуде.

ЖАҚСЫ ЖОЛ – ЕЛГЕ ЖОРА

Жыл басында Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, елордада жаяу жүргіншілер жолына маңыз беру керектігін ескерткен еді. Тапсырма орындалуымен құнды.

Академик Қ.Сәтбаев қаладағы ұзын көшенің бірі. Осы көшенің Қажымұқан мен Петров аралығындағы 3,5 шақырым жаяу жүргіншілер жолы жаңартылды. «Амман» және «Абылай хан» көпірлерінің астында жаяу жүргіншілер өткелі салынды. Олар Ақбұлақ өзенінің бойындағы саябақ кластерін біріктіреді. Орталық жағалаудағы тарихи көшелер жаңарып, «Журналистер аллеясы», Салтанат қақпасының жанындағы гүлзар, Ш.Уәлиханов көшесіндегі Кравцов көшесінен С.Сейфуллин көшесіне дейінгі жаяу жүргіншілер кеңістігі және тағы басқасы жандана түсті.

– Бұрын көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің құрылысы қарастырылған 9 орынға гүлзарлар мен қоғамдық кеңістіктер салынатын болады. Мәселен, Айтматов-Сығанақ көшелерінің қиылысындағы учаскеде 12 қабатты көпфункционалды кешеннің орнына гүлзар салынды, Р.Бағланова көшесі мен Тұран даңғылының қиылысында жеке құрылыс салушы тұрғын үй кешенін салуды жоспарлаған. Нәтижесінде бұл учаскеде инвестормен бірге қоғамдық кеңістік салынды. Күмісбеков көшесі, 7/1 мекенжайындағы ескі гараждардың орнына қала тұрғындары үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз орын жасалды. Аумағы абаттандырылып, ағаш отырғызылды. Көктөбе, 5 мекенжайында бос жердің орнына спорт-ойын аймағы құрылды, – деді қала әкімі Ж.Қасымбек.

Астана қаласындағы «Серуен», «Атырау көпірі» Есіл өзенінен жаяу жүргіншілерді қауіпсіз өткізуге арналып салынды. Яғни бас қалада автокөлік пен жаяу жүргіншілерге арналған көшелер мен көпірлер бар. Дегенмен, халық санының артуына байланысты көшелерді кеңейтіп, жаңа көпірлер салуды тездету маңызды. Бұл бағыттағы бастамалар байыпты атқарыла беретініне сенеміз.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button