Қаламгердің бенефис-концерті
Кеше Астана қаласы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының Есіл аудандық филиалында ардагер журналист, баспасөз саласының үздігі Қарлығаш Құспанның 80 жас мерейтойына арналған бенефис-концерт өтті.
Қарлығаш Бәкенқызы Семей педагогикалық институтын бітіргеннен кейін еңбек жолын Семей облыстық телевидениесі мен радио комитетінде бастап, тілші-редактор, диктор қызметтерін атқарды. Семей телестудиясының редакторы, жүргізушісі бола жүріп, бірнеше дүркін республикалық телефестиваль жеңімпазы атанды. Шығармашылық пен кәсіби жетістіктері үшін 1983 жылы Мәскеу қаласындағы Кеңес Одағының орталық «Останкино» телекомпаниясында арнайы курсқа жіберіліп, жартыжылдық тағылымдамадан өтті. Он жыл Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының «Коммунизм таңы» газетінің бөлім меңгерушісі болды. Одан кейінгі қызметі Қарқаралы аудандық мемлекеттік тіл басқармасының бастығы, аудандық мәслихаттың бас маманы, аудандық мәдениет бөлімінің режиссері болып жалғасты. Қарқаралы ауданында «Қайран жастық», Қарағанды қаласында «Көзкөргендер» ардагерлер ансамбльдерін құрып, көркемдік жетекші болды. «Ең үздік көркемөнерпаздар жетекшісі» аталымы бойынша Қарағанды облысы әкімінің «Алтын қобыз» сыйлығымен марапатталды. 2013 жылдан қазіргі күнге дейін Астана қаласындағы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалының медиатоп мүшесі және Есіл ауданына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Есіл толқындары» халықтық ардагерлер ансамбілінің продюсері, режиссері. Осы ансамбльдің «халықтық» атағын алуға үлкен еңбек сіңірді.
Ән мен жыр шалқыған іс-шарада заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан», «Еңлік-Кебек» пьесаларынан үзінділер көрсетілді. Айман бейнесін сомдаған мерейтой иесі Еңліктің монологын оқып, өнерлі жан екенін танытты. Қарлығаш Бәкенқызының өлеңдеріне «Арқаның аруы – Қарқаралы», т. б. әндер жазылды. Осы туындылар әуеледі.
Ардагер журналист Бекен Нығметұлы мерейтой иесінің қаламгерлік, адамгершілік қасиеттеріне тоқталып, арнау өлеңін оқыды. Қарлығаш Бәкенқызы туған Қайнар ауылының әкімі мен мектеп директорының құттықтауларын тапсырды. Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб аталмыш басқарманың алғыс хатын тапсырып, Қарлығаш Құспанның еңбегі қазіргі жастарға үлгі екенін атап өтті. Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов мерейтой иесінің елордада атқарып жатқан қызметіне тоқталып, ардагер журналистің қалалық Ардагерлер ұйымының жұмысын, ардагерлерді насихаттаудағы еңбегі туралы айтты. Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері Бақтықожа Ізмұхамбетовтің алғыс хатын тапсырды.
– Елордада қазір Ардагерлер ұйымына қарасты 7 ансамбль бар. Соның төртеуі «халықтық» атаққа ие. Биыл – Жеңістің 80 жылдығы. Соған орай осы ансамбльдердің басын қосып, үлкен концерт өткізу керек, – деді Сансызбай Есілов.
Іс-шараны түйіндеген Астана қаласы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Мұхтар Еркетаев мерейтой иесін құттықтап, ізгі лебізін жеткізді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