Басты ақпарат

ҚАЛАМЫНА СҮЙЕНГЕН ҚАЙРАТКЕР

Жазушы, публицист, өнертану ғылымында өшпес қолтаңбасын қалдырған ғалым, киногер  Камал Смайылов туралы ести қалсам, менiң ойыма мына бiр өмiрiмнiң жарқын сәтi орала кетедi.
«Жас Алаш», «Қазақ әдебиетi» га­зет­те­рiнiң шығармашылық мектебiнен өткеннен кейiн Әлихан Бәйменов бастап, зиялы ағалар топтасқан партияның ба­сылымы – «Ақ жол Қазақстанда» қыз­мет етiп жүргем. Жас адамның макси­малист болуы – заңды. Елдегi барлық мәселе бiзге қарап тұрғандай, не жазсақ та, жанымызды салып отырып жаза­тынбыз. Расында да, қазақтың бiзден бас­қа сүйенерi жоқтай, кәсiбiмiзге соншалық адал болуға тырысушы ек…
2003 жылдың Наурыз тойын партия өкiлдерi Алматыдағы тау жақтың лебi есiп тұратын «Алаша» мейрамханасында өткiзетiн болды. Оған шетелдiк мейман­дармен қатар, өзiмiздiң ұлт зиялылары да шақырылды. Небiр ығайлар мен сы­ғайлардың арасында қазақ журналис­тикасына қазық болған мүйiзi қарағай­дай танымал тұлғалар да, журналис­ти­каның жiлiгiн шағып, майын iшкен қыра­ғы қаламгерлер де бар. Табиғат аясын­дағы бөлек-бөлек ғимараттардан тұра­тын мейрамхананың әр-әр жерiнде қо­нақтар топ-тобымен өз бетiнше тамақ­танып, әңгiме-дүкен құрып, емiн-еркiн той­лап жат­қан. Мейрамхана шығыс мәдениетiне сай безендiрiлген екен. Iшi мұражайдай жарқырайды. Жанымда сол кезде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Өнер отауы» атты басылымында қызмет ете­тiн замандас қыз – ақын Жазира Ахме­това бар, әлгi қабырғаны жағалай қойыл­ған жәдiгер­лердi тамашалай бас­тадық. Бiр кезде залдың шеткi бұры­шын­да үлкен кiсiлер­мен отырған Нұр­төре Жүсiп ағамыз: «Мына балалар – бiздiң қыздарымыз», – деп дауыстап қалды. Жалт бұрылсақ, жанындағы Төрегелдi Шарманов пен Камал Смайы­ловқа әдейiлеп бiздi таныстырып жатыр екен. Кiм бiледi, үлкен ағаларына келiп сәлем берсiн деп, үн­дегенi шығар… Бiз де түсiне қойдық та, ағалардың қасына таяп, амандаса бас­тадық. Бұл кезде «Ақ жол Қазақстан­ның» бас редакторы, журналистикада талай жасқа үлгi болып, ықпал еткен, өзiндiк мектебi бар Нұртөре ағамыз болса бiздi жеке-жеке таныстыруға көштi.
– Мiне, мына бала…
Осы кезде өзiн онша танымай тұрға­нын бiлдi ме, жанымдағы құрбы қыз:
– Жазира Ахметова, – деп саңқ ете қалды. – Мен «Өнер отауы» газе­тiнде iстеймiн. Сiздердiң iзбасарларыңызбын.
– Ал мына бала, – деп, Нұртөре аға сөзiн сабақ­тай бердi. – Бiздiң «Ақ жол Қазақстанның» Аста­надағы тiлшiсi – Нәзира…
Сол-ақ екен:
– Байырбек пе? – деп Камал Смайы­лов сөздi өзi iлiп алды.
Сөйтiп, маған жылы жүзбен шуақ шаша қара­ды да:
– Иә, бұл қыз жақсы жазады! – деп күлiм­сiредi…
Жақсы адамнан жақ­сы сөз есту – бiр ғанибет. Жаман адамнан жақсылық көру де – өкiнiштi.
Жаманның жақсылығын қайтiп айта­сың?..  «Ол онша ұнамсыз тұлға болса да, менi қолдап едi, көтерiп едi, маған демеу болып едi» деуден басқа амал бар ма?.. Ал, жақсының жақсылығын қуа­нып, мақтанышпен, шаттанып отырып айт­пай­сың ба? Иә, жақсының өзiңе iсте­ген жақсылығын нұрың тасып отырып жет­кiзесiң.
Бүгiн мен де, қазаққа өлшеусiз еңбек еткен теңдессiз тұлға Камал Смайылов туралы шуақтанып отырып баяндауға осы сәттiң арқасында мүмкiндiк алдым.

