Қоғам

Қаламын қолынан түсірмей кетті

87 жасқа қараған шағында белгілі жазушы, сатирик, ­тарих зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ­халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Табыл Құлыяс дүниеден озды.

[smartslider3 slider=2173]

1935 жылы 15 желтоқсанда Ақтөбе облысы Ойыл ауданы «Қаракөл» кеңшарында туған қаламгер 1978 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірді. 1950 жылдан бастап республикалық «Пионер» журналы (қазіргі «Ақ желкен»), «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеттерінде мақала, өлеңдері шығып тұрды. 1957 жылдан Ойыл аудандық «Еңбек туы», «Жаршы» газеттерінде аймақтық, республикалық басылымдарда очерктері жариялана бастады.

«Көкшетау правдасы», Жамбыл облыс­тық «Еңбек туы» газеттерінде қызмет істеген. 1970 жылы республикалық телерадионың Торғай, Ақмола облыс­тарындағы меншікті тілшісі, қазақ телевидениесінің насихат редакциясында редактор қызметін атқара жүріп, «Жебе» сатиралық журналын шығарды.

«Кесілген бұрым» атты тұңғыш сатиралық кітабы 1977 жылы жарық көрді. «Сауда сақал сипағанша», «Қоңыраулы күлкіграмма», «Жалмауыз», «Құйын», «Ақмылтық» (екі том), «Жегі» сатиралық кітаптары, «Шемен шер», «Дүние дәурен», «Ізет» сияқты очерктері, «Аңыз ізімен» романы шықты. Жампоз жырау, әділ би, жаужүрек батыр Жиембет Бортоғашұлы жайында «Жиембет батыр» роман-эссесін жазды.

«Миға қойылған бомба» кітабында таңдамалы шығармалары жинақталды. Сонда сұрқай саясаттан халықтың көрген қорлығын әшкереледі. Жағымпаздықты, жалтақтықты, жемқорлықты, сатқындықты сынады. Әлдекімдерді ұлтым, жерім, елім, халқым дейтін сенімге селкеу түсіргені үшін қаламымен түйреді.

Табыл Құлыяс тарих зерттеушісі ретінде тыным таппай архивтерді аралап, Ресейге дейін барып, ақтаңдақ беттерді ақтарды. Ашаршылық, қуғын-сүргін сынды ХХ ғасырдың 20-30-жылдары қазақтың басына түскен нәубет, ащы шындық «Қан кешу», «Қырғын», «Қан-жоса ғасыр» кітаптарында көрініс тапты.

Сатиралық шығармаларынан бастап романдарына дейінгі еңбектері әдебиеттанушылардың, замандас жазушылардың тарапынан жоғары бағасын алды. Көрнекті жазушы Дүкенбай Досжан оның сатирасы туралы жылы пікір білдірген еді. Ал Әбіш Кекілбайұлы «Қан-жоса ғасыр» шығармасы әдеби тәсілдің жаңа қырымен көркем жазылып, бұрын-соңды белгісіз болған деректерді мәлім етуімен құнды болғанын, «өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандыруға», тәуелсіздікті құрметтей білуге аз да болса үлес қосатын туынды екенін айтқан еді.

Табыл Құлыястың көзі тірісінде-ақ филология ғылымдарының докторы Серікқали Байменше табылтануға жол салды. Енді шын мәнінде қаламгердің екінші ғұмыры басталады.

Табыл Құлыяс кешегі Ақмола, бүгінгі астана журналистикасының қалып­тасуына үлкен үлес қосты. Ақмола облыстық телевизиясындағы «Бұғалық» сатиралық тележурналының авторы болды. Өзіміздің «Астана ақшамы» газеті ашылғанда басылымымызда біршама уақыт қызмет істеп, «Қалақай» мүйісін шығарды.

Өмірден өткенше газетімізбен байланысын үзген жоқ. Қаламын қолынан түсірмей, мақалаларын жолдап тұратын. Табыл Құлыястың еңбегі лайықты бағасын алды. Б.Қыдырбекұлы атындағы сыйлықтың лауреаты, Ойыл ауданының құрметті азаматы атанды. 2020 жылдың әдеби жыл қорытындысында сатиралық шығармалары үшін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын иеленді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button