Басты ақпаратДенсаулық

Қалай тамақтанып жүрміз?

Дұрыс тамақтанбау семіздік пен асқазан-ішек жолдары ауруын тудырады. Өйткені қазір үлкендер де, жастар да тез дайындалатын тағамдарға әуес, балалар да ағарған ішудің орнына неше түрлі зиянды сусынды ішкенді жақсы көреді. Біз осы ретте елордадағы №5 емхананың гастроэнтеролог дәрігері, медицина саласындағы жұмыс өтілі 25 жылдан асқан тәжірибелі маман Айнұр ТЫНЫБАЕВАҒА жолығып, керек кеңес алған едік.

Дұрыс тамақтану – ағзамыз­ға қажетті табиғи және жоғары сапалы өнімдердің теңдес­тірілген диетасы. Тамақты жеткіліксіз мөлшерде ішу немесе мөлшерден артық ішу ағза үшін зиян, сондықтан кез келген адам тамақтанудың мөлшерін дұрыс білуі керек.

«Жалпы дұрыс тамақтану үшін ас мәзірінен тәттілер мен кондитерлік өнімдерді, тез дайындалатын тағамдар, яғни фаст-фудты, жартылай фабрикаттар және шұжықтарды, газдалған сусындар мен шырындарды, түрлі тамаққа қосатын тұздық пен дәмдеуішті алып тастау керек. Сондай-ақ су ішу режимін сақтау қажет. Мәселен, кейбір адамдар жиі тамақтануды ойлайды, ал негізінде олардың азғасына таза ауыз су керек. Жалпы судың арқасында денеде көптеген маңызды ­реакция жүреді. Су қоректік заттарды ерітетін сұйықтық болған соң оларды дененің әр жасушасына жеткізеді. Су теріні ылғалдандырады, ас қорыту процесіне және қалдықтарды шығаруға қатысады. Бұл орайда кез келген адам күніне салмағына қарай 2-3 литр су ішуі керек» дейді Айнұр Ибрахимқызы.

Майлы гепатоз: себептері мен салдары

Гастроэнтеролог дәрігердің айтуынша, майлы гепатоз немесе бауырдың майлы инфильтрациясы – бауыр жасушаларында (гепатоциттерде) артық майдың жиналуымен сипатталатын ауру. Бұл патология артық салмағы бар адамдар мен метаболизм бұзылысының көбеюіне байланысты өзекті мәселеге айналып келеді. Майлы гепатоздың себептерін, салдарын және алдын алу шараларын түсіну фиброз, цирроз немесе қатерлі ісік сияқты бауырдың ауыр ауруларының дамуын дер кезінде болдырмауға көмектеседі.

Майлы гепатоздың себебін шартты түрде екі үлкен топқа бөлуге болады: алиментарлы (өмір салты мен тамақтануға байланысты) және метаболикалық (зат алмасудың бұзылуымен байланысты).

Дұрыс тамақтанбау және семіздік

Дәрігердің айтуынша, май­лы, жоғары калориялы тағам­дарды және қант мөлшері көп тағамдарды шамадан тыс тұтыну дене салмағының жоғарылауына және бауырдың майлы инфильтрациясына әкеледі. ­Диетадағы ақуыздың жетіспеу­шілігі және фаст-фудты теріс пайдалану да аурудың дамуына ықпал етеді.

– Алкогольді шамадан тыс тұтыну да бауырдағы май алмасуды бұзады және оның жасушаларында майдың жиналуына ықпал етеді. Ал метаболизмнің бұзылуы, екінші типтегі қант диабеті, инсулинге төзімділік және холестерин деңгейінің жоғарылауы – маңызды қауіп факторлары. Іш қуысының семіруі, гипертония және липид алмасудың бұзылуын қамтитын метаболикалық синдром майлы гепатоздың дамуына ықпал етеді. Гормоналды және эндокринді бұзылулар, гипоти­реоз (қалқанша безі қызметінің төмендеуі) және бүйрек үсті бездерінің жұмысындағы бұзылулар бауырда майдың жиналуына әсер етуі мүмкін. Кейбір дәрі-дәрмекті қабылдау кортикостероидтарды, антибиотиктерді және кейбір вирусқа қарсы дәрілерді ұзақ уақыт қолдану бауырдың майлы инфильтрациясына әкелуі мүмкін. Уытты әсер мен сыртқы факторлардың әсерін айтсақ, химиялық заттармен улану және ауыр металдармен улану да майлы гепатозды қоздыруы мүмкін, – дейді А.Тыныбаева.

Уақытында шаралар қабылданбаса, майлы гепатоз мынадай ауыр салдарға әкелуі мүмкін:

* бауырдың фиброзы;

* уақыт өте майдың жиналуы қабынуды туғызады, бұл өз кезегінде дәнекер тінінің өсуіне әкеледі;

* фиброз кезінде бауырдың функционалдығы төмендейді, бұл процесс қалпына келмейтін болуы мүмкін;

* бауырдың циррозы;

* ұзақ уақыт бойы қабыну мен бауырдың функционалдық тінінің дәнекер тінімен алмасуы циррозға әкеледі;

* бұл – ауыр ауру, оның асқынулары қатарына асцит, өңештің варикозды веналары мен бауыр жетіспеушілігі кіреді;

* гепатоцеллюлярлы карцинома (бауыр обыры);

* хроникалық қабыну мен фиброз жағдайында бауыр обырының пайда болу қаупі артады;

* артық салмақ пен метаболикалық синдромы бар адамдар қауіпті топқа жатады;

* өмір сапасының жалпы ­нашарлауы;

* артық шаршау, әлсіздік, оң жақ қабырға астында ауырлық сезімі, диспепсиялық бұзылыс­тар – осы симптомдар майлы гепатозбен тіпті ерте кезеңдерде бірге жүруі мүмкін.

