Елорда тынысы

Қаланы газдандыру барысы қаралды

Елорданы газдандыру жобасы үш кезеңге бөлінгені белгілі. Осы уақытта бірінші және екінші кезең жұмыстары аяқталды. Қорытындысында көгілдір отын 14 мың абоненттің үйіне дейін тартылды. Нақты қаланың 1800 тұрғыны газға қосылды. Бұған қоса, 1-ЖЭО-ның жеті қазандығы мен 2-ЖЭО-ның алты қазандығы газға ауыстырылды. Қазір бұл орталықтарда қондырғыларды іске қосу жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар 21 әлеу­меттік нысанды газға көшіру жұмыстары аяқталып қалды.   

[smartslider3 slider=1577]

Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында осыны баяндаған қалалық Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Закарин бұл бағытта атқарылған жұмыстармен таныстырды.

– Қазір газдың қатып қалып, құбырдан жүрмей қалу мәселесі өзекті болып отыр. Бұған көп тұрғын шағымданып жатыр. Бұл проблеманы шешу үшін газдандандырудың бүкіл желілерінде қосымша конденсат жинаушы құрылғылары орнатылды. «ҚазТрансГазАймақ» компаниясы апатты бригадаларды екіден сегізге дейін көбейтті. Газ келмей қалған жағдайда көмір қоры жасалды. Ол газ тоқтаған жағдайларда тұрғындарға берілуде, – деген Р.Закарин қаланы сумен қамту жұмыстарымен таныстырды.

Оның айтуынша, шаһардың сумен қамту жүйесінің жалпы ұзындығы – 1,5 шақырым. Бұл желінің орташа тозу көрсеткіші 41 пайызды құрап отыр. Қаланың 98,1 пайыз тұрғындары орталық су жүйесімен қамтылған. Ал тұрғындардың 1,8 пайызы колонкаларды пайдаланады. Былтыр сумен қамту бойынша екі жоба іске асырылды. Ал осы жылы бес жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның жалпы құны – 12,3 млрд теңге.

– Биыл су тапшылығы проблемасын жою үшін жаңа сорғы-сүзгі стансасының құрылысы басталды. Оның қуаты – тәулігіне 105 мың текше метр. Осы жоба аясында магистралды су желісін салу жоспарланды. «Оңтүстік шығыс», «Казгородок», «Көктал», «Өндіріс», «Интернациональный», «Мичурин», «Промышленный» тұрғын алаптарында сумен қамту, су бұру проблемалары бар. Осы жылы «Агроқалашық» көшелерінде су желісі салына басталып, төрт учаскеде 1,1 шақырым құбыр салынды. Сонымен қатар 2021 жылы «Оңтүстік шығыстың» оң қапталы, «Өндіріс», «Казгородок», «Кирпичный», «Промышленый» тұрғын алаптарында сумен қамту, су бұру желілерін салу бойынша жоба іске асырыла бастады. «Интернациональный» және «Мичурин» тұрғын алаптарын сумен қамту мәселесі жаңа сорғы-сүзгі стансасы пайдалануға берілгенде шешіледі, – деді Р.Закарин.

Қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі Бауыржан Смайылов нақты газға қосылған абоненттердің аздығын атап өтіп, шағын және орта бизнес нысандарын көгілдір отынға қосу мәселесін көтерді. Газды косумен айналысатын бір ғана сервистік компания жұмыс істеп жатқанын, сол тарапта тұрғындардан көптеген шағымдар түсіп жатқанын айтты.

– Біз газдандырудың көптеген желілерін салуды биылғы қараша-желтоқсан айларында аяқтап жатырмыз. Жарты жыл бұрын газға шамамен алғанда 400-ге жуық абонент қана қосылған еді. Ал кейінгі екі-үш айда бір мыңнан астам адам қосылды. Қазір өтініштер де көптеп түсіп жатыр. Сондықтан «Интергаз» компаниясына мамандарды көбейту туралы өтініш жібердік, – деді Р.Закарин.

Қоғамдық кеңес отырысында басқа да мәселелер қаралды. Қалалық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қасымхан Сенғазыев қосымша білімнің қазіргі жағдайы, болашақ жоспарлары жайында баяндады. Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ерсін Өтебаев Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында квазисектор қызметкерлерін қысқарту, осы бағыттағы жұмыