Басты ақпарат

Қаламгерлер қуанышы

Бас қаламызда қазір Қазақстан Жазушылар одағының 150-ден астам мүшесі тұрады. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қаламгерлер қауымын әрдайым қолдап келе жатыр. Соның бір айғағы – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Нұр-Сұлтан кітапханасы» сериясымен жарық көрген 30 кітап.

[smartslider3 slider=2432]

Достық үйінде қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руха­ният» мекемесінің атсалысуымен оқырманға жол тартқан осы кітаптардың таныстырылымы өтті. Қала әкімінің орынбасары Берік Жакенов, Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, белгілі қаламгерлер мен жас ақын-жазушылар, әдебиет сыншылары жиналған шарада әдебиеттің бүгіні мен болашағы, жалпы руханият саласындағы өзекті мәселелер туралы келелі әңгіме өрбіді.

Жиынды ашқан Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жакенов кейінгі отыз жылдағы астана руханиятының жағдайын шолып өтіп, жетістіктерді атап өтті. Елордада соңғы жылдары болып жатқан ақжолтай мәдени-­әдеби жаңалықтарды еске ала отырып, алдағы уақытта да астаналық қаламгерлерді қала әкімдігі тарапынан қолдау жалғасатынын жеткізді.

Қазақтың қабырғалы қаламгерлері атына бас қалада көше мен мектеп беру, ескерткіштерін орнату үзілген емес. Әсіресе, өткен жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай елордада көрнекті ақын-жазушылардың, әдебиеттанушылардың атына бірнеше көше мен мектеп берілді. Атап айтқанда, көшелерге Кәмен Оразалин, Кеңшілік Мырзабеков, Рахманқұл Бердібай, Жұбан Молдағалиев, Әзілхан Нұрша­йықов, Ербол Шәймерденұлы есімдері, мектептерге Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхамедханов, Ілияс Есенберлин, Мұқағали Мақатаев, Ақселеу Сейдімбек аттары берілген.

Елорда қаламгерлері бас қосатын шаңырақ та бар. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Жазушылар үйі ашылды. Қалалық Жазушылар одағының филиалы осы жерде отырады. Ірі әдеби жиындарды өткізуге де жағдай жасалды. Мәселен, кейінгі жылдары «Еуразия астаналарының қаламгерлері» атты халықаралық форум, Азия қаламгерлерінің І форумы ұйымдастырылды. Осы жиын аясында бас қалада Қаламгерлер аллеясы ашылды. Бұл аллеяның бойында үш арыс – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин ескерткіштері бой көтерді. Былтыр аллеяда бір ансамбльді құраған Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлының ескерткіштері ашылды. Осыны атап өткен Берік Жакенов биыл да рухани бағытта ақжолтай жаңалықтар аз болмайтынын жеткізді.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет ұйымның қазіргі жағдайы мен жұмыс барысына тоқталып, туындап жатқан мәселелері туралы егжей-тегжейлі баяндады. Қаламгерлердің жағдайын айта келіп, елорданың рухани ажарын айшықтай түсетін бірқатар ұсыныс айтты. Бұдан кейін сатирик Көпен Әмірбек, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы, ақын Сұраған Рахметұлы, ақын, аудармашы Маржан Ершу бүгінгі әдебиеттің өзекті мәселелерін ортаға салды.

1960 жылдың соңғы күндерінде заңғар жазушы Мұхтар Әуезов жастардың поэзия кешінде жыл келгендей жаңалық сезінгенін айтып, сол уақыттағы жас қалам­герлердің шығармашылығына талдау жасады. «Нұр-Сұлтан кітап­ханасы» серия­сымен шыққан 30 кітап Наурыз мерекесінің қарсаңында өткен таныстырылымына қатысқандар да бастарынан осындай күй кешкен болар. Себебі жарық көрген кітаптардың арасында әдеби кеңістіктен көптен көрінбей кеткен Талғат Ешенұлының «Ұлы қаладағы блюз» өлеңдер жинағы, белгілі ақын-жазушылардың кезекті кітаптарымен қатар жас қаламгерлердің тұңғыш жинақтары да болды. Бұл қатарда талантты жас ақын Айдын Байыс­тың «Құланиек» атты алғашқы кітабын атап өтуге болады.

Жаңа кітаптар, негізінен, поэзия және проза жанрларында жарық көрді. Арасында осы жанрлардағы антологиялар да бар. «Астана ақшамы» газетінің бұрынғы қызметкері, талантты жазушы Жадыра Шамұратованың «Секундтар арасындағы шексіздік» атты кітабы да барын сүйіншілейміз. Бұл кітаптар елдің түкпір-­түкпіріндегі кітап­ханаларға таратылады.

Елордадағы Қазақстан Жазу­шылар одағы мүшелері қатарын жас қаламгерлер толықтырды. Жиынның тағы бір айшықты тұсы одаққа жаңа мүшелерді қабылдау болды. Жас ақын-жазушыларға тиісті куәлік тапсырылды. Бұл қатарда Біржан Ахмер, Саян Есжан, Серікбол Хасан, Арман Шеризат, Бақытбек Қадыр, Есбол Нұрахмет, Ұмтыл Зарыққан, Ахат Расул, Айжан Тәбаракқызы, Айгүл Жұбаныш, Зәуре Төрехан сынды жастар бар. Кітаптары шығып, жазушылардың қатарына қабылданған олардың қуанышы еселенді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button