Алдын алу жолдары

Майлы гепатоздың тиімді алдын алу өмір салты, тамақтану және ілеспелі ауруларды емдеу шараларының кешенін қамтиды.

Біріншіден,тамақтану ра­ционын оңтайландыру қажет.

* жануарлар майлары мен жылдам көмірсуларды тұтынуды азайту;

* рационға көкөністер, же­міс­тер, толық дәнді дақылдар мен талшыққа бай өнімдерді қосу;

* жеке энергетикалық қажеттіліктерге сәйкес теңдес­тірілген тамақтануға көшу ­керек;

Екіншіден, физикалық белсенділік керек.

* үнемі физикалық жаттығулар салмақтың азаюына және зат алмасу процесінің жақсаруына ықпал етеді.

* аптасына 150 минут орташа физикалық белсенділік жеткілікті (мысалы, жаяу жүру, жүзу, йога).

Үшіншіден, дененің салмағын бақылаған жөн.

* нормалық салмақты сақтау семіздік пен майлы гепатоздың қаупін азайтады.

* салмақты біртіндеп төмендету (аптасына 0,5-1 кг артық емес) майлы тіндерден майлардың күрт босап шығуын болдырмауға көмектеседі, бұл бауырдың нашарлауына әкелуі мүмкін.

Төртіншіден, алкогольден бас тартқан дұрыс. Алкогольден толық бас тарту немесе оны азайту – алдын алудың негізгі шараларының бірі. Тіпті алкогольді орташа мөлшерде тұтыну майлы гепатоздың ағымын нашарлатуы мүмкін.

Бесіншіден, метаболикалық ауруларды бақылау қажет. Қант диабеті, гипертония және липидті алмасу бұзылысын уақытында диагностикалау және емдеу – маңызды алдын алу шаралары. Дәрігерге үнемі бару және қанның биохимиялық көрсеткішін (глюкоза, липидті профиль) бақылау тәуекелдерді азайтуға көмектеседі.

Алтыншыдан, медициналық тексерулер және дәрілерді қабылдауды үнемі бақылауда ұстаған жөн. Үнемі профилактикалық тексерулер ауруларды ерте кезеңдерде анықтауға мүмкіндік береді. Дәрі-дәрмекті қабылдау дәрігердің бақылауымен, бауырға әсерін ескере отырып жүзеге асуы керек.

– Баланы кішкентай кезінен пайдалы, құнарлы тағаммен тамақтандыру өте маңызды. Осы орайда баланы нәресте кезінен бастап арнайы тағамды таңдаудан бастау керек. Дұрыс тамақтану балалар денсаулығының негізі және өмір бойы пайдалы болады. Баланы ерте жастан бастап дұрыс тамақтануға үйрету оған ересек өмірде тамақтануға оң көзқарас қалыптастыруға көмектеседі. Мәселен, жаңа туған сәбидің табиғи тағамы – ана сүті. Онда бала ағзасына қажетті барлық дәрумен бар. Негізінен, ана баланы екі жасқа дейін емізу керек. Бұл баланың иммундық жүйесінің қалып­тасуына, интеллект деңгейінің өсуіне, сондай-ақ ана денсаулығына тікелей әсер етеді, – дейді Айнұр Ибрахимқызы.

Майлы гепатоз – өмір салтын өзгертіп, тамақтану ра­ционын оңтайландыру арқылы алдын алуға болатын ауру. Негізгі қауіп факторлары – семіздік, метаболизмнің бұзылуы және алкогольді шамадан тыс пайдалану. Уақытында қабылданған профилактикалық шаралар мен үнемі медициналық тексерулер ауыр салдардың, мысалы, фиброз, цирроз және бауыр обырының алдын алуға көмектеседі. Денсаулықты нығайту әдетін қалыптастыру және ағзаға мұ­қият қарау сау бауырды сақтау үшін негізгі қадам екенін ескерген жөн.

– Мен дәрігер гастроэнтеролог Айнұр Ибрахимқызына айрықша алғыс білдіргім келеді. Өз ісінің маманы, білікті дәрігерге өте ризамын! Дәрігердің пациентті қарауы, білімі, мәдениеті, жанашырлық қарым-­қатынасы ерекше ұнады, – дейді емханаға тіркелген қала тұрғыны Нүрилла Махан.

Шынында, қазір көп адам дұрыс тамақтанбау салдарынан семіздік, қант диабеті, жүректің ишемиялық аурулары, инсульт, атеросклероз бен гипертония, асқазан-ішек жолдарының түрлі ауруы, соның ішінде гастрит, асқазан және он екі елі ішек аурулары, өт жолдарының дискинезиясы, холецистит сияқты аурулармен көп ауырады. Соңғы кезде осындай аурулар елімізде, қаламызда көбейіп барады. Сол үшін қандай жағдай болса да аурудың алдын алып, денсаулықты күткен абзал.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button