Басты ақпарат

Қала тазалығына бәріміз жауаптымыз

Елордада 16 және 23 сәуірде өткен жалпықалалық сенбілікке 123 мың адам қатысты. Олардың арасында еріктілер, студенттер, мемлекеттік ұйымдар мен кәсіпорын өкілдері бар.

[smartslider3 slider=2796]

Сенбілікке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, «Бірге – таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аясында Ботаникалық бақта көшет отырғызды. Іс-шараға Президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, эко-волонтерлер, сондай-ақ ­Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері қатысты.

– Сенбілік – командалық рухты көтеретін шара. Бұл әріптестермен бірге айналаға басқа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Моральдық тұрғыда демалып, дене шынықтырумен айналысуға болады. Байқағаным, бүгін адамдар өте жақсы көңіл-күймен келіп, жұмысқа ынтамен кірісті, – деді ҚР Ұлттық экономика министрлігі ішкі әкімшілік департаменті директорының орынбасары Тілеубек Белгібердин.

Қаланың кейбір ұжымдары мұндай сенбілікке жыл сайын шығатынын атап өтті. ҚР Президенті Әкімшілігінің ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімінің меңгерушісі Ғани Тілеубеков 1998 жылдан бастап қалада 6 мыңнан астам ағаш отырғызғанын айтты.

– Биыл Президент Әкімшілігінің қызметкерлері дәстүрлі түрде сенбілікке шықты. Елорданы көгалдандыруға ұжыммен 1998 жылдан бері қатысып келеміз. Осы уақыт ішінде біз алты мыңнан астам ағаш отырғыздық. Қаламызды абаттандыруға үлес қосқанымызға қуаныштымын, – деді ҚР Президенті Әкімшілігі ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімінің меңгерушісі Ғани Тілеубеков.

Бұдан бөлек, сенбілікке Қазақ­стандағы аккредиттелген шетелдік дипломатиялық корпустың өкілдері және ҚР СІМ қызметкерлері қатысты. Олардың ішінде ТМД, Еуропа және Таяу Шығыс елдерінің 40-тан астам елшілері болды. Ботаникалық саябақта сенбілікке қатысушылар 50 түп көшетін отырғызды. Экологиялық акцияға Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының 160-тан астам қызметкері қатысты. Сенбілік кезінде олар Сыртқы істер министрлігі ғимаратының аумағы мен елорданың желілік саябағында қоқыс жинап, 30 көшет отырғызды.

– Көктемнің иісі ауадан сезіліп тұр. Сенбілік тұрғындардың өмірін жақсартады, денсаулықтары үшін де пайдалы. Ағаш егудің де өзіндік пайдасы бар. Сол үшін де мына көшеттерді денсаулық және үміттің белгісі деп атағым келеді, – деді Нидерланды елшісі Андре Карстенс.

Сенбілікке шыққандар Есіл ауданы бойынша Ботаникалық баққа, желілік саябаққа, Қ.Мұхамедханов, Триумфалды арка және Ақмешіт көшесіне 3500 көшет отырғызды.

– Сенбілікке ұжымымызбен бірге шықтым. Жалпы қаламыздың тазалығына біз жауаптымыз. Әрбір адам өз іс-әрекетімен пайдасын тигізе алады. Сенбілікте ұжымдық ауызбіршілік артып, патриоттық сезім күшейе түседі. Қаланың тазалығына өз үлесімді қосқаныма қуанып тұрмын, – деді қала тұрғыны Арман Диасов.

Зейнеткер Әлия Байшолақова да өзге тұрғындар секілді елорданы көркейтуге өз үлесін қосты.

– Қазір қаламыздағы барлық ауданда сенбілік өтіп жатыр. Ұзақ өмір сүру үшін қаламыздың тазалығының маңызы зор. Ал оның таза болуы тұрғындарға байланысты. Сол үшін де қаламыздың тұрғындарын сенбілікке қатысуға шақырамын, – деді зейнеткер.

«Бірге – таза Қазақстан» жалпыреспубликалық экологиялық акциясына ҚР Президентінің телерадиокешені және «Elorda aqparat» ұжымдары қатысып, ЭКСПО ауданында 200-ге жуық ағаш отырғызды.

Бас қаланың аумағын көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына елордадағы Алматы ауданының тұрғындары белсенді қатысты.

«Бірге таза Қазақстан» жалпықалалық экологиялық айлығы аясында өткен сенбілікке аудан бойынша 12000 адам және 823 кәсіпорын қатысып, аумақты көгалдандыру жұмыстарына барлығы 175 техника жұмылдырылды. Алматы ауданындағы саябақтар мен скверлерде 270 мың шаршы метр аумақ жиналып, ҚТҚ полигонына қоқыс шығарылды.

– Биыл Алматы ауданында 6 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Бүгінгі сенбілік барысында Қошқарбаев даңғылы, Аманжолов көшесі, Момышұлы даңғылы, Қазақ драма театры жанында, сондай-ақ Жүргенов көшесі мен орамішілік аумақтарда 2 мыңнан астам көшет егілді. Осы ретте ауданымызды абаттандыруға қосқан зор үлесі үшін сенбілікке қатысқандардың барлығына алғысымды білдіремін. Елорда – біздің ортақ үйіміз, ал оны жайлы әрі әдемі күйінде сақтау үшін таза ұстап, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауымыз керек, – деді Алматы ауданының әкімі Нұрбол Нұрсағатов.

Бұл жолы аталмыш ауданда ұйымдастырылған игі шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қызметкерлері, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының, қалалық мәдениет басқармасының өкілдерімен бірге экобелсенділер де белсене қатысты.

Қаланы көгалдандыру және санитарлық тазалау ісіне атсалысу үшін елордалық Алмат Саматұлы Әзірет Сұлтан меші­тінің жанына таңсәріден келгенін жасырмады.

«Айнала тап-таза. Көшелер көріктендіріліп, ағаштар отыр­ғызылып жатыр. Адамдардың көңіл-күйі секілді бүгінгі ауа райы да керемет болып тұр. Күн жадырап, пенделерінің тазалыққа мән беріп, айналаны көгалдандырып жатқанына жаратқан да риза секілді, шуағын молынан шашып тұр. Жалпы тазалық бар жерде береке қатар жүреді. Ал қоғамның тазалығы әрбір адамның өзінің жеке тазалығына мән беруінен басталады. Сондықтан осындай шаралар жиі ұйымдастырылып, айналамызды тек сенбілік кезінде ғана емес, күнде таза ұстауға ұмтылайық. Себебі тазалық – денсаулық кепілі, – деді А.Саматұлы.

Жалпы экологиялық айлық аясында Алматы ауданының аумағында осымен екінші рет жалпықалалық сенбілік өтті. Алдыңғы аптада болған жалпықалалық сенбілікке 17 мыңға жуық адам қатысып, жинау жұмыстарына 200-ден астам техника жұмылдырылса, қала аумағын санитарлық тазалауға 492 кәсіпорын, ұйым, мекеме ұжымдары шықты. Сол күні полигонға 1051,08 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылып, көмілді. Алда аудан бойынша әлі екі коммуналдық сенбілік ұйымдастырылады.

Бетті дайындағандар Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ, Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button