Басты ақпарат

ҚАЛАЛЫҚТАРДЫ ҚАРЫҚ ҚЫЛДЫ

Сенбі, жексенбі күндері қалалық алаңда Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңке көрігін сол өңірден келген көркемөнерпаздар да қыздырды. Күнгейден жеткен сауда керуенін Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов аралап, баға бағамына оң көзқарасын білдірді.

Жәрмеңкеге оңтүстіктегі өңірден 13 аудан мен Шымкент қаласының кәсіпкерлері атсалысқан. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға 42 сауда шатыры орнатылыпты. Ұйымдастырушылардың айту­ынша, жәрмеңкеден қалған өнім «Шапағат» коммуналдық базарын­да саудаланатын болады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қанатбек Оспанбековтің айтуын­ша, жәрмеңкеге 260 тонна өнім әкелінді. «Мұндағы бір ерекшелік – ешқандай алып-сатар жоқ, таза өнім өндірушілер келген. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің құны нарықтың бағасынан 20-25 пайызға арзан сатылуда» деді жәрмеңке барысында Қ.Оспанбеков.

Сауда керуені жеткізген 260 тоннаның 50 тоннасы қой мен сиыр еті, 10 тонна – күркетауық еті, қалғаны көкөніс, бақша өнімдері. Шымкенттіктер әкелген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы құны 72 миллион теңгені құрайды. Ал, өнімдер экологиялық таза, әрі құнарлы. Елордалықтар әсіресе, өңірдің шырынды жеміс-жидегі мен көкөністерін қап-қабымен алды.

Айта кеткен жөн, өткен жылғы жәрмеңкеде өңірден 190 тонна азық-түлік әкелінген болатын. Сұраныстың жоғары болуына бай­ланысты биыл өңір басшылығы бас шаһарға 260 тонна ауыл шаруашылығы өнімін жөнелтуді жөн санапты.

Келесі сенбі, жексенбіде Жам­был өңірінің шаруалары өнімдерін әкелмек.

 

СҮБЕЛІ СӨЗ

Бейбіт ТӨЛЕШОВ, сатушы:

Сонау Шымқаладан келген фермерлердің базарлығын елордалықтар жақсы қабылдады. Қала әкімі Иманғалидың өзі көңіл бөліп, келіп кеткеніне зор риза болудамыз. Өзіміздің өнім болған соң, 8 тонна алмамды арзан бағамен ұсындым. Өте тез өтуде. Расын айту керек, жәрмеңкенің арқасында Астананы көріп, марқайып қалдық.

 

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button