ЖаңалықтарҚала мен Сала

Елорда қысқа дайын ба?

Жаз мезгілі аяқталуға жақын. Сондықтан қалада жылыту маусымына дайындық басталып кетті. Жылумен қамтамасыз ететін қалалық штаб Астана қаласындағы қуат кешенін, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, мәдениет және денсаулық нысандарының жылыту маусымына дайындығын пысықтауда. Штабтың жоспары бекітіліп, соған сәйкес апта сайын штаб отырыстары өткізіліп келеді.

003

Қуат көздері

Астана қаласын жылумен ЖЭС-1, ЖЭС-2 және «Астана-Энергия» АҚ аудандық қазандықтары қамтамасыз етеді. Отын қорына тоқталатын болсақ, қалалық энергетика басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаевтың айтуынша, көмір – 132 876 тонна, мазут – 8 185 тоннаны құрайды. Жалпы, жылыту мезгілінің бас кезіне таман бекеттерде жиырма тәулікке жетерлік нормативтік отын қоры бар.
Оның ішінде ЖЭС-1 үлесі – 36 140, ЖЭС-2 – 185 420 тонна екен.
Басқарма басшысының мәліметіне сүйенсек, 2016 жылдың көмір тасу кестесі жасалып, әр айға бөлінген. Ал 2017 жылға көмір жеткізу туралы келісім осы жылдың аяғында жасалады. Айта кеткен жөн, қаламызға мазут жеткізу бойынша «Алма Мұнай Трейд» компаниясымен келісім жасалған. Жылыту мезгілінде мазутқа деген мұқтаждық (қазаннан сәуір айына дейін)
9 708 тоннаны құрайды.
Бүгінде «Астана-Энергия» АҚ негізгі және қосалқы құрал-саймандары бекітілген кестеге сәйкес жөндеу жұмыстарынан өткен.

Жылу және электр желілері

Елордалықтарды орталық жылумен қам­тамасыз етуде ЖЭС-1, ЖЭС-2 және аудандық қазандықтардың мүмкіндігі жоғары. «Астана-Теплотранзит» АҚ қызмет ететін жылыту желілерінің жалпы ұзындығы 583 шақырымды құрайды. Ал жылумен қамтамасыз ету жүйесіндегі сорғыш бекеттердің саны – 10. Кәсіпорын сәуір-қыркүйек айларында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Атап айтқанда, 1,15 шақырым тораптық желілер, 1,432 шақырым бөлу желілері жөнделген. Сонымен қатар, құбыр сыртын жылумен оқшаулауды қалпына келтіру жұмыстары да аяқталып қалған.
Бас қаладағы «Астана-РЭК» мекемесі жалпы ұзындығы 3631 шақырымды құрайтын электр желілеріне қызмет көрсетеді. Шағын бекеттер саны – 1 134.
«Астана-РЭК» кәсіпорыны да күрделі жөндеу бағдарламасы бойынша құрал-саймандарын сайлап қойған.

P.S. «Астана-Энергия» мекемесінің жылыту мезгіліне жалпы дайындығы – 88,0%, «Астана-Теплотранзит» – 62,7%, «Астана-РЭК» АҚ 65,9% құрайды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button