Қала мен Сала

ҚАЛА КӨРКІ – КӨПІРЛЕР

Әлемде өзен жағалай қонған қалалар саны жеткілікті. Біле білсек, ең сұлу қалалар өзендердің бойында орналасқан. Нева, Мәскеу, Сена мен Темзадағы шаһарлар соның дәлелі. Осы орайда өзіміздің елімізде де өзен жағалай қоныстанған қалалар бар. Жайықтың жағасындағы Атырау,
Сырдарияны жағалай қонған Қызылорда, Тобылға табан тіреген Қостанай, Ертістің бойындағы Семей мен Кереку сол тізімге енеді.

IMG_6226

Еуразияның кіндігінде ор­на­ласқан елордамыз Аста­наның да көз тартар көрікті нысандары – қала көпірлері. Шаһарды екіге бөліп жатқан Есіл өзенінің қос жағалауын жалғастырған бірнеше көпір бар. Әр көпір өзіндік, қайталанбас архитек­турасымен ерекшеленеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын қала көпірлері жаңартылып, қауіпсіздігін арттырған болатын. Содан бері сәні келіскен «Сарыарқа», «Тұлпар», «Марал» көпірлерінің көркі өзгеріп сала берді. Олардың сәулеті мен мүсіндік сипаты қазақ хал­қының және көшпенділер өр­кениетінің бай тарихи-мәдени мұрасынан таңдап алыныпты. Оны жасаушылар скифтердің зергерлік өнерінің бірегей әр алуандылығын көрсетіп, елор­дамыздың Сарыарқада – «Алтын далада» орналасқанын бел­гілеген екен. Көпірдің қос жақ­тауы скиф дәуіріндегі қол­данбалы өнер туындыларына ұқсатып жасалып, ерекше үйле­сімін тапқан. Оның беті мүсіндік тормен өрнектеліп, алтын түске боялған. Жақтау қоршаулары киіктің басы бейнеленген шамдармен безендірілген. Мұның бәрі жаңадан бой көтерген елордасын ежелгі тарихпен байланыстырып тұрғандай.

Бас шаһарымызды екіге бөліп жатқан Есілдің көпірлеріне шолу жасалық. Ол Сарыарқа мен Тұран даңғылдарын қосатын, Есіл өзені арқылы өтетін автожол көпірі – «Тұлпар». А.Бараев көшесі мен Қабанбай батыр даңғылын қосатын, Есіл өзені арқылы өтетін автожол көпірі – «Қараөткел». Желтоқсан көшесін қалалық саябақпен қосатын, Есіл өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі – «Серуен», Сарайшық көшесі бойындағы Есіл өзені арқылы өтетін автожол көпірі – «Арқар», Орынбор көшесі бойындағы Есіл өзені арқылы өтетін автожол көпірі – «Марал», Сығанақ көшесі бойындағы Есіл өзені арқылы өтетін автожол көпірі – «Арыс», Ақбұлақ өзені арқылы өтетін автожол көпірі – «Беласар» деп аталады.

Есілдің әсем көпірлері туралы айтатын әңгіме көп. Бірде Орталық демалыс бағымен байланыстыратын «Серуенмен» өтіп бара жатып, жақтауына ілінген құлыпты көріп қалдым. «Сынықтан өзгенің бәрі жұ­ғады» деген рас-ау. Көпірге құлып салып, кілтін өзенге лақ­тыру Еуропада орын алғанын естіге­нім бар еді. Дәлірек айтсақ, жас жұбайлардың бұл әдеті қала мэрлерінің бас ауруына айналғалы қашан. «Махаббат кілтінің» кесірінен Парижде бір көпір құлап, ортасына түскен болатын. «Серуеннің» жақ­тауындағы құлыпты көріп, егер махабаттарын мәңгілік еткісі келсе, жас жұбайлар көпірді емес, екі елі ауызы мен қызыл тіліне сақ болғаны маңыздырақ-ау деп ойладым. Бұл, әрине, менің ойым. Көпірге ілетін «махаббат кілті» деген не, оны ойлап тапқан кім? Бұл дәстүр Флоренциядан жеткен. Онда серттескен жас жігіттер мен қыздар атақты Понте Веккьо көпіріндегі Бенвенуто Челлинидің ескерткішіне құлып іле бастапты. Ал Римде бұл дәстүрді Федерико Моччианың романдары арқылы біледі. Ал­ғашқы кезде жастар құлыпты фонарларға іле бастаса, кейіннен орын жетпегендіктен, көпірдің қос жақтауы іске асады. Бұл іске жастардың құлшына кіріскені соншалықты, Флоренцияда жылына бір көпірден ғана 400 кг темір жинап тұрады екен.

