Басты ақпарат

Қала тіршілігінің тірегі – кәсіпкер

2022 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша қаладағы белсенді кәсіпкерлер саны 175,5 мыңды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,3 пайызға артты. Олардың Нұр-Сұлтан қаласының ішкі өңірлік өніміне қосқан үлесі 5636,6 млрд теңгені немесе 66,9 пайызды құрады. Бұл – Қазақстанның барлық өңірі арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Елордалық кәсіпкерлер кеше «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауында өз өнімдерін ұсынды. Елімізде отандық өнімнің сапасын арттыруға және Қазақстан нарығын жоғары сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнімдермен толықтыруға бағытталған «Қазақстанның үздік тауарлары» байқауы жыл сайын өткізіліп келеді. Пандемияға байланысты екі жыл үзілістен кейін дәстүрлі шара биыл қайта ұйымдастырылып, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» номинация­лары бойынша таңдаулы кәсіпкерлер анықталды. Жеңімпаздар арнайы дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Елордада Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония ғимаратында өткен «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауының ашылу салтанатына Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

[smartslider3 slider=3450]

Бас қала басшысы көрме-байқауды ұйымдастырушыларға  алғысын айта отырып, бұл біздің кәсіпкерлерге өз өнімін көпшілікке таныстыруға мүмкіндік беретін жақсы алаң екенін атап өтті.

Дәстүрлі шараға елордалық 100-ге жуық кәсіпкер қатысты. Олардың барлығы да Қазақстан Республикасы аумағында өнеркәсіптік, азық-түлік тауарлары мен өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімдерді өндіруді жүзеге асыратын, өнім сапасының тұрақты жоғары деңгейін қамтамасыз ету және оны жүйелі жақсарту бойынша байқауды ұйымдастырушы растаған оң нәтижесі бар жеке кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар.

Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиевтің айтуынша, 2022 жылдың 1 мау­сымындағы жағдай бойынша қаладағы белсенді кәсіпкерлер саны 175,5 мыңды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,3 пайызға артты. Олардың Нұр-Сұлтан қаласының ішкі өңірлік өніміне қосқан үлесі 5636,6 млрд теңгені немесе 66,9 пайызды құрады. Бұл – Қазақстанның барлық өңірі арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

Бас қалада негізгі сала – саудадан басқа жеңіл және жиһаз өнеркәсібі дамып, парфюмерлік-косметикалық өнімдер, санитарлық-гигиеналық және медициналық бұйымдар, құбырлар, жарық диодты және металл пластик өнімдер, лифт, эскалаторлық және траволатор жабдықтар, жоғары вольтты жабдықтар өндіріліп жатыр. Бұл ретте Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасы елордада бизнес-ахуалды жақсарту, қалада іске асырылып жатқан жобаларда жергілікті қамту үлесін арттыру, шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары пакетін кеңейту бойынша ұсыныстар әзірлеу, әкімшілік кедергілерді жою бойынша тұрақты түрде жұмыс істеп келеді.

Астаналық компаниялар «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша үздік атануға барын салды. Әр номинацияда үш жеңімпаз анықталды. Осылайша «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында жиырма жылға жуық уақыттан бері дизайнерлік киім өндірумен айналысып келе жатқан «Абишев» жеке кәсіпкерлігі бірінші орынды жеңіп алды. Қайролла Зекенұлы басқаратын компания 2020 жылы «Алтын сапа» байқауының «Іскер» сыйлығының иегері атанған болатын, сондай-ақ «Алтын оймақ» киім дизайнерлері байқауының қатысушысы. Дизайнер жұмыстарының қоржынында танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің сахналық костюмдері де бар. Осы номинация бойынша екінші орында «Шенберг Галина» жеке кәсіпкерлігі иеленді. Бұл мекеме 2016 жылдан бері компания APOLI сауда маркасымен гипоаллергенді маталардан эко-ойыншықтарды тігеді. Ал үшінші орын «Big Dream Lab» ЖШС-ке тиесілі болды. Аталмыш компания полиграфия, білім беру, маркетинг, құрылыс, өндіріс және өнеркәсіпте озық технологияларды әзірлеу және енгізу ісімен айналысады. Нарықта 2019 жылдан бастап жұмыс істейді, штатында 22 адам еңбек етеді.

«Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында бірінші орынды «Жетi аспан» ЖШС жеңіп алды. Компания Galmart супермаркеттер желісінде аспаздық өнімдерді өндіреді. Нарықта 2010 жылдан бері жұмыс істейді, командасында 777 адам еңбек етеді. Екінші орынды тоғыз жыл ішінде Happy Cake кондитерлік дүкендер желісіне айналып үлгерген «Akmeshit cake company» ЖШС иеленсе, үшінші орын МАШАМ сауда белгісімен бесбармақ, көжелер, лағманға арналған жайма мен кеспелерді әзірлейтін «Кожахметов Н.Н.» жеке кәсіпкерлігіне бұйырды.

«Үздік өндірістік тауарлар» номинациясы бойынша да үш жеңімпаз анықталды. Олардың қатарында «Алкон+» фирмасы», «Центр Элит НС» ЖШС-пен бірге «LIDER» жеке кәсіпкерлігі болды. Байқау дипломанттары «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының эмблемасымен және дипломдарымен марапатталды. Бұл эмблема жарнамалық мақсатта төрт жыл бойы пайдалану құқығына ие.

Жеңімпаздар Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін республикалық «Қазақстанның үздік тауарлары» байқауына қатысуға жолдама алды. Сондай-ақ конкурс-жәрмеңкеге қатысушылар мен қонақтар бағалы сыйлық ұтыс ойынына қатысып, күнделікті тұрмысқа қажетті әртүрлі сыйлыққа ие болды.

Гүлбаршын Өкешқызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button