* * *
Қазақтың мұңын бiреу жылап, бiреу күңiренiп, ендi бiреу күлiп отырып айтады.
Жазушы, публицист Камал Смайылов осылардың соңғысына жақын келушi едi. Қаламгермен «Егемен Қазақстан» газе­тiнде екi жылдай хат жазысып, елдiң мұ­ңын мұңдап, жоғын жоқтасқан Шер­хан Мұртаза ағамыздың үзеңгiлес досы­на бiр жолы: «Сен өткенде күннiң шуағы­на те­мекi тұтатып тұрғандай сөйлеп едiң» деп, кiнәмшiлдiк танытуы да сондықтан.
Расында да, Камал Смайылов шы­ғар­ма­шылығы тұлғаның оптимист болға­нын бiрден айғақтайды. Жан-әлемiнiң арғы түкпiрiнде ұлт болашағы тұрғы­сын­дағы асқақ арман, үлкен үмiт, тiптi кейде күдiк жатса да, қаламгер күрсiнiске бой алдыр­майды. Өзiнiң асқардай арманын жазба­ларына арқау етедi. Сөйтiп, кейiнгi жасқа, ел билеушiлерге жол көрсетiп, бағдар бередi.
1993 жылы жазған «Қазақтар және әлемдiк деңгей» деген мақаласында жа­зу­шының: «Ендi тәуелсiздiк келдi. Еркiндiкпен бiрге жауапкершiлiк, үлкен мiндет түстi мойынға. Осы тұрғыдан ой­ла­сақ, не бар, не жоғын саралайтын кез келдi», – деп  ұлттың еңсесiн көтеру үшiн жаңа сөз бастағаны есiмiзде. Осы­лайша Камал Смайылов тәуелсiздiк алып, әлi ес жия алмай жатқанда ерте­рек еңсе көтеру үшiн елдiң санасына түрткi болуға тырысқан. «Бұрын бәрiн Кеңес Одағының көлем деңгейiмен салыстыратын, өлшейтiн едiк. Ендiгi есеп өлшем дүниежүзiлiк-әлемдiк тұр­ғыдан жүргiзiлуi тиiс» деп, сананы отар­лықтан азат етуге талпынған. Бұған қоса автор қазақтың бодандық жылда­рында-ақ жұлдызы жанып, қабiлет-қа­рымы мен қызметiмен шет елдерге дейiн танылған тұлғаларын тiзiп шыққан. Сала-сала бойынша, тiптi, шетелдiк көрер­мендердi тәнтi еткен бишi-күйшiлерiмiзге дейiн атап өтiп, қазақтың әлемдегi ешбiр елден кем еместiгiн дәлелдеген.
«Қазақстанның жаһандандыру дәуiрiн­дегi жетi жобасы», «Қазақстан ураны және басқа бағалы металдар», «Ғарыш және Қазақстан», «Уран қанша тұра­ды?»… Осы сынды мақалаларының бәрiн­де де алтын құрсақ Қазақстанның даму­ға қаншалық мүмкiндiгi бар екенiн сара­лаған.
Өзiнiң озық ойлы, жаңашыл тұлға еке­нiн қаламгер басқа салада да дәлелдедi.
Көгiлдiр экранда тұңғыш қазақ мульт­фильмi – «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» дүниеге келуiне тiкелей ықпал жа­сады. Кино жөнiндегi мемлекеттiк коми­теттi басқарған тұста «Қыз Жiбек», «Ата­манның ақыры» фильмдерiн түсiруге мұ­рындық болған. Оның сыртында Камал ағамыз «Атамекен», «Тақиялы перiште», «Көксерек», «Қараш-қараш оқиғасы», тағы да басқа ұлттық мәдениетiмiздiң мақ­танышына айналған көркем фильм­дер­дiң дүниеге келуiне бастамашы бол­ған. Ал, телевизия саласында жүргенiнде теле­өнiмдердiң «Айтыс», «Терме», «Тама­ша» секiлдi ұлттың жанына жақын бағ­дар­ламалармен толығуына жағдай жа­сады.
Жалпы, Әлихан Бөкейханұлының «ұлт­қа, жұртқа қызмет ету – бiлiмнен емес, мiнезден» деуi рас екен. Камал Смайылов қай салада қызмет етiп, нендей тiрлiк жа­са­са да, ең бiрiншi ұлттың мүддесiн ой­лады. Қазағының жоғын жоқтап, барын түгендеуге күш салды. Қазаққа ғарыш­тың қажеттiгiн айту керек болса, Камал Смайы­лов – ғарышкер, қазаққа қазба бай­лығы туралы айту керек болса – гео­лог, әлеу­меттiң жағдайын жақсарту тура­лы айту керек болғанда – экономист бола бiлдi. Қай кезде де әлеуметтiң күйiп тұр­ған мәсе­лелерiн көтердi.
Әлеумет дегеннен шығады, қазақтың қайткенде де көштен қалмауын, жақсы өмiр сүруiн көксеген Камал Смайылов «Егемен Қазақстан» газетiне «Қазақстан­ның жерi миллиард адамды асырай ала­ды» деген мақала жазған. Кейiнiрек «Елiм, саған айтам, ел басы, сен де тың­да!» деген атпен кiтап болып шыққан ха­т­тар, Шерхан Мұртаза мен Камал Смайы­ловтың екеуара жазысқан хаттар легi дәл осы мақаладан кейiн ағылып сала берген едi. Шер-ағамыздың Камалға хат жазып отырып: «Бiз бай елмiз демей, нақты цифр­лармен сөйлетесiң. Цифрлар сенiң құлдыраңдап жүгiрiп жүрген жиендерiң сияқты» деп, қаламгердiң шеберлiгi мен алғырлығына тәнтi болуы, Қазақстанның қазба бай­лығына толы жерiн алтын сандыққа теңе­генiн айта келе: «Онда бiз сол алтын сандықтың үстiнде неге жалаң бұт отыр­мыз» деп, күңiрене сұрақ қой­ғаны да осы тұс.
Әрине, нақты дерекпен сөйлейтiн Ка­мал аға да бұл сұрақты ескерусiз қал­дыр­мады. Шерханның хатына жауабын­да: «Бiздiң жер БҰҰ ғалымдарының есебi бойынша, кемi 20-30 миллиард адамды асырайды екен. Адамдардың ақылы жетсе, саясаткерлердiң рахымы болса, жердiң жомарттығында шек жоқ», – деп, халықтың тұрмысы билiк басындағы­лардың ықылас-пейiлiне байланысты екенiн ашық айтты…

