Мәдениет

Қаламның құты

Бекен аға «Астана ақшамының» отымен кіріп, күлімен шыққан журналисі болды. Мәдениеттен бастап, спорт, білім, ғылым саласының проблемаларын тереңнен қаузап, көлдей мақалалар жазды. Этнография тақырыбында жазғандарын жұртшылық іздеп оқыды. Оқырмандар арасында үлкен беделге ие болды.

Оған дәлел ретінде бір мысал келтірейін. Сол жылдары журналистер газеттің таралымымен айналысатын. Бірде Бекен аға екеуміз осы мәселемен қала мектептерін араладық. Ол кезде шаһар кішкентай, жаяу жүре береміз. Және ол кісі тротуармен емес, төте жүргенді жақсы көреді. Және жүрісі деген сұмдық. Оған аттылы адам ғана ілесе алатын шығар. Мен соңынан құлдыраңдап құлын секілді шауып отырамын. Мәселе бұл емес. Мәселе, қай мектепке барсақ та оны мектеп директорынан бастап, оның орынбасарлары, тіпті, қатардағы мұғалімдерге дейін танып, жапыр­лап амандасып, әп-сәтте келген шаруасын тындырып берді. Сөйтіп, редакцияға айдарымыздан жел есіп келгенбіз.

Жалпы кейіпкеріміздің қазақ журналистикасында ешкімге ұқсамайтын өз сүрлеуі мен стилі бар. Кезінде соны байқаған көрнекті жазушы, публицист Марат Қабанбай: «Бекен Қайрат – бір ауыл, бір аймақ емес, бір елдің маңдайына татитын журналист» деп бағалапты. Қазақтың арғы-бергі тарихындағы жұртшылық ұмыта бастаған оқиғалар мен тұлғаларды тірілтті. Сондай-ақ ол өзі туған Моңғолияның Бай-өлке аймағында қоныстанған ағайындардың тарихы мен солардың арасынан шыққан айтулы азаматтар туралы төгілтіп жазды. Бекен ағамыздың журналистикадан бөлек, ұлттық этнографияға қосқан үлесі де мол. Мәселен, оның «Қазақтың атбегілік өнері» атты 400 беттен тұратын кітабында «Төрт түліктің төресі – жылқының» ерекшеліктері мен халқымыздың генетикалық-зердесінде сақталған жылқы сыны туралы көп мәліметке қанық боласыз. Сонымен қатар мұнда қазақтың атбегілік  өнерін, көне көшпенділердің ат баптау тәжірибесімен ұштастыра зерделеп, ат баптаудың байырғы этникалық әдіс-айласы іс-тәжірибесімен берілген. Сондай-ақ жылқының жайылымы, түстеп-таңбалаудың маңызы, жас ерекшелігін ажыратудың жөн-жосығы, жылқы жабдықтарын  пайдалану үлгісі және қазіргі жылқының тұқымдарын терең талдаған.

Оның ауыз толтырып айтатын екінші еңбегі – «Қазақия қалай отарланды?» атты деректі-публицистикалық толғау жинағы. Бұл халқымыздың отарлану дәуірінде басынан кешкен оқиғаларды тарихи деректерге сүйене отырып жазған. Автор осы жинақта ресейлік отарлаудың  үш ғасырлық оқиғалар желісін, уақыттық және мазмұнды тұрғыдан тақырыптарға бөліп, оны ішінара жіктеп-жіліктеп, оны оқырманға қарапайым тілмен жеткізуге тырысқан. Атақты антрополог Оразақ Смағұлов «Қазақ халқы және ата тегі» атты іргелі еңбегінде Бекен Қайраттың осы кітабына арнайы тоқталып, ондағы жантүршігерлік фактілерді оқығанда екі көзі мөлдіреп жасқа толғанын айтса, белгілі жазушы Смағұл Елубай: «Қазақтың отарлану тарихын түгелге жуық қамтыған өзге тарихи зерттеуді білмеуші едік. Бұл тақырыпқа қалам тартушылар үзіп-жұлып белгілі бір кезеңдермен немесе тақырыптармен шектелетін. Ал бұл кітапта Ресейдің қазақ даласын отарлауын толық дерлік қамтыған және отарлаудың сан салалы қырын ашып та, аршып көрсеткен бірегей еңбек» деп баға беріпті.

***

Бүгінде Бекен ағамыз елімізге танымал ақмылтық журналистің бірі саналады. Күн сайын бас басылымда танымдық-тәрбиелік мақалалары жарық көреді. Ол кісінің жұмыс істеуі енді сұмдық, шамалы жас оған ілесе алмайды. Құдды, зауыт секілді. Тоғыз беттік мақаланы бір-екі сағаттың көлемінде жаза салады. Бірақ оны осы деңгейге жеткізген қандай күш десек, ол – қаламының құты.

Кейіпкерімізбен ұзақ жылдар журналистикада қанаттасып келе жатқан Талғат Батырхан ағамыз кейде танымал халық әнінің қайырмасына салып:

«Желбір жекен,

Желіп жүрген, жайлауда.

Біз бір Бөкен.

Әй, бір Бекен

Қай қырыңды айтсам екен-ай» деп әндетіп жүреді. Шынында, шағын мақаламызда мәнді де мазмұнды өмірінің талтүсіне келген Бекен Қайрат  ағамыздың барлық қырын айтып тауыса алмаймыз. Және ол шарт та емес. Алған атақтарын да тізген жоқпыз. Алдымызда әлі жоталы жетпіс, сеңгірлі сексен, торқалы тоқсан, оның арғы жағынан жүздің де қарасы көрінеді. Сол кезде айтылмаған қырларын шетінен кертіп, жазып отырамыз.

Әзірше, осымен тәмам.

Азамат Есенжол

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button