Шаһар шаруашылығы

Қала көркі – қоғамдық кеңістіктер

Соңғы жылдары елордада «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» тұжырымдамасы аясында қоғамдық кеңістіктер құру қарқынды жүргізіліп келеді. Осыған орай, биыл бас қалада 250 қоғамдық кеңістік, соның ішінде қараусыз қалған бос жерлер, аулалар мен скверлер абаттандырылады.

[smartslider3 slider=2754]

Бұл бағытта қаланың барлық аудандарында ауқымды жұмыс басталды. Эскиздік жобаларды әзірлеу үшін қалалық Урбанистика орталығы Алматы, Байқоңыр, Есіл және Сарыарқа аудандары әкімдіктерінің аппаратымен және аудан тұрғындарымен бірлесіп қоғамдық тыңдаулар өткізген болатын. Сондай-ақ үш ай бойы халықпен көшпелі жеке кездесулер өткізіліп, тұрғындардың өтініштеріне талдау жасалды. Бірінші кезекте қаланың ескі бөлігіндегі шағын аудандар жаңа аула алаңдарын орнатуды қажет етеді деген шешім қабылданды. Осыған орай, Алматы ауданының «Железнодорожный» және «Интернациональный» тұрғын алаптарында сквер салу жұмысы қолға алынды.

Жалпы биыл аталмыш ауданда 7 жаңа қоғамдық кеңістік пайда болады. Олардың арасында Бурабай көшесінен Еділ көшесіне дейін «Абылай хан» желекжолы, Р.Қошқарбаев даңғылы-Қордай көшесі қиылысындағы алаң, Абылай хан даңғылындағы аллея, «Встреча» сауда үйі алдындағы қоғамдық кеңістік пен «Жерұйық-2» саябағы бар.

«Құстар» саябағы ашылады

Нұр-Сұлтанда биыл жазда жаңа бағыттағы қоғамдық кеңістік ашылады. «Құстар» саябағы деп аталатын кеңістік Сарыарқа ауданының аумағында, қаланың тарихи бөлігіндегі Желтоқсан, Сейфуллин, Бейбітшілік және Омаров көшелерінің аралығында – №1 қалалық емхананың жанында орналасады. Қала тұрғындарының біраз бөлігі көгершіндерге жем беруді ұнататынын ескере отырып, жаңа саябаққа бірнеше құс ұясы орнатылмақ.

Елорданың Урбанистика орталығы жобалау кезінде жалпықалалық демалыс аймағын ашу ісіне басымдық берді: құстарға жем шашуға арналған орындар, сол сияқты кедергісі жоқ тыныш аймақ құру. Жаңа кеңістіктің кіреберіс тұстарын гирляндалармен безендіру жоспарланып отыр. Алаңның барлық аумағында әртүрлі мағына беретін шамдар орнатылады. Ал тротуарлардың бойына түрлі орындықтар қойылады. Сондай-ақ саябақтың ортасына гүлзары бар көлеңкелі шатырды орналастыру жоспарда бар. Қоғамдық кеңістіктің бос тұстарына ағаш отырғызылады.

«Жерұйық-2» саябағы

Нұр-Сұлтан қаласында Бауыр­жан Момышұлы мен Мұқан Төлебаев көшелерінің қиылысындағы «Жерұйық-2» саябағын абаттандыру жоспарлануда. Қазір бұл жер – иесіз саябақ. Тек ескі футбол алаңы бар. Абаттандыру жұмыстары осы аудан тұрғындарының өтініші бойынша жүргізіледі. Жоспар бойынша мұнда экологиялық таза материалдардан жасалған ойын алаңдары, волейбол және баскетбол алаңдары, жүгіруге арналған жолақтар, воркаут-аймақ, серуендеу инфрақұрылымы және демалыс аймақтары пайда болады.

Бұл маңда, балаларға арнал­ған эко-алаңнан бөлек, арқан жолдары мен төбешіктері бар «Бесік» түріндегі ойын кешенін жасау жоспарда бар. Сондай-ақ ағаштармен қоршалған арбалар, әткеншектер де орнатылады. Саябақты ағаштармен, көпжылдық бұталармен көгалдандыру да жоспарланып отыр.

Жобаның негізгі міндеті – аталған кеңістікті жандандыру және қала тұрғындарына жағдай жасау. «Бұл ретте тұрғындар өздерінің ауласына қандай өзгерістер қажет екенін өздері таңдайды. Ұсыныстарға байланысты жобалық шешім жасалып, идея жүзеге асырылады. Жобалау алдында елордалық урбанистер сауалнама жүргізіп, қала тұрғындарының ұсыныс­тарын жинайды. Нәтижесінде жаңа қоғамдық кеңістікті абаттандыру бойынша эскиздік ұсыныс жасалады» деді қалалық Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен.

Кездесу орны – «Встреча»

«Встреча» сауда үйінің жанындағы кеңістік ылғи тартымды орындардың бірі болып келеді. Бірақ Нұр-Сұлтан қаласындағы Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкеннің айтуынша, сауда үйінің алдындағы бір бұрыш соңғы уақытта көше базарына айналып барады. Сондықтан мұнда тәртіп орнату және бұрынғы атмосфераны қалпына келтіру туралы шешім қабылданды. Тұрғындардың ұсынысы негізінде түрлі тақырыптағы элементтер – су ішуге арналған арнайы автоматтар, ұялы байланыс теңгерімін толықтыру үшін аппарат бола алатын телефон будкасын орнату туралы шешім қабылданды.