* * *
Камал Смайыловтың әдебиет, өнер, кино саласына сiңiрген еңбегiн айта келе Әбiш ағамыз, Әбiш Кекiлбаев, тұлғаны «мәде­ниет менеджерi» атаған. Ал бертiн­де, Камал Смайылов қайтыс болғаннан кейiн, естелiк жазып отырып Шерхан Мұр­таза мынадай ойын жеткiзген едi: «Ай, Камал-ай, Камал-ай! Сен арқалағаны алтын, жегенi жантақ түйе сияқты жур­на­лист болмай, сол заманда Премьер-министр, тым болмаса жоспарлау ми­нистрi қыз­метiн атқарғаныңда, сол за­манда шетел­ден ет-сүт, басқа да кәкiр-шүкiр­лердi қымбатқа сатып алмай-ақ, қайта солар­ды өзiмiз молынан өндiрiп, сыртқа өзiмiз сатып, пайда табар едiк-ау…»
Осылайша қаламгерлер Камал Смайы­ловтың қазаққа қажет бiртуар биiк болғанын бiлдiрiп келедi.

* * *
Камал Смайыловты менiң көруiм, ол кiсiнiң жер бетiндегi, арамыздағы соңғы айлары екен. Қаламгер, қайраткер, жан-жүрегi «қазағым» деп өткен ағамыз сол 2003 жылдың 25 маусымында өмiрден озды.
Әлi күнге көз алдымда.
Сол жылдың наурызында әлi де ел тағдыры, жер тағдыры туралы ағамыз үлкен толғаныс үстiнде жүрген. Камал ағаны көрген сәтте жанымда болған замандасым Жазира Ахметова: «Бiзге неге мақала жазбайсыз? Жазып тұр­майсыз ба?» деп тұрып, ағаға назда­нып, өзiнiң өкпе-ренiшiн бiлдiрiп жатқан. Жүзi күлiмсiреп тұратын Камал аға: «Жарай­ды, жарайды, жазам» деп, ұрыс естiген жас баладай, «жеңiле» берген едi… Жанымдағы замандас қыздың өжеттiгiн көрiп: «Мiне, нағыз журналист осындай болатын шығар… Мен өз кәсiбiме лайық емес екенмiн» деп, үндемей тұрған өзiмнiң ұялшақтығыма налығандай болғаным да әлi есiмде.
Бiрақ… сонда да, арада тоғыз жыл өткенде Камал ағамыз туралы жазуға мүмкiндiк алдым. Бұған да тәуба.

