Қаламгерлер қауымымен кездесті
Елордада 19-23 қыркүйек күндері «Алтын қалам» атты астаналық қаламгерлердің семинар-форумы өтті. Қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Руханият» мекемесі Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалымен бірлесіп ұйымдастырған бұл іс-шара кеше Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында түйінделді. Оған Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов бастаған мәслихат депутаттары, қаламгерлер қауымы қатысты.
– Бүгінгі және болашақ ұрпаққа ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлерімізді, тағылымды тарихымызды табыстауымыз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жазушылар одағының XVI құрылтайына қатысушыларға жолдаған құттықтауында «Сөз құдіреті халықтарды ыдырата да, біріктіре де алады» деп айтты. Президент өз сөзінде көркем сөз халқымыздың тарихи жады мен рухани құндылықтарын сақтауға, тамыры берік әрі санасы сергек ұрпақ тәрбиелеуге тікелей ықпал ететінін атап өтті. Осы орайда қазір жаһандану әсеріне берілмей, ұлттық бірегейлігімізді қалай сақтайтынымыз туралы ойлануымыз керек. Сондықтан жазушылардың бірлігі мен мемлекет мүддесіне беріле қызмет етуінің маңызы ерекше, – деді Есет Байкен.
Жиында Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов, көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік, басқа да қаламгерлер әдебиет, кітап, қоғамның беталысы төңірегіндегі ойларымен бөлісті.