Сұхбат

ҚАЛА ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫН

otopitelny_sezon

Жадыраған жаз мезгілі де артта қалды. Астанаға сарыала күз келіп жеткелі бері күн райы күрт суытты. Бұл ретте қаланың қысқа дайындығы туралы Астана қаласы Тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Амандос Құсанов әңгімелейді.

– Қаламызда жылу беру маусымына дайындық қалай?

– Астанада алдағы жылу беру мау­сымына дайындық аяқталып келеді. Қазір қаладағы тұрғын үй­лердің 97 пайызы, нақтырақ айт­сақ орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 2115 тұрғын үйдің 2061-і қысқа дайын. Есеп беру жиналыстарында пәтер иелері жөн­деу жұмыстарының көлемін анық­тап, мақсатты қаражат жинау­ды ұйымдастырды. Осыған орай, қа­ла­ның көп қабатты үйлерінің шатыр­лары жөнделіп, жылумен қам­та­масыз ететін желілер ауыстырылды. Жылу алмастырғыштар, жалпы тұрғын үйлік жылу мен суды есеп­тейтін құрылғылар жаңартылды. Сумен жабдықтау, электр жүйесі жөнделді.

– Бұл істе қандайда бір қолбайлау бар ма?

– Басты мәселе – кейбір тұрғын­дардың ортақ мүлікті күтіп ұстауға немқұрайлы қарауы. Олардың арасында әлі де болса үйішілік инженерлік желілердің тех­никалық жағдайына жа­нашырлық танытпайтындар кездесіп қалады. Ортақ меншікке өзіміздікі деп қарауымыз керек қой.

– Қазіргі таңда бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Бүгінге дейін үйішілік 308 қон­дырғының 263-і орнатылып, су есеп­тейтін 230 құрылғының 227 ауыс­тырылған. Жалпы, Астананың үш ауданында да биылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Қысқа дайындық жұмыстары қаланың әлеуметтік нысандарында да жүргізілуде. Атап айтсақ, қазіргі кезде 137 білім мекемесінің 130-ы, орталық жылу беру жүйесіне қосылған 28 денсаулық мекемесінің барлығы және 92 мәдени нысан қысқа дайын.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button