Басты ақпарат

Қалаға қандай нысандар қажет?

Елорданың Құрылыс басқармасы 2022-2024 жылдары 102 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Биыл бұл жұмысқа 77 млрд теңге қарастырылды.

[smartslider3 slider=2030]

ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНА КЕҢСЕ САЛЫНАДЫ

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының отырысында осыны баяндаған аталмыш басқарма басшысы Әрсен Жанғасқанов тиісті жобалармен таныстырды.

Осы жылы Байқоңыр ауданы ішкі істер бөлімінің халықты қабылдайтын кеңсесі пайдалануға берілмек. Мұны айтқан басқарма басшысы құрылыс жұмыстары аяқталып қалғанын жеткізді. Осындай кеңсе Есіл ауданында да бой көтермек. Бірақ осы кеңсеге әлі жер телімін бөлу мәселесі шешілмеді. Мәселе тиянақталғаннан кейін тиісті жобалау жұмыстары басталады. Бұл жобалар «сервистік полиция» моделі аясында іске асырылмақ.

Осы орайда қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов қазір полиция қызметін жақсартуға көп көңіл бөлініп жатқанын, сондықтан Сарыарқа және Алматы ауданы ішкі істер бөлімдеріне де осындай кеңселер керектігін айтып өтті. Оған Құрылыс басқармасының басшысы екі ауданның бұл бағыттағы мәселесі шешілген соң, қалған аудандарға да кірісетіндерін жеткізді. Тек қалалық Полиция департаментінің тиісті өтініш-хаты керек екен.

КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАНДАРҒА – 5 ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІ

Ә.Жанғасқановтың айтуынша, өткен жылы құрылыс материалдары екі есеге қымбаттап кетті. Сондықтан былтыр пайдалануға берілуі тиіс кейбір тұрғын үйлер биылға жылжытылды. Ал жалпы баспана кезегінде тұрған азаматтарға беру үшін 17 көппәтерлі тұрғын үй кешені салынбақ.

– Биыл кезекте тұрғандарға арналған 5 тұрғын үй кешені салынады. Бұл – 1300 пәтер. Қалған баспана келесі жылдарға жылжытылды, – деген Ә.Жанғасқанов жаңа үйлердің маңайын абаттандыру, инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстарымен де таныстырды.

САЛТАНАТ ҚАҚПАСЫ МЕН СТАДИОН МӘСЕЛЕСІ

«Мәңгілік ел» салтанат қақпасының кіреберісін қар ерігенде және жаңбырлы күндері су алады. Бұл мәселенің туындағанына бірнеше жыл болды. Қалалық мәслихат депутаттары осы проблеманы бірнеше рет көтерді. Себебі бұл – қаланың маңызды нысандарының бірі. Алайда «баяғы жартас – бір жартас». Құрылыс басқармасы басшысының сөзінше, биыл да нысанды жөндеуге қатысты мәселелер шықты. Мәслихат осы мәселені жеке қарайтын болып келісті.

Біраздан бері тиянақталмаған тағы бір жоба – Қ.Мұңайт­пасұлы атындағы стадион.

– Бұл стадион апатты болып танылды. Сондықтан нысан сүріліп, жаңа стадион салынады. Оның инженерлік желілері де тозған, – деген Ә.Жанғасқанов білім нысандарының құрылысы жоспарын да баяндады.

МЕКТЕПТЕР САНЫ АРТАДЫ

Оның айтуынша, жалпы 16 мектеп құрылысы жоспарланып отыр. Соның бесеуін Құрылыс басқармасы қаржыландырады. Бұл мектептер Қарасай батыр-Бұланты көшелерінің қиылысында, Ұлы дала даңғылы-Сауран көшесі айналасында, «Саранда» коттедж­дер қалашығында салынады. Сосын №44 орта мектеп пен №65 мектеп-гимназияға жапсаржайлар салу жоспарланған. Қалған мектептер мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік аясында бой көтереді.

Бұған қоса, Тұран даңғылы, 24 мекенжайында, «Үркер», «Кирпичный» тұрғын алаптарында мектеп құрылысы биыл басталуы керек. А.Құрманов атындағы №17 мектеп-гимназияға бірнеше жыл бұрын жапсаржай салынды. Алайда қазір оқушылар саны асып кетті. Сондықтан тағы қосымша ғимарат салу қажеттілігі туындап отыр.

– №17 мектеп-гимназия айналасында соңғы жылдары бірнеше көппәтерлі тұрғын үй салынды. Сондықтан биыл 600 орындық жапсаржай салуды бастауымыз керек, – деді ­Ә.Жанғасқанов.

«Үркер» тұрғын алабындағы №69 мектеп-гимназия 1200 оқушыға арналған. Алайда осында қазір 3300 бала оқып жатыр. Сондықтан елді мекенде екінші мектеп салу өте өзекті. Жаңа мектеп жобасы 900 орынға шақталған.

Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимовтың айтуынша, «Үркерде» тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Оның пікірінше, 900 орындық мектепке де оқушылар сыймай қалуы мүмкін. Егер солай бола қалса, жапсаржай салуға тура келеді. Сондықтан бұл мәселені де ақылдасып шешу керек.

