Елорда тынысы

Қала тіршілігінің өзекті мәселелерін қозғады

Қала әкімінің елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткізген брифингінде журналистер тарапынан бас қаланың ең өзекті мәселелеріне қатысты сұрақтар қойылды. 3 сағатқа созылған жиын барысында БАҚ өкілдері жүзе жуық сұрақтарына жауап алды.   

Фетих АЛТАЙМЕРКИТ, TuraNews.kz тілшісі:

– Мемлекеттік балабақшалар салу жұмыстары қайта қолға алынатынын айтқан едіңіз, жыл соңына дейін және келесі жылы қанша балабақша ашылады?

– Иә, расында ашық айту керек, қалада балабақша жетіспеушілігі бар. Халық әсіресе, мемлекеттік балабақшалардың іске қосылуын асыға күтуде. Әсіресе, халықтың ішінде әлеуметтік осал топтар соны сұрайды. 2017 жылдан бері қалада мемлекеттік балабақшалар салынбай кеткен еді. Биыл соны қайта қолға алдық. Жыл сайын балабақшалар көптеп салынып жатса да, солардың ішінде мемлекеттік балабақша жоқ. Биыл сондай 10 балабақшаның құрылысын бастадық. Таяуда соның үшеуін пайдалануға береміз. Оның біреуі – Пригородный тұрғын алабында, біреуі Әйтеке би көшесінде орналасқан. 2029 жылға дейін қалада 60 мемлекеттік балабақша салуды көздеп отырмыз. Орташа есеппен әр балабақша 200-300 балаға дейін қабылдайды.

Дәурен СЕЙТЖАНҰЛЫ, «Адал адам» тілшісі:

– Астананың инженерлік коммуникациясы, яғни жылумен, сумен қамту мәселесі жаңа дифференцияланған тарифтерге байланысты одан әрі қалай дамиды?

– Қала тұрғыны сапалы коммуналдық қызметтерге қол жеткізуі керек. Ол өз пәтерінде толық көлемде жылуға, ауызсуға, ыстық және суық суға қолы жетуі керек. Сондықтан тариф дифференциялауға ұшыраса да, ұшырамаса да қаладағы бұл қызметтер толық көлемде көрсетіледі.

Санат  ТОҚТАРОВ, «Деген екен» сайтының тілшісі:

– ЛРТ бойынша жүру билетінің құны қанша екені белгілі болды ма? Сондай-ақ көліктің бұл түрі субсидиялана ма?

– ЛРТ соңғы жылы өте қарқынды түрде салынуда. Бұл, әрине, Мемлекет басшысының қолдауының арқасы. Эстакада бойынша барлық жұмыстар дерлік аяқталды. Оның барлық инфрақұрылымы алдағы жазда толық дайын болады. Қазір рельс төсеу жұмыстары жүргізілуде. Көктемде сигнализация жұмыстары басталады. Алғашқы пойыздар келесі жылы тамыз айында жеткізіле бастайды. Күзде 15 құрам әкелінеді деп жоспарлануда. Іс жүзінде қозғалыс алдағы жылдың соңында ғана басталады. Ал толық ЛРТ жұмысы 2026 жылдың басында іске қосылады. Бастапқы жобалау бойынша тәулігіне 20 мың жолаушы мінеді деп болжанды, алайда қазір бұл ағын одан көбірек болатынын көріп отырмыз. Сондықтан оның билет құнының көлемі қайта есептеледі, дәл қазір сізге оны айта алмаймын. Бастысы, бұл қоғамдық көлік болғандықтан халықтың барлық санаттары төлей алатындай сомада қойғанды жөн көреміз. Сол себепті бағасы қолжетімді болады.

Бақытжан КӨПБАЕВ, Ақпараттық агенттік тілшісі:

– Қалада қоқыс полигоны мәселесі қалай шешілуде?

– Жалпы санкцияланбаған қоқыс полигондарының саны былтыр 700-ден астам еді. Бұл мәселелер қаладағы құрылыс­тың қарқынды жүргізілуіне байланысты туындап отыр. Қазір қалада 8,5 млн шаршы метр үй салынып жатыр. Сол құрылыстарды компаниялар заңды рұқсат етілген жерге апармай заңсыз қоқыс полигондарына тастап жатыр. Соған байланысты экология министрлігі, полиция және әкімдік жүйелі жұмыстар жүргізіп келеміз. Соның арқасында қазір космомониторинг нәтижесінде қоқыс полигондарының саны 200-ден аспайды. Демек бір жылдың ішінде 500 полигонды жойдық. Ендігі жоспар – алдағы көктемге дейін қалған полигондарды да құрту. Заңдарға да өзгеріс­тер енгізілуде. Соған сәйкес осындай заңсыз полигондар пайда болса төлейтін айыппұл да өзгереді, сонымен қатар құрылыс компанияларына да ерекше санкциялар қабылданатын болады. Құрылыс орындары да жабылады.

