Қала тіршілігі

Қала сәні – саябақ

жер

Аракідік телеарналардан өркениетті елдердің жасыл желек көмкеріп, ақ қайың сыңсыған, мұнтаздай таза сая-лы бақтарын жиі көріп қаламыз. Әлгі жап-жасыл кілем төсегендей алаңда адамдар емін-еркін серуендеп жүреді. Бір түрлі қызыға қарап, еріксіз тамсанасыз. «Шіркін, бізде де осындай демалыс орындары көп болса ғой» деген ой да көкейімізде тұрады. Әйтеуір, жұмыр басты пенде болғасын өзгенікі өзгеше көрініп тұратыны анық. Байқасақ, бүгінде елордамызда да тоғайы сыбдыр қаққан бақтардың саны көбейген. Қала біртіндеп жасыл аймаққа айналып барады. Біз бұған бек қуанамыз.

Көкөрім көктем айы келгеннен бері саябақтарда серуендеп жүргендер саны молая түскен. Әсіресе, адам қарасы кешкі мезгілде жиілейді. Кішкентай балғындар түрлі-түсті ойыншық кө­лік­терімен ызғып жүрсе, үлкендер табиғаттың тылсым көрінісін тамашалап бара жатады. Алайда, сол жұртты күнделікті күйкі тіршіліктен арылтып, жан рахатын сезіндіретін саябақтардың бүгінгі хал-жағдайы қандай? Белгіленген талаптарға сай қызмет көрсетуде ме? Осы мәселенің анық-қанығын білу ниетімен, бас шаһардағы ел көп жиналатын саябақтарға барып, мән-жайды көзімізбен көріп, көңілге түйдік…

Жөндеу жұмыстары жүріп жатыр

Орталық саябақтың тарихы өткен ғасырдан басталады. Әрине, ол кезде облыс деңгейіндегі шағын ғана бақ болатын. Бүгінгі таңда аталған демалыс орнының аумағы да, ажар-көркі де мүлдем өзгерген. Соңғы үш жылдан бері мұнда реконструкция жүргізілуде. Алдағы жылы жөндеу жұмыстары толық тәмамдалмақ. Үш жыл ішінде бірқатар шаруа атқарылған. Алғашқы жылында саябақтың басты аллеясы мен мәдени шаралар өткiзетін алаңдар және жағажай аумағы жаңарған. Екіншісінде – орталық субұрқақ пен шаңғы-роллер жол, дене шынықтыру мен сауықтыру орындары жөнделген. Үшiншi кезеңде – аквапарк пен тоғанды қайта қалпына келтiру, ашық аттракциондар аймағын салу жобаланған. Осы аталған жұмыстардың барлығы өз бабымен іске асуда. Біз саябақты аралағанда анау айтқандай келеңсіз дүние көзге көрінбеді. Рас, әр жерде үйіліп жиналған қоқыс қал­дықтары кездесті. Бірақ оларды әп-сәтте айналаны тазалаушы жұмысшылар сиыр жалағандай сыпырып әкетті. Бір қынжыларлығы, көп жағдайда саябақта серуендеп жүргендердің өздері қажетіне жарағаннан кейін бос сусынның ыдыстары мен қағаз жұрнақтарын арнайы қоқыс жәшігіне емес, жол шетіне лақтырып кетеді екен. Әрине, бұл – әр адамның жеке мәдениетіне байланысты айтылатын дүние.
– Біздің орталық қаладағы ең үлкен саябақ саналады. Сондықтан да адамдар өте көп келеді. Тіпті, Астанаға ат басын бұрған шет жердің азаматтары да алдымен осында бас сұғады. Жыл сайын саябақтың көкжиегі кеңейіп, көркейіп келеді. Үш жылдан бері реконструкция жұмыстары жүргізілуде. Олардың барлығы кезең-кезеңмен іске асуда. Осы жұмыстарға тапсырыс беруші – елордалық Коммуналдық шаруашылық басқармасы. Мердігер – «Астана-Зеленстрой» акционерлік қоғамы. Биылғы маусым – 1 мамырда ашылды. Оған дейін демалыс аумағын тазалап, сырлап, жөнге келтіріп қоямыз. Жуырда аққуларды да суға жібердік. Олар біздің бақтың киелі құсы саналады. Балаларға арналған түрлі аттракциондар бар. Олардың қауіпсіздік техникасы да мұқият бақылауда. Әрине, ешқандай проблема жоқ деп айтуға болмайды. Толассыз жауған жаңбыр да ісімізге кедергі келтіруде. Ауа райының қолайсыздығына байланысты, гүл егу, көк өскін, кеспе тас төсеу жұмыстары саябырлап тұр. Бүгінгі таңда саябақ алаңында ашық бассейін салынып жатыр. Осы құрылыс жұмыстарының демалушыларға ептеп қолайсыздық тудыратынын түсінеміз. Бірақ, бұл үдерісті тоқтатуға болмайды. Сосын, тазалық шараларына аса мән береміз, – дейді Астана қалалық «Коммуналдық меншік қоры» МКК пайдалану бөлімінің басшысы Ирина Масленко.