Құрылыс басқармасының басшысы Ә.Жанғасқанов тиісті тапсырма беріліп, жер телімдері мен қаржы бөлінсе, кешендер салынатынын айтты. Жедел әрекет етудің арнайы жасағына арналған ғимарат құрылысы аяқталғанын, «Железнодорожный» тұрғын алабында крематорийі бар мәйітхана салынатынын жеткізді

МЕДИЦИНА МЕКЕМЕЛЕРІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ

Құрылыс басқармасы басшысының баяндауынша, «Үркер» тұрғын алабында Доспамбет жырау-Жанқожа батыр көшелерінде өрт сөндіру депосының құрылысы да биыл басталмақ. Сондай-ақ №28 көше мен «Көктал» тұрғын алабындағы осындай деполарды салуға республикалық бюджеттен қаржы қарастырылған.

Денсаулық сақтау нысандарына келсек, №1 қалалық емхананы жаңғырту жоспарланған. Алайда мұнда да мәселе туындады. Себебі нысанға лифт керек деген өтініш түсті. Сондықтан жобаға түзету енгізу қажеттілігі туындады. Зерттеу жұмыстары кезінде шикіліктер анықталды. Нысанның іргетасы қате салынған.

– Жобаға түзету енгізумен қатар іргетасын күшейту керек. Оған қосымша қаржы керек болады. Емхананы жаңғыртуды келесі жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді Ә.Жанғасқанов.

Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов бұл жобаны мәслихат тарапынан қолдайтындарын жеткізді.

– Қала әкімі Алтай Көлгінов 6-7 емхананы жөндеуді қолдап отыр. Біз де қолдаймыз, – деді мәслихат хатшысы.

Өз сөзін жалғастырған ­Ә.Жанғасқанов Р.Қошқарбаев даңғылындағы №1 қалалық аурухана жанында 250 төсек орынға арналған перинаталдық орталық, Байқоңыр ауданында 150 келушіге арналған емхана, №2 қалалық аурухана жанында диагностикалық орталық, «Интернациональный» тұрғын алабында 150 келушіге арналған бастапқы медициналық-санитарлық көмек нысаны жобалары жасалып жатқанын жеткізді.

ШЕТКІ АЙМАҚТАРҒА СПОРТ КЕШЕНДЕРІ КЕРЕК

«Железнодорожный» тұрғын алабында құрылысы тоқтап қалған дене шынықтыру-сауық­тыру кешені бойынша қайта конкурс жарияланып, мердігер анықталған соң, құрылыс жанданатынын айтқан Ә.Жанғасқанов бұрынғы мердігерді сотқа беріп, жеңгендерін айтты. «Үркер» тұрғын алабындағы осындай спорт нысаны құрылысын жал­ғастыруға қаржы бөлінбегенін баяндады.

Мәслихат депутаттары «Интернациональный» тұрғын алабына да дене шынық­тыру-сауықтыру кешені керектігін жеткізді.

– Қалада 16 тұрғын алап бар. Екеуінде спорт кешендері бұрыннан бар. Тағы екеуінде салынды. Екеуінде алдағы жылдары салып бітіреміз. Қалған 10 тұрғын алапты не істейміз? – деп сұрады Е.Каналимов.

Құрылыс басқармасының басшысы Ә.Жанғасқанов тиісті тапсырма беріліп, жер телімдері мен қаржы бөлінсе, кешендер салынатынын айтты. Жедел әрекет етудің арнайы жасағына арналған ғимарат құрылысы аяқталғанын, «Железнодорожный» тұрғын алабында крематорийі бар мәйітхана салынатынын жеткізді.

МӘЙІТХАНА МЕН КРЕМАТОРИЙ БІРГЕ БОЛАДЫ

Осы орайда мәслихат хатшысы крематорийде медициналық қалдықтарды өртейтін арнайы пеш болу керектігін айтты.

– Медициналық қалдықтарды жою мәселесі қалада өте өзекті. Қоқыс рұқсат етілмеген жерлерге төгілгенде, сол жерде шприцтер де, медициналық препараттар да шашылып жатады. Бұл қауіпті ғой. Арнайы пеш салынғанда, қаладағы 37 медициналық ұйым қалдықтарды жою мәселесіне бас қатырмас еді, – деді ­Е.Каналимов.

Ә.Жанғасқанов крематорий жобасында арнайы пеш қарас­тырылғанын жеткізді.

– Таныстырылған нысандардың бәрі қаланың тыныс-тіршілігіне, халықтың жайлы тұрмысына керек. Құрылыс басқармасы 20-30 қызметкермен 102 жобаны іске асырмақ. Бұл басқарманың жүктемесі ауыр, жауапкершілігі де зор. Қазір олар үлкен жұмыс атқарып отыр. Мәслихат тарапынан бір ғана өтінішіміз бар, егер кейбір нысандармен проблема туындап жатса, бірден бізге айтыңыздар. Біз, мәслихат депутаттары, қалалық қоғамдық кеңес, Nur Otan партиясы өкілдерін, қоғам белсенділерін тартып, қоғамдық бақылау ұйымдастырайық. Бұл жеке басымыздың бақылауы емес, халықтың бақылауы болады. Сол кезде алақол мердігерлер де алдауға бармай, аяқ тартатын болады, – деп түйіндеді отырысты Ерлан Каналимов.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button