Басты ақпарат

Қала маңындағы демалыс неге қымбат?

Жаймашуақ жаз келді. Қысы ұзақ, жазы қысқа Арқа төсіндегі бас шаһардың тұрғындары үшін отбасымен табиғат аясында демалып, сергіп, серпіліп қайту – бір ғанибет. Елорда іргесінде демалыс орындары аз емес, олар қалаға жақындығымен, барып-қайтуға қолайлығымен тартымды. Әсіресе, демалысын қысқа мерзімге жоспарлаған тұрғындар үшін осыдан ыңғайлысы жоқ, жағажайда демалып, күнге қыздырынуға, көңіл көтеріп, сауық-­сайран құруға, балалармен бірге ойынның қызығына батып, балалық шаққа саяхат жасап қайтуға барлық жағдай жасалған.

[smartslider3 slider=3177]

Қаласаңыз, демалыс аймақтарындағы коттеджге, қонақ үйге немесе киіз үйге түнеп, түнгі Арқаның саумалдай аңқыған ақ самалымен сарайыңызды ашуға да болады. Алайда бас қала маңындағы «Бейбарыс», PrimeVill, Green Park, «Золотой фазан», «Балқарағай», «Чистые пруды» секілді жұртқа белгілі демалыс орындарында қызмет бағасын кез келген қала тұрғынының, әсіресе тапқан-таянғаны пәтерге төлеуден артылмайтын, көпбалалы, аз қамтылған отбасының қалтасы көтере бермейтінін ескерген жөн. Мысалы, ойын алаңдары, жазғы мейрамхана, күрке, балық аулауға арналған пирс, терраса, көлдің қасында орналасқан коттедж немесе күмбезді үйшіктер мен киіз үйлер, экзотикалық жануарлар өсірілген мини-саябақ және қылқан жапырақты орманда серуендеуге арналған соқпақтар бар, атпен серуендеу, бильярд, караоке, т. б. толып жатқан қыз­мет түрін ұсынатын «Золотой фазан» демалыс аймағында 6 адамға арналған ағаш үйді жалға алу құны демалыс күндері 150000 теңгеге дейін шарықтайды. Ал Жібек жолы ауылында орналасқан PrimeVill Astana демалыс орны депозит жүйесімен жұмыс істейді, кіру билетінің құны ересек адам үшін – 12000, балалар үшін – 7000 теңге, билет құнына қауіпсіз тұрақ, балық аулау, спорт және ойын алаңдары, арқан қалашығы, әткеншектер мен спорт жабдықтары, т. б. қызметтер кіреді. Қала іргесінен 20 шақырым қашықтықта орналасқан «Балқарағай» демалыс орны да елордалықтарға жақсы таныс. Мұнда бассейнге түсу ересектерге 10000 теңге болса, 4 пен 12 жас аралығындағы балаға – 5000 теңге, демалыс күндері – 7000 теңге, ал киіз үйді жалға алу ақысы 70000 теңгеге дейін жетеді. Айта кетер бір жайт, демалыс орындарының көпшілігінде ас-суды үйден дайындап алып баруға рұқсат етілмейді. Демек, қысқа мерзімді демалыс күндерін қысылып-қымтырылмай өткізгісі келген қала тұрғындарының алдын ала мұқият есеп жасап, жоспар құрғаны теріс болмайды.

Айтпақшы, ақшаңызды сыпырып алғанмен, сіз күткендей қызмет көрсетілмеуі де мүмкін, жуырда ғана қала маңындағы демалыс орындарының біріне қыдырып қайтқан қала тұрғыны Құнаш Дәуітбайұлы көрсетілген қызметтің сапасына көңілі толмағанын айтады.

«Қазақстанда туризм саласы кенжелеп қалған. Қытай, Түркия сияқты елдермен салыстырғанда, инфрақұрылымды айтпағанда, қызмет көрсетудің де сапасы төмен деңгейде, қызметшілер қыл аяғы тұтынушымен дұрыс­тап сөйлесуге де құлықсыз» деп ренішін білдірді ол.

Әрине, қала маңының қызығы мұнымен таусылмайды. Өткен жылы ғана құрылысы аяқтаған «жасыл» белдеу аумағындағы ат спорты кешенінің сыйлар әсері бір бөлек. «Туристік бағдар» деп аталатын, жалпы ұзындығы 13,2 шақырымға созылатын ат соқпағы қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды орындардың біріне айналып үлгерген. Нысан аумағында 5 демалыс аймағы, автотұрақ, модульдік әжетханалар бар. Бейнебақылау камераларымен жабдықталып, қауіпсіз демалыс үшін қажетті талаптар толық ескерілген. Бағасы да қолжетімді. Сағаты – 5000 теңге, жарты сағаты – 3000 теңге. Қаланың күйбең тірлігінен көңіл қажығанда, баба салтымен бір сәт атқа қонып, бой сергітіп, әруақтанып қайтқанға не жетсін?!

Қала маңының тағы бір қызығы – қармақ. Жаздың демалыс күндерін өз хоббиіне көбірек арнайтын жандардың бірі Ерлан Ниғыметоллаұлының айтуынша, елорда маңындағы су алқаптарын балықсыз елестету мүмкін емес. Іргедегі Есіл, Нұраны былай қойғанда, Ерейментаудағы Сілеті бойына дейін ат ізін салып, қармағын қандап қайтатын қала тұрғыны балықтың қызығын таңға дейін жырлауға бар.

«Қала маңындағы су айдындарынан шортан, аққайран, алабұға, тұқы алуға болады. Есіл мен Нұра бойында адам аяғымен тапталмаған шұрайлы қолат пен иіндер аз емес, баламен балық аулауға қызық әрі пайдалы» дейді ол. Дегенмен оны жұрттың кейде қауіпсіздік талаптарын ескере бермейтіні алаңдатады.

Сондай-ақ жаздың басты қызықтарының бірі суға шомылу дегенімізбен, тиісті статистика көңіл алаңдатарлық. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметіне жүгінсек, шомылу мезгілінде жыл сайын 1,5 мыңнан аса адам суға кетіп, оның 500-ге жуығы көз жұмады екен. Сондықтан бой жазуға барып, боз інгендей боздап қайт­пау үшін қауіпсіздік талабын қатаң сақтаған жөн.

Ерлан МАЗАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button