Сұхбат

ҚАЛАМЫЗДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР ЖАҢАРТЫЛАДЫ

Іргетасы 1974 жылы қаланған Астана қаласындағы №1 автобус паркі бас қаладағы ең ірі жолаушылар кәсіпорыны болып табылады. Мұндағы автобустар халықаралық немесе қала маңындағы тасымалмен айналыспайды, олар тек қала ішінде ғана жолаушыларға қызмет көрсетеді. Жақында өткен тікелей тілдесу барысында Астана қаласындағы «№1 автобус паркі» АҚ басқармасының төрағасы Сергей Николаевич Богатырев елордалық оқырмандарға осы және өзге де мәселелер төңірегінде әңгімеледі. 

Сергей БОГАТЫРЕВ, Астана қаласындағы «№1 автобус паркі» АҚ басқармасы төрағасы:

– Қаламыздағы қоғамдық көлік­­­­тер­­дің жүргізушілері мен кон­­дук­­тор­­ларына көбіне мәде­ниет­тілік жетіспей жатады.­ Олай дейтін себебім, кейбір автобус­тар­дың жүр­гі­зушілері жол бой­ын­да теле­фонмен сөйлесіп отыра­ды. Бір-бірі­мен жарысатындары­ тағы­ бар.­ Бұл туралы халық та­ жиі­ ша­ғым­ айтатын болар. Осын­дай­­ келең­­сіз­дік­термен қалай күре­се­сіз­дер?
– Иә, дұрыс айтасыз. Астана қаласында қоғамдық көлік қызметін жақсарту мақсатында көптеген игі істер атқарылып жатқанына қарамастан, тұрғындар тарапынан сіз айтқандай шағымдар жиі түсіп жатады. Бұған бір ғана себеп бар, ол – жүргізушілер мен кондукторлардың жұмысқа тұрақтамауы деп ойлаймын.
Біз көпшілік жағдайларда жаңадан жұмысқа орналасқан мамандарды өз кәсібіне үйретіп үлгермейміз. Олар­дың басым бөлігі желідегі жұмыстың ауырлығына шыдамай, жұмыстан өз еріктерімен шығып кетіп жатады.
Негізі, біз автопарк жүргізушілері мен­ кон­дук­тор­ларын жұмысқа қабыл­­­­да­мас бұрын оларды кәсіби орта­­­лық­­та­ оқы­тамыз. Онда жол ере­жесі, жолау­­шы­лармен жұмыс істеу, тех­ни­­ка­лық қауіпсіздік, өрт бол­ған жағ­дайда не істеу керек, соның бар­­­лы­­ғын үйретеміз. Дегенмен, қоғам­­­дық көлік жүргізушісі болу да оңай­ емес. Олар таңсәріден тұрып, ел жат­қан­да жұмыстан қай­тады. Мұн­дай жұмысқа екінің бірі шыдай бер­мейді. Сондықтан да жергілікті халық мұндай қиын жұмыс­ты істе­гі­сі­ кел­мей­ді. Көбінесе аймақ­тар­дан көшіп кел­ген­дер­ді, жұмыс іздеп жүрген­дерді жұмысқа алуға мәж­бүр­міз. Оларды D кате­го­­рия­­­сына қай­та­дан­ даярлаймыз, ша­ма­мыз келгенше әлеу­меттік қол­дау көрсетеміз. Сөйте тұра, кадр тұрақ­та­майды. Өйткені, қаламызда басқа қолайлы жұмыс жетіп жатыр.
Қазіргі таңда қалалық автобустарда жол жүру ақысын электронды түрде төлеу әдісін енгізуге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бірінші кезекте қаржы тәртібін орна­туға септігін тигізеді деп ойлай­мын.­ Яғни, әр жолаушының жолақы­сын төлегені бақылауда болады. Осы­ған орай, жүргізушілердің жұмы­­сына да өзгерістер енгізіледі. Кейін кондукторларсыз жұмыс істеу тәсіліне көшетін боламыз.

– Астанадағы автобустардың дені – жаңа, соңғы үлгідегі көлік­тер.­ Бірақ, солардың кейбірінің сырты әдемі болғанымен, салон­да­рының тазалығы талапқа сай келмей жатады. Қоғамдық көлік бол­ған­дық­тан, оны жуып-тазалап отыру керек қой. Неге осындай лас­ автобуспен жұмыс істеуге жол бересіздер?
– Ережеге сәйкес, біздің парктегі авто­бус­тар күн сайын жуылып, таза­­ланады. Ал, тәртіп бойынша лас­ көліктер желіге жұмыс істеуге жібе­ріл­мейді.

