Жаңалықтар

Қалалық автобустарда «Wi-Fi» желісі іске қосылды

89a189f814fad06dec2a3e97903

Бұдан былай қала тұрғындары мен қонақтары қалалық автобус салондарында мобильді интернетті толық пайдалана алады. Осыған байланысты кеше қоғамдық көлікті интернетпен жабдықтау жөніндегі «Wi-Fi Bus Astana» ресми таныстырылымы өтті деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.  

Жоба аясында бүгінде 400 қоғамдық көлікте «WiFi» желісі іске қосылды. Шілденің соңына дейін елорданың барлық автобус паркін интернетпен қамту жоспарланған.
– Астана күні қарсаңында қала әкімдігінің тапсырмасымен «Wi-Fi Bus» жобасын іске қосамыз. Елбасы Астананы әлемнің 50 ақылды қаласының қатарына енгізу жөнінде тапсырма берді, осыған байланысты ақылды қала бірінші кезекте қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасауда. Бүгінгі таңда халықтың заманауи өмір сүру үрдісі кез келген жерде жоғары жылдамдықты мобильді интернетті қажет етеді. Осыны ескере отырып, қала әкімдігі жүйелі түрде қаланың қоғамдық орындарында инернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету шараларын қолға алды, – деді «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасы Әлтайыр Уызбаев.
Жобаны Астана әкімдігінің қолдауымен «Beeline Қазақстан» компаниясы жүзеге асырып отыр. Жоба серіктестері – «Астана Innovations» АҚ инновациялық даму операторы және «Астана LRT» ЖШС елорданың көлік инфрақұрылымын дамыту операторы.
Аталған жоба елордада «ақылды қала» тұжырымдамасын енгізудің тағы бір кезеңі болып табылады. «Астана LRT» басқарма төрағасы Талғат Арданның айтуынша, «WiFi Bus» жобасы Астанада елорданың көлік жүйесін кешенді түрде жаңғырту аясында жүзеге асырылуда.
– Қала әкімдігі мен бірінші кезекте Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бірігіп қозғалыс құрамын жаңарту жөнінде жоспарлы жұмыстар жүргізеді, яғни, пайдалану талаптарына сай келмейтін ескі автобустар қолданыстан шығарылып, инфрақұрылым жаңартылады, – деді Талғат Ардан.
«Wi-Fi Bus» жобасы 2013 жылы қолға алынған еді. Содан бері еліміздің Қостанай, Көкшетау, Қарағанды, Қызылорда, Петропавл, Түркістан, Орал және Алматы сияқты сегіз қаласында екі жүзге жуық автобус Wi-Fi желісімен қамтылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button