ERM_4645

Естеріңізде болса, 2006 жылы елордамызда құрыш тросстардан аспалы сәулеті бар сәнді көпір ашылды. Оның Қараөткел аталуының да себебі бар. Бір кез­дері ұзақ жол жүріп келе жат­қан керуен өзеннің жағасына тоқтап, тыныстап алады екен. Сарыарқаны жайлаған халық Қараөткелдің тайыздау жерімен жылқы айдап өтіп, жазда жай­лауға, қыста қыстауға көшіп-қонып жүрген. Өзеннің осы тұстағы өзен арнасының қара түсті құмына байланыстырып Қараөткел пайда болған деседі.

«Арқар» көпірі Астананың дәл кіндігіне салынған десе болады. Көпір үстінен көз салсаңыз, Президент резиденциясы «Ақ Орда» қол созымдай жерде тұр­ғандай көрінеді, келесі шетінде құлап жатқан құмыраның бүйірін көресіз. Бұл – «Астана Мьюзик Холл» залы. Бұрындары шартты түрде «М1» деп аталатын, қазір мүйізі қарағайдай Арқардың аты берілді. Екі аркалы, жуан тостармен бекітіліп салынған көпірдің үстінде екі бағытқа ағылып жатқан төрт жолақ жолы мен оның шетінде жолаушыларға арналған сүрлеуі де бар.

Көпірлердің көркін түнде де тамашалаңыз. Түнгі жарық көпірдің қос жақтауындағы өр­некті түрлендіріп тұрса, енді бірінде мың құбылған түсі көзді баурайды. Олардың кейбірі жыл мезгілі мен мереке күндеріне де арналып, самаладай жарық, жүз құбылады.

Көпірлерді жаяу аралап өткен адамның ойына көп нәрсе түсе­тіні анық. Жағалай қармақ салып, суға үңілгендер де көзге жиі тү­седі. Бұл қысы-жазы өзгер­мей­­тін Есілдің бір көрінісі. «Тамаша жексенбі күн көл басында, тұнықтан балық аулап бала отырса» деген ән еріксіз еске түседі. Осы жолдарды тасқа қашап, балық аулап отырған баланың мүсінін неге Есілдің бір жағасына орнатпасқа деп ойладым. Сіз қалай ойлайсыз?
Айтқандай, осыдан бірнеше ай бұрын Сена өзені тасып, па­риждіктердің екі аяғын бір етікке тыққаны есіңізде бар ма? Сонда көпірдің астына орнатылған Зуавтың ескерткішіне үңіліп, «су Зуавтың балтырынан асты», «Зуавтың беліне келді» деген хабар жетіп жатты. Бұл Франциядағы Сена өзеніндегі Альма көпірінің тірегі әрі судың асып-тасығанының көрсеткіші қызметін атқарып тұр. Өткен ғасырдың басында тасқында су 8,62 метрге көтеріліп, осы Зуавтың құлағынан келіпті.

Дәл осындай болмаса да, тау көтерген Толағайдың мүсінін екі көпірдің бірінің астына орнатса ғой. Көпірлердің аспалы бейнесі тауды елестетіп-ақ тұр. Тек Толағайды сомдау қалды. Сонда қала тұрғындары мен қонақтарының Есілдің суы­ның деңгейін анықтайтын көр­сеткішіне айналдырып, бір туристік нысан ашылар еді. Мұндай көрсеткіштер көп­те­ген өзендердің жаға­ла­уын­да орнатылған. Сөйтіп өзен ар­насының деңгейін ескерт­кіштер мен арнайы сызық­тарға қарап анықтап жүр.

Бұл жай ойымыз ғой, дегенмен көрікті көпірлердің иесіндей болған тас мүсіндер сейіліміздің сәнін келтірер еді деп ойлаймыз.

Айгүл УАЙСОВА

 

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button