Қаламы қарымды

Ердің жасы – елуге келген Ғалымжан Елшібай курстасым журналистикаға ерте араласты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің сырттай бөліміне оқуға түсіп, 18 жасында аудандық «Төлеби туы» газетіне жұмысқа тұрды. Одан облыстық «Оңтүстік Қазақстан», облыс орталығындағы «Шымкент келбеті» газеттерінде қаламы қайралды. Республикалық «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», әсіресе «Жас Алаш» газетінде ұзақ уақыт – 15 жыл жұмыс істеп, жұрт іздеп оқитын өткір мақалалар жазды. Қазір қазақ баспасөзінің қара шаңырағы, көшбасшы басылым – «Егемен Қазақстанда» еңбек етіп жүр. Дәстүрлі журналистиканың барлық мектебінен өтті.
Университет қабырғасында оқып жүрген кездің өзінде оның дара журналист болатыны белгілі еді. Университетті үздік бітірген оған атақты Темірбек Қожакеевтің өзі, бойындағы ұшқынын байқаса керек, ерекше ұстаздық ықылас білдіріп, болашағынан зор үміт күтетінін айтып отыратын. Диплом жетекшісі болды. Университеттегі диссертациялық кеңесте ғылым кандидаттығының тақырыбы бекітіліп, оқытушы болу ұсынылды. Бірақ Ғалымжан бәрінен бас тартып, ауылға қайтты. Оның оқытушы болмай, ғылым кандидаттығын қорғамай, журналистика саласының қайнаған ортасында еңбек етуді таңдағанынан өзі де, қоғам да ұтпаса, ұтылған жоқ.
Сүйікті шәкіртін іздеп Қожакеевтің арада біраз жыл өткенде алыстағы Қасқасу ауылына арнайы баруы, қара шаңырақта қонып қайтуы, Ғалекеңнің әке-шешесін Алматыға шақырып жақсылап қонақ етуі екеуінің арасында терең сыйластық барын білдірмей ме?! Ұстазын айрықша құрмет тұтатын Ғалымжан Елшібай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің үздік оқитын студенттеріне екі мәрте Қожакеев атындағы стипендия тапсырып, алдағы кезде де жалғастыратын дәстүрге айналдырған азаматтығын айтсаңызшы!
Ғалымжанның диплом жұмысының тақырыбы баршамызды таңғалдырып, сенсация болған.
Басқалар әр алуан тақырып таңдап жатқанда, ол өз шығармашылығынан өзі диплом қорғайтын батылдыққа барды. Өзінің жазған дүниелеріне өзі сын көзбен қарап сүзгіден өткізуге, кемшілігі мен жетістігін саралап, өз-өзіне есеп берген диплом жұмысын қорғауға екінің бірі тәуекел ете алмайтыны анық. Ақын Қасым Аманжолов айтқандай, «өзге емес, өзі айтты өз жайында». Тағы бір жақсы көретін ақыны Төлеген Айбергеновтің «Жанам деген жүрекке от беремін» деген сөзі диплом тақырыбы болды. Міне, уақыт жүйткіп жанам деген жүрегіне от бергелі, журналистиканың «отымен кіріп, күлімен шығып» жүргелі де 30 жылдан асыпты. Нақтысы, еңбек стажы – 32 жыл. Осынау 30 шақты жылдың ішінде еңбегі бағаланып, талай байрақты бәсекеде топ жарды. Ақпарат саласының үздігі атанды. Облыста «Алтын қауырсын», «Жыл журналисі» сияқты көптеген номинацияны бірнеше дүркін иеленіп көш бастаса, республикалық байқауда бағы жанып, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Сөз зергері» сыйлығының иегері атануы талай жылғы тынбай төккен тердің өтеуі болса керек. «Ерен еңбегі үшін» деген мемлекеттік награда да алды. Туған жері – Төлеби ауданының құрметті азаматы. Түркістан облыстық мәслихатының екі дүркін депутаты болып елге қалтқысыз қызмет етіп келеді.
Ғалымжан Елшібай – ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған журналист.