* * *
Айтпақшы, Шерхан ағаның: «Құдай Камалдың қолына қару етiп қалам бердi. Камал сол қаруды тот бастырмай, топастандырмай, таза әрi өткiр ұстады» дегенi – шындық. Камал Смайылов өмi­рi­нiң соңғы сәтiне дейiн қолынан қа­ла­мын тастамады. Соңғы жылда­рын­да ол Қазақстанның болашағы, дамуы туралы ойлары мен сараптамаларын Мырза­гелдi Кемелдiң жобасы бойынша жарық көрген «Дүние» журналына жа­риялап отырды. Байқалғаны, қаламгер кейiнгi жастардың жазғанын да зер салып қарап отырған екен. Өйткенi, сол жылғы сәуiр айында бiз iстейтiн «Ақ жол Қазақ­стан» газетiне бiр әрiп­тесiм­нiң «Бақ па, сор ма Байқоңыр?!» деген мақа­ласы шық­қан. Ал, Камал аға артын­ша өзiнiң «Ға­рыш және Қазақстан» атты мақала­сында Байқоңырдың тиiмдi пайдаланса қазаққа қанша кiрiс әкеле­тiнiн нақты дәйекпен айта келе: «Бiреу­лер осы Бай­қоңырды бағымыз ба, соры­мыз ба» деп жүр» деп тұрып, газетi­мiз­де шыққан мақаланы тiлге тиек еткен…

* * *
Құрдасы Шерхан Мұртазамен хат алысып жүрiп, Камал ағамыздың: «Бiр ой менi тынышсыздандырады. Аға ұр­пақ­тың есiмдерi  мен iстерi ертең еш­кiм­ге керек болмай қала ма?» деп, жас­тардың алдыңғы толқынмен рухани бай­ланысы үзiлiп бара жатқанына налығаны бар екен…
Бiрақ, бұл алаң – орынсыз алаң көрi­недi. Бүгiн елiмiзде тәуелсiз ойлайтын, сананың отарсыздануын, қазақтың дер­бес дамуын көксейтiн және соған қызмет етуге құлшынған ұрпақ өсiп келедi. «Қазақстанда айналдырған 16 миллион адамның дұрыс тұрмыс құрып, алаңсыз тiршiлiк етуiне мүмкiндiк мо­лы­нан бар» деп, әр отандасының мүд­десiн көксеген, әр жазбасымен қазақ­тың күйiн күйттеген қаламгердiң мұн­дай заманда ұмытылуы әсте мүмкiн емес.

Нәзира БАЙЫРБЕК

Жаңашыл да жанашыр санаттан үнемi табыла бiлген сирек сүлейлердiң бiрi де, бiрегейi де Камал Смайылов болды. Оның есiмi талай жарық жұлдыздарымыздың өмiрбаянынан өз орнын табары анық.
Әбiш Кекiлбаев

 

Тарихқа көз жүгiртсек, халық қамын ойлаған елшiл азаматтардың көпшiлiгiнiң журналистиканы серiк етпегенi жоқ… Камал Смайылов пен Шерхан Мұртаза, Сапар Байжановтарды саясат сахнасына көтерген – журналистика.
Намазалы ОМАШҰЛЫ

 

…Одан кейiнгi аға ұрпақтың iшiнен бiз, әрине, Камал Смайыловтың атын мақтанышпен атаймыз. Олардың бiздiң алдымызда да және басқа жерлерде де айтқан әрбiр сөзi, ауылға келiп-кеткенде айтқан әңгiмелерi бала кезiмiзден бiзге ерекше әсерлi болды.
Әлихан БӘЙМЕНОВ

 

Камал қандай биiкке көтерiлсе де, қандай жоғары лауазымда жүрсе де кiшiпейiлдiлiгiнен, кiсiге жұғыстығынан жаңылған емес. Орынтақта шiренiп отырып шешiм қабылдау оған жат болатын. Қашанда қарауындағылармен ақылдасып, мәселенi көп талқысына салып шешуге тырысатын.
Сарбас АҚТАЕВ

 

Камал мен Төрегелдi. Екеуiнiң достығы кiсi қызыққандай. Бiрi – қаламгер, бiрi – дәрiгер. Екеуiн байланыстырып тұрған не? Адамгершiлiк. Iзгiлiк. Қазақ елiнiң егемендiгi, тәуелсiздiгiн алып тәубә деген елдiң түлеуi, тiптi самғауы! Екеуi де бейне дәрiгер секiлдi: бiрi халықтың тәнiн қорғайды, екiншiсi елiнiң жанын қорғайды.
Құлбек ЕРГӨБЕК

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button