– Есімім – Алматбек. Жолақы қымбаттайды дегенді естідім. Сол рас па?
– Алматбек, бүгінгі таңда барлық жолаушылар кәсіпорындары көп шығынға батып отыр. Себебі, жанар-жағар май бағасы өсуде. Дөң­ге­лек­тер­дің және автобустарға қажетті басқа да бөлшектердің бағасы қымбат. Осының салдарынан шығын көбеюде. Сондықтан, тарифті өсіру қажеттігі туындағаны рас. Бірақ, жолақыны қымбаттату керектігі жөнінде мәселе көте­ріл­гені­мен, әзірше ешқандай шешім шығарылған жоқ.

– Сергей Николаевич, саланың соңғы жаңалықтары жөнінде біл­гі­міз келеді. Бұл туралы не айтасыз?
– 2014 жылдың екінші жартысынан бастап жылжымалы құрам жаңар­ты­лып, 2016 жылға дейін қазіргі заманға лайықты 300 автобус сатып алынады. Сондай-ақ, алдағы уақытта жеңіл рельсті транспорт жүйесі және БРТ (Bus rapid transit), яғни, жүрдек автобустар іске қосылатын болады. Қысқасы, EXPO-2017 көрмесі бас­тал­ғанға дейін қаламыздағы көлік­тер жаңартылады.
Бүгінгі таңда біздің №1 автобус­ паркі 10 маршрут бойынша қала­лық­тарға қызмет көрсетеді. Біздегі МАН, Скания, Вольво, ЛиАЗ-5256 және Хюндай Аэро Сити маркілі автобустардың жалпы саны 200-ден асады.

– Кейбір автобустардың қаты­нау­ жиілігі дұрыс емес. Мәсе­лен, жақын­да­ №7 автобусты 20 минуттай күтіп қалдым. Жүргізушіден жөн сұрап едім, дұрыс жауап бермеді. Неге бұлай?
– Біздің парктегі барлық авто­бус­тарға GPS – спутниктік бақылау жүйесі енгізілген. Сол арқылы авто­бустардың бір аялдамадан екін­ші­сі­не дейінгі жүру жиілігі жіті бақы­ланады. Тек, кейбір кездерде, мәселен, қалада кептеліс көп болған жағдайларда ғана олардың белгіленген уақыттан сәл ауыт­қып,­ кешігіп келуі мүмкін. Басқа уақыт­тарда автобустар кестеде белгі­лен­ген уақыт бойынша жүреді.

– Автобуста үлкен адамдарға орын беру керек екенін қазіргі жас­тар­дың көбі біле бермейтін сияқты. Кейбір қыз-жігіттер құлақ­қап­ киіп ала­ды да, өз беттерімен отыра береді. Оларды орындарынан­ тұр­ғы­зып, егде адамдарға орын ұсыну кондук­­тор­­лар­дың тікелей міндеті емес пе?
– Әрине, біздің қала үлкен, халық көп. Сондықтан, мұндай жағ­дай­лар­дың да орын алуы әбден мүмкін. Жастар өздері біліп, үлкен­дер­ге орын бермеген жағдайда, бұл жөнінде кондуктор салонда отырған қыз-жігіттерге айтып, ескертіп отыруы керек.
Бүгінде қала тұрғындарының көп­ші­лігі қоғамдық көлікпен жүреді. Олардың қатарында қала қонақтары да бар. Сондықтан, кондукторларға таңертең жұмысқа, кешке үйге асық­қан жергілікті тұрғындармен қатар, сырттан келген қонақтардың көңілін табуға да тура келеді. Бұл ретте, бізде түрлі тренинг, сабақтар өткізіліп тұрады.

– Бір кездері кондукторлар мен­ жүр­гі­зушілердің бірыңғай киім­дері болушы еді. Солар қайда кетті?
– Астанадағы №1 автопарктің жүр­гізушілері мен кондукторлары арнайы киім үлгілерімен қам­та­ма­сыз етілген. Бұл ретте, біз өз автобус­та­рымыздың жүргізушілері мен кондук­тор­ларынан бірыңғай жұмыс киімін киіп жүруді талап етеміз және мұны біздегі бақылау қызметі үнемі қадағалап отырады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button