Әмір ХАЙДАРОВ, Мөлдір МОЛДАҒАЛИЕВА, 24 кз тілшілері:

– Көктемде көшелерде су толып кетеді, соны реттеу мүмкіндіктері бар ма?

– Баяндамамда айтып кеткендей, су басып қалатын учаскелер саны 5-6 жыл бұрын 200-ден асатын. Қазір осы бойынша проблемасы үлкен 4 учаске бар. Бұл мәселелер бойынша биыл күзде біраз жұмыс атқарылды. Қосымша сорғылар қойылып, стансалардың мүмкіндіктері арттырылды. Алдағы көктемде Тұран даңғылында және Мәңгілік ел қақпасының жанында су жиналмайды деп жоспарлап отырмыз. Бірақ қала өсіп, Мыңжылдық аллеясы пайда болуда. Сондықтан болашақта құрылысқа және қаладағы тұрғындар санына байланысты басқа да проблемалы учаскелер пайда болуы мүмкін. Ал былтыр болған қиындықтар жойылып, алдағы жылы ол болмайды деп сенеміз.

Нұрсұлтан ТІЛЕКТЕСОВ, «Қазақстан» ұлттық арнасының тілшісі:

– Осы брифинг алдында халық арасында сауалнама жүргізіп, Астанада қандай өзекті мәселе бар деп сұрағанда, олардың бәрінің айтқаны – қоғамдық көліктің жетіспеушілігі, олардың келу уақытының ұзақтығы, өз кес­тесінен ауытқуы туралы болды. Бұл мәселе неге туындап отыр?

– Жалпы қазір қалада 1500 автобус бар, баяндамада айт­қандай, соңғы 1,5 жыл ішінде 700-дей жаңа автобус алынып, пайдалануға берілді. Бұлар – қолданыстағы көліктердің 45 пайызы, яғни қазіргі парк сонша пайыз жаңарды. Келесі жылы қосымша 300 автобус сатып аламыз деп жоспарлап отырмыз. Біздің ойымызша, осы жаңадан алынған көліктер сіз айтқан мәселені шешуге септік етеді. Жалпы екі жыл бұрын болған проблеманы қазіргімен салыстыруға болмайды. Жалпы мәселені, толық шешу үшін бізге 2 мың автобус керек. Ал автобустың жүру бағасына келсек, 20 теңгеге көтерілді, жалпы біздегі 90 теңгелік баға 2012 жылы бекітіліпті, 12 жыл бойына өзгермеген, алайда көлік жүргізушілерінің жалақысы, жанармай бағасы, басқа да қызметтер бағасы өзгерді ғой. Негізі оны санасақ, жол жүру құны 300-ден асуы керек еді, бірақ біз соның үстіндегі 200 теңгені жергілікті бюджеттен субсидия бөлу арқылы әрбір жолаушы үшін төлеп жатырмыз.

Қаныбек БАҚЫТ, Janalyq.kz тілшісі:

– Қаладағы кептеліс мәселесі қалай шешілуде?

– Кептеліс деген – әрбір үлкен қаланың проблемасы. Елордада әдетте кептеліс қалада бір жағалаудан екінші жағалауға өтетін бағыттарда, көпірлерге баратын жолдарда болады. Әсіресе, таңғы сағат 7-9-дар шамасында, түсте және кешке сағат 18.00-ден бастап 21.00-ге дейін кептеліс пайда болады. Қазіргі таңда қалада 9 көпір бар. Сондықтан екі жағалауды біріктіретін көпірлер санын арттыру керек. Қазір сондай құрылыстар жобалануда. Соңғы 3-4 жылда Ұлы дала және Тәуелсіздік көпірлері іске қосылды. Бұл – Мәңгілік ел, Қабанбай батыр және Тұран даңғылдарындағы кептелісті белгілі бір деңгейде азайтып, түсетін жүктемені төмендетті. Бұл жұмыстар жалғасын табады. Қолданыстағы жолдар кеңейтіліп, ұзартылады, көпірлер саны артады. Сонымен қатар қоғамдық көліктер саны көбейтіліп, халықтың мейлінше автобустармен көбірек жүруіне жағдай жасалады. Бір жылдан кейін ЛРТ-ның да іске қосылуы осы кептелісті азайтуға септік етеді.

Сабина КӘКІМЖАН, Elordainfo.kz тілшісі:

– Елорда көшелерінің дизайн-коды бойынша жұмыс жүріп жатқанын білеміз. Бұл жоба қаланың сәулетіне қаншалықты әсер етеді?

– Астана – мемлекетіміздің келбеті. Сондықтан оның ерекше сәулеті, дизайн коды болуы керек. Сол бойынша былтыр негізгі құжаттар қабылданды және соған сай жұмыстар атқарылуда. Ол жұмыстар – сырттағы жарнама, абаттандыру, көгалдандыру, түнгі жарықтандыру. Мұның бәрін Астана халқы жақсы қабылдап жатыр. Құрылыс компаниялары да бұл туралы біледі, құрылыс соған сәйкес салынуда.

 Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button