Қалаға сән қосқан экожоба
Елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы аясында «Taza Astana» экожобасын іске асыру жалғасуда. Жоба қаланы абаттандыруға, санитарлық жағдайды жақсартуға, балалар алаңдары мен аулаларды қоса алғанда, инфрақұрылымды көгалдандыруға және жөндеуге бағытталған.
«Taza Astana» экожобасының комиссия мүшесі Шыңғысхан Қожахметовтың айтуынша, бұл жоба қаладағы тұрғын үй маңын абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалау, аулада тазалық жұмыстарын жүргізу, балалар алаңдарының тозығы жеткен жерлерін жөндеу бойынша жүйелі жұмыс құруға бағытталған. Осы жұмыстарды кезең-кезеңімен іске асыру аталған аумақтарды пайдалануға, күтіп ұстауға, қызмет көрсетуге, сондай-ақ тазартуға жауапты заңды және жеке тұлғалардың жұмысын ретке келтіруге мүмкіндік береді.
– Жалпы үйге кіреберістен бастап есіктің дұрыс ашылып-жабылуы, ақпарат тақтайшасының орналасуы, онда қажетті ақпараттардың толық болуы, өрт қауіпсіздігі шараларының сақталуы маңызды. Сонымен бірге МИБ жұмысына тұрғындардың көңілі тола ма? МИБ-тің жауапкершілігі қандай? Әрбір үй осы критерийлерге жауап беріп, кешендеріміз жақсы көрсеткіштерге ие болса, айналамыздың тазалығына жақсы көңіл бөлінетін болса, қаламыз таза болады деген сенімдемін, – деді комиссия мүшесі.
«Сәулет» тұрғын үй кешеніндегі МИБ төрайымы Жанна Ефремова акция туралы Алматы ауданы әкімдігінен естігенін жеткізді.
– «Сәулет» тұрғын үй кешені – 14 жылдан астам уақыт бұрын тұрғызылған проблемалық нысандардың бірі. Бізде кемшіліктер көп болса да, тұрғындармен бірлесіп экожобаға қатысуға шешім қабылдадық. Жалпы жобаға қатысу шарттарымен келісемін. Меніңше, бір адамның қолынан ештеңе келмейді. Бізге тұрғындар көмектеседі. Ортақ мәселені бірлесіп талқылап, алда атқарылатын жұмыстар бойынша жоспар құрамыз. Мәселен, өткен жылы шатырды жөндесек, биыл үйдің кіреберісі жөнделуде. Біз «Taza Astana» әлеуметтік жобасы қатысушылары қатарына енгеніміз үшін өте қуаныштымыз. Мұндай жобалар аясында үйіміз бен ауламыздың сәні кіріп қана қоймай, тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтереді деп есептейміз. Тазалыққа бәріміз бірлесіп үлес қоссақ, айналамызды таза ұстасақ, қала көркейеді, – деді МИБ төрайымы.
«Taza Astana» экожобасының мақсаты – қалалық аумақтарды күтіп ұстауға жауапты ұйымдар мен тұлғалардың жұмысын жүйелеу. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда: алдымен көппәтерлі үйлер мен іргелес учаскелердің тізілімі құрылды, олардың әрқайсысы жауапты тұлғаларға тағайындалды. Деректерді ыңғайлы және бақылау үшін бірыңғай тізілімдер құрылады, онда ғимараттар мен аумақтардың түрлері туралы ақпарат енгізіледі.
«Taza Astana» жобасы үш айдан астам уақыт бойы тестілік режимде жұмыс істеп келеді. Экологиялық комиссиялардың жұмысын бағалау үшін тұрақты критерийлер әзірленді. Маңызды қадамдардың бірі жүйенің жұмысын жақсарту бойынша ұсыныстар енгізу болды: тазалау кестелері бар тақтайшаларды орнату, жауапты адамдармен байланысу үшін байланыс нөмірлерін көрсету. Сондай-ақ тізілімдердің ішінде ғимараттың ерекшелігін көрсететін маңызды ақпарат бар (ашық аула, қоршалған аумақ, автотұрақ шатырындағы аумақ) – бұл өте маңызды, өйткені мердігерлер мен қызмет көрсететін ұйымдардың жауапкершілігін ажыратуға болады.
Пилоттық кезең аяқталғаннан кейін жоба тұрақты негізге көшеді. Қала тұрғындары экологиялық комиссиялар жұмысының нәтижелерін онлайн режимде бақылай алады, ал тазалау және абаттандыру бойынша сәйкестік актілері барлығына қолжетімді болады. «Taza Astana» жобасы қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға және қалалық қоғамдастықты дамытуға маңызды үлес қосады.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