Бүтінді бүлдірмес болар

Елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы – «Студенттер» саябағы 2005 жылы ашылған. Жастардың сүйікті орнына айналған мекен таңғы сағат 9:00-ден кешкі 22:00-ге дейін демалыссыз жұмыс істейді. Бұл жерде балаларға арналған екі үлкен алаңқай бар. Ондағы түрлі ойын құралдарымен балаңыз да, өзіңіз де алдана аласыз. Бой жазып жүрген жұртқа жайлы орындық та қойылған. «Мен бұл саябаққа жақын тұратындықтан, балаларымды ойнатуға жиі келемін. Оларға да саябақ қатты ұнайды. Әсіресе, ымырт жабылған, адам аяғы сиреген шақта бұл маңайға жасөспірімдер жиі келеді. Әлбетте, олар демалып, тыныш жүрсе жақсы ғой. Балаларға арналған алаңдар мен ойын құралдарын бүлдіріп, сындыруға дейін барады. Шекілдеуік шағып, ішкен-жегенін шашып-төгеді. Ең сорақысы сол, кейде үлкен дәретке отырып кетеді. Осы мәселеге тоқтам болса ғой…» дейді екі ұлын ойнатып жүрген Мұратжан Шынтаев есімді қала тұрғыны.
Осы саябақта балалар ойнайтын алаңға асфальт орнына, арнайы резеңке жабын төселген. Егер де ойын баласы жазатайым құлап қалса, қатты жарақат алмайды. Саябақ ішінде тәтті сусындар мен жеңіл тағамдар сатады. Бір сөзбен айтқанда, келімді-кетімді кісілердің бой жазуына бар мүмкіндік жасалған. Тек, бір мәселе ұмыт қалған. Маңайдан көзге дәретхана шалынбай, біраз әуре-сарсаңға түстік. Содан балалар алаңқайынан шығаберістегі бұрыш бағанында «Дәретхана» деген тақтайшаны көрдік. Бірақ, ол жерден де іздеген жоғымыз табылмады. Сол маңда отырған ойыншық сатушыдан сұраған едік, тосын жауапқа тап болдық: «Саябаққа келушілерге арналған дәретхана жоқ. Ара-тұра «Астана Зеленстрой» мамандары жұмыс істегенде биодәретханаларды қоятын. Алайда, оған бізді де, келушілерді де кіргізбейді. Сол себепті, «Қазақстан» спорт кешеніне баруға мәжбүрміз» деді. Бұл жағдай, әсіресе, саябаққа келушілерге қиындау тиетінін түйсініп қалдық.

«Жерұйықтың» жері кең…

Жуырда ғана генерал Панфиловтың еңселі ескерткіші бой көтерген «Жер­ұйық» саябағына қала жұртшылығы көп келеді. Өйткені, таңғы 6:00-ден түнгі 00:00-ге дейін оның есігі ашық. Ал түнгі он екіден кейін қақпаға қара құлып салынады. Мұнда кішкентай қонақтардың ойнауына да, тіпті, велосипед, ролик тебуге де жағдай жасалған. Біз бұл маңайдан тәртіп сақшысын да кездестірдік. Бақтың шет жағынан көгалдандыру қызметкерлерін де көрдік. Олар айналадағы арам шөптерді жұлып, ағаштарды суаруда. Саябақ ішін аралағанда әлі де болса асфальт төселмеген жерлер назарымызға ілікті. Ол жердің барлығы жаңбырдан кейін саз-балшыққа айналып кеткен. Елбасының 1999 жылы 12 қазанда отырғызған емен ағашы – бүгінгі таңда тамырын тереңге жайып, жапырағы жайқалып өскен. Әсіресе, саябақта түрлі жасыл желектерді көруге болады. Бәрі де бір тәртіппен егілген. Тазалығы да жылан жалағандай жалтырап тұр. Тек, жоғарыда айтып өткен жағдай осында да өзекті екен. Дәретхана бақтың бір шетінде орналасқан. Бірақ, ластығы мен қолқаны қабатын иісінен ішіне кіру түгілі, қасына бару мүмкін емес. Қалай дегенмен, аты дардай саябақтың қызметі затына лайық болғаны жөн ғой…

Сәулеті ерек субұрқақ

Бас қаламызда ғашық жандарға арналған романтикалық бақ бар екенін жастар жағы жақсы біледі. Ол – ерке Есілдің сол жағалауындағы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының ғимараты мен Сарыарқа даңғылы арасынан орын тепкен «Ғашықтар саябағы». Аталмыш орынды «USB Group» компаниясы жобалап, құрылысын «ҚазГерСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырған. «Ғашықтар саябағы» 2005 жылы Тәуелсіздік күніне орай ашылған.
Оның «Ғашықтар» деп аталуының өзіндік мәні бар. Екі жастың бір-біріне ынтығып тұрған суреті – «Бақытым менің» атты мүсіндік композицияға айналған. Саябақтың дәл ортасында сәулеттік сәні ерекше субұрқақ орналасқан. Суы таза, мөлдіреп тұр. Оны жиі тазалап, сүзгіден өткізіп тұратыны байқалады. Бақтың орталық алаңынан көлденең жатқан кесе шөп көрінбейді. Десе де, «Бәйтерек» монументіне апарар жақтағы негізгі үлкен баспалдақ пен одан әрірек көпірдің астында орналасқан субұрқақтарда әлі күнге дейін жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан болар, оның айналасына қоқыстар үйіліп қалған. Аталмыш бақтың адам ізі сирек түсетін шет жағына әдейі бардық. Алайда, сол арадан соншалықты әсерлілікті байқай алмадық. Біртүрлі, жұтаң, жүдеу көрінді…

P.S
Сонымен, шағын мақалада біз өз көзімізбен көрген жайларды ғана сөз еттік. Әрине, саябақтың таза, көркем болуы – қалалықтарға тікелей байланысты. Бастысы, өзіміз демалған жерде қоқыс тастамай, табиғатты аялап, қорғап жүрсек дейміз. Осы дүниені жазудағы мақсат та аталған олқылықтардың алдын алып, әрекет жасалса деген ой болатын. Ендеше, атсалысыңыз, ағайын!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button