Оқырман жазған мақаласынан-ақ авторының кім екенін айна-қатесіз таниды. Бұл да Ғалымның бірегейлігі мен қолтаңбасы. Талай сыни мақаласы жарыққа шықты. Өзі талай жыл меншікті тілші қызметін атқарған республикалық басылымдардан халықтың мұң-мұқтажын зерттеп, газет атынан араша түскен сыни мақалаларымен көптің құрметіне бөленді. Заңды бұзып, менмендікке салынғандардың, мемлекет мүлкін өз меншігіндей жұмсаған жемқорлар мен парақорлардың айыбын бетіне басып жазған сын мақалаларын жұртшылық сүйсіне оқыды.
Ғалымжанның мен ерекше құрмет тұтатын тағы бір ерекшелігі өте еңбекқор. Оқырман алдындағы жауапкершілігі, ішкі мәдениеті мықты. Досқа адалдығы мен ұйымдастырушылық қабілеті бөлек тақырып десем болады. Керемет әке, отбасына өте қамқор, бізге сыйлы дос!
Түркістан облыс орталығы болғалы өңір журналистикасы дамудың жаңа кезеңіне қадам басқаны анық. Бұған дейін шеткі өңір, провинция ретінде саналып келген Түркістанда қазір заманауи журналистік орта қалыптасты. Күллі түркі әлемінің рухани орталығы атанған киелі өңірдің журналистика саласын дамытуға кімдер атсалысып келеді десек, алдымен ауызға ілігетіндердің қатарында Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының тұңғыш төрағасы болу пешенесіне жазылған Ғалымжан Елшібайды ерекше атап айтуымыз қажет. Жаңадан құрылған облыста төрағалықтың тізгінін ұстаған 5 жылдың бедерінде түркі әлемінің қара шаңырағы атанған қасиетті Түркістанда түрлі халықаралық және республикалық, өңірлік медиафорумдар мен семинарлар, кездесулердің өтуіне мұрындық болды. Ғалымжан Қамытбекұлы оңтүстік журналистикасының сапасын арттыру, заманауи стандарттарға сай болуы үшін болашақ журналистерді даярлайтын Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің басшылығымен өзара меморандум түзіп, тығыз байланыста бірлесе жұмыс атқарды.
Ғалымжан Журналистер одағы филиалының төрағалығынан кеткен соң да журналистердің басын қосып, ауқымды іс-шараларды ұйымдастырып жүретін бағытынан таймады. Айталық, былтыр қасиетті оразада отбасының атынан дастархан жайып, ауызашар берді. 200-ден аса адам қатысқан сол шараға журналистикада бірге жүрген әріптестер, саланың ардагерлері, өңірдегі қолына қалам ұстаған қауымның алдыңғы, орта, кейінгі буыны шақырылды. Өмірден өтіп кеткен журналистердің жұбайлары мен перзенттері де ұмыт қалмады. Әсет Тілеукеев, Әмірсейіт Әлиев, Жұмамұрат Тұяқбаев, Оразхан Жарқынбек, Қайырғали Медет сынды аға буын өкілдері, журналистикадағы ұстаздарымыздың есімдері еске алынды. Сол ауызашарда марқұм болған 40 шақты журналистің аттарын атап, дұға бағышталды.
Ғалымжан Елшібайдың тікелей ұйытқы болуымен осыдан 12 жыл бұрын оңтүстік өңіріндегі меншікті тілшілер клубы құрылған болатын. Осы мерзім ішінде «собкорлар» бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болып кеткеніне өзім де куәмін. Табиғат аясындағы демалыс болсын, спорт жарысы болсын – барлығына да меншікті тілшілер қауымы бір ұжымның мүшелеріндей атсалысып, ел-жұрт қызығатындай ауызбіршілігін танытып келеді.
Қазақта «елу – ердің жасы» деген сөз бар. Толдым, болдым деген жас емес, әрине. Десек те адам өмірінде үлкен бір асу, үлкен бір белес. Алар асулар, бағындырар белестер әлі алда деп ойлаймын!
Айгүл ҚАПБАРОВА,
ҚР Парламенті
Сенатының депутаты