Бұған дейін Алматы ауданы әкімдігі мен қалалық Урбанистика орталығының өкілдері жақын маңдағы үйлердің тұрғындарымен кездесулер өткізді. Кездесуде айтылған өтініштер арасында сауда нүктелерін дизайн-код бойынша ретке келтіру, серуендеу үшін қолайлы аймақтар, балалар ойын алаңдарын құру, аумақты көгалдандыру, жарықтандыру және т. б. болды. Қала тұрғындарымен өзара іс-қимыл нәтижесінде астаналық урбанистер учаскені абаттандыру тұжырымдамасын ұсынды. Бұл – бірлескен жұмыстың нәтижесі. Алдағы уақытта абаттандыруды бастау жоспарлануда. Жұмыс «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында жүргізіледі.

Абылай хан даңғылындағы аллея

Алматы ауданы тұрғындарына ыңғайлы болуы үшін Абылай хан даңғылы мен Манас көшесінің қиылысында жаңа қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланып отыр. Бұл жерде ішуге арналған суы бар арнайы автомат, ретро-телефон будкасы, жазғы кафетерий орнатылып, «Встреча» сауда үйі маңында өткен кезеңдерден сыр шертетін түрлі шағын сәулет нысандары бой көтеретін болады. Осыған орай, Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы жаңа тартымды орынның эскиздерін көрсетті.

Бұл аумақта көше саудасы көрініс тапқан, сол сияқты тұрақ алаңының ретсіздігі мен қатты шу жұртшылық үшін қолайсыздық тудырып отыр. Аумақтың абаттандырылмағаны және осы маңда жаяу жүргіншілерге арналған жолдың жоғы жергілікті тұрғындарға қолайсыздық келтіреді. Тұрғындардың жайлылығын қамтамасыз ету үшін гүлзардың қоршаулары мен қабырғалары жөнделмек. Сондай-ақ балалар ойын алаңын, көлеңкелі шатырлар, гүлзар орнату, коммерциялық павильондар ашу жоспарда бар. Абаттандыру жұмыстары барысында асфальт жабыны төселген тастарға ауыстырылмақ, тұрақ кеңістігін оңтайландыру, халықтың аз қозғалатын топтарына ыңғайлы болу үшін тротуар плиткаларын бір деңгейге келтіру жоспарлануда.

«Кездесу орны» идеясын гүл ұстаған қолшатыр астындағы ер адамның арт-мүсіні ашады. Оның айналасында демалуға арналған орындықтары мен үстелдері бар. Сонымен қатар көрсетілген аймақта ландштафт бұталары бар альпілік төбешік орнатылады. Сонымен қатар өтініштер бойынша бұл маңайда диагоналды жаяу жүргіншілер өткелі пайда болады. Оның артықшылығы – жаяу жүргіншілерге жолды бір уақытта әрі барлық бағытта, соның ішінде диагональ бойынша кесіп өтуге рұқсат етіледі.

«Елорданың бекітілген дизайн-кодына сәйкес, барлық сауда павильондары сәйкестендіріледі. Бұл маңдайшалар мен сыртқы жарнама объектілеріне де қатысты. Бизнес өкілдері хабардар және өзгертуге дайын. Тұрақ аймағын ретке келтіру жоспарлануда. Бұл – дизайн-кодтың үлгісі» деді Нұр-Сұлтан қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев.

Осы маңайды көгалдандыруға да айрықша көңіл бөлінеді. Бұл ретте Абылай хан даңғылының бойына сәнделген жарығы бар 100-ге жуық ағаш отырғызылады.

«Ұлытау» аллеясы ажарланады

«Ұлытау» аллеясы, сөз жоқ, қаладағы өте әдемі орындардың бірі. Дегенмен бұл жерді астананың бұдан да көрікті, тіпті туристер көбірек келетін мәдениет орнына айналдыру мақсатында қалалық урбанистер Есіл ауданы әкімдігімен және қала тұрғындарымен бірнеше рет қоғамдық талқылаулар өткізген болатын. Алдағы уақытта аллеяның маңынан жай адамдар ғана емес, мүмкіндігі шектеулі жандардың да жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалып, яғни кедергісіз орта қалыптас­тырылып, аллеяның орталығына Қозы Көрпеш-Баян сұлу және Қыз Жібек пен Төлегеннің қазақы нақыштағы оюлармен темірден иіліп өрілген, қозғалатын әрі жарық түсіріп тұратын мүсіні қойылады, олардың қолдары бір-бірімен түйіскенде, ортасындағы шам жанып, айналасындағыларға жылу мен махаббат сыйлайтындай әсер қалдыратын заманауи үлгідегі ашық силуэттер орнатылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ бұл маңда жәрмеңкелер алаңы жұмыс істеп, жартылай киіз үй іспеттес алаңға ұлттық қолөнер бұйымдары қойылады, жалпы аумаққа көлеңке беріп тұратын ағаш-талдар көптеп отырғызылып, осы маң толықтай жарықтандырылады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button