ҚАЛАДА КӘСІБИ МАМАНДАР ТАПШЫ
Астана қаласы мәслихатының кезекті сессиясына дайындалу барысында дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Онда халықты жұмыспен қамту саласындағы іс-шаралардың тиімділігін арттырудағы өзекті мәселелер кеңінен сөз болды.
Қалалық мәслихаттың хатшысы Сансызбай Есіловтің төрағалығымен өткен алқалы жиынға «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары С.Ахметов, елордалық Кәсіподақтар кеңесінің төрағасы С.Мыңбаев және қалалық атқарушы органдардың басшылары, білім беру мекемелерінің, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, халық қалаулылары және жұмыс берушілер қатысты.
Алдымен Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Алма Алтыбаева сөз алды. Елбасы өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа арнаған жаңа Жолдауында әлеуметтік мәселелерге мейлінше көп көңіл бөлгенін, әлемдік тұрақсыздықтың басты қатері жұмыссыздықтың өсуі екенін ескере келе, басқарма бастығы елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік те, салалық та – барлық бағдарламалар, тек әлдебір бөліктері емес, барлығы нақты жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуі тиіс екенін тілге тиек етті. «Біздің басты мақсатымыз – әлеуметтік қауіпсіздік және азаматтарымыздың бақуаттығы. Бұл – қоғамдағы тұрақтылықтың ең жақсы кепілі. Осыған орай біз еңбекпен қамтамасыз ету және еңбек төлемі саясатын жаңғыртуға тиіспіз» деді А.Алтыбаева.
Оның айтуынша, жұмыссыз азаматтарды еңбек нарығына бейімдеу, қолдау және жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін арттыру мақсатында басқарма жұмыс iздеп хабарласқан азаматтарға жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғаудың белсендi шаралары, оның iшiнде лайықты жұмыс iздеуге жәрдемдесу, жұмыссыздарды кәсіптік даярлау және қайта даярлау, ақылы қоғамдық жұмыстарды, сондай-ақ жұмыспен қамту саласында әлеуметтік қорғаудың қосымша шараларын ұйымдастырып, оқудан бос уақыт кезінде оқитын жастарға ақылы қоғамдық жұмыстар, кәсіптік дипломнан кейінгі тәжірибе – «Жастар тәжірибесі» және халықтың нысаналы топтары үшін әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастырып келеді. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан игі істер де жұмыссыздар санын азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Жалпы, елордалық жұмыссыздардың дені әйелдер мен жастар екен.
Бүгінгі таңда жастардың жоғары білім алуға құлшынысы артуда. Олардың көбі экономист, заңгер болуға ниетті. Мәселен, өткен жылы Астанадағы жоғары және орта кәсіби білім беру орындарын тәмәмдаған 9 мыңнан астам студенттің 55 пайызы дәл осы мамандықтар бойынша білім алып шыққан. Бірақ, олардың барлығы бірдей жұмысқа орналасты деп айту қиын. Себебі, қалада кәсіби мамандар тапшы. Осыған орай, дөңгелек үстел барысында Астана қаласы кәсіподақтары кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев тұрғындарды еңбекпен қамтамасыз ету, еңбек қатынастарын реттеу, еңбекті қорғау, еңбек ететін адамға жағдай жасау, уақытында тиісті жалақысын беру қоғамды толғандырып жүрген мәселелер екенін ескертті. Бұл мәселеге Елбасының да барынша маңыз беріп отырғанын жеткізген ол статистикалық мәліметтер бойынша, 230 мың ғана халқы бар сонау Целиноград кезінде қаламызда 16 кәсіби-техникалық білім беру мекемесі болса, бүгінде халық санының еселеп өскеніне қарамастан, Астанада олардың саны екі есеге дейін азайғанын айтты. Маңызды мәселенің бірі – жастардың жұмыспен қамтылуы екенін тілге тиек еткен С.Мыңбаев қазіргі кезде көп жастар тәжірибенің болмауынан жұмысқа орналаса алмай жүргенін жеткізді.
Жұмыссыздық мәселесі мүмкіндігі шектеулі азаматтарды да алаңдатуда. Астанада 17 мыңға жуық мүгедек болса, олардың тек 6 пайызы ғана жұмыспен қамтылған. Бұл ретте Қазақстан мүгедектері одағы президентінің кеңесшісі Жадырасын Садуақасовтың айтуынша, жыл сайын елімізде мүгедектер саны өсіп отыр. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамға араласуы әлі де қиын. Сондықтан, оларға ақпараттық қолдау мен психологиялық көмек қажеттігін алға тартқан Ж.Садуақасов мүгедектерді оқыту мен олардың жұмысқа орналасуына көмек сұрады. Осыған орай, мәслихат хатшысы халық қалаулыларын мәселенің шешілуіне қолдау білдіруге шақырды. Бұл ретте депутаттар М.Оралов, Б.Солсанов, М.Шекенов, Т.Оразақов қалада жұмыспен қамту мемлекеттік саясатын іске асыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, еңбек нарығы теңгерусіз қалып, білікті кадрлардың жетіспеушілігі орын алып отырғандығы турасындағы ойларын ортаға салды. Осыған орай, жұмыс берушілердің мүгедектерді жұмыспен қамтамасыз етуі, еңбек адамының жоғары өнімді жұмысы үшін жағдайлар жасау жауаптылықтарын арттыру қажеттігі де сөз болды. Бұл ретте еңбек нарығында бәсекеге қабілетсіз жастардың жағдайы ерекше алаңдаушылық туғызып отыр. Сондықтан, дөңгелек үстел қатысушыларының талқылаулары мен ұсыныстарын түйіндей келе С.Есілов жұмыспен қамту мемлекеттік саясатын іске асыру жөніндегі қызметтерде, сонымен қатар мүгедектерді жұмыспен қамтуда нәтижелерге жету үшін тек қалалық басқармалар мен мемлекеттік құрылымдарда ғана емес, қоғамның барлық мүдделі жақтары мен жеке секторлардағы және азаматтық қоғамдағы қызметтердің тиімді үйлесімділігі қажет екендігін атап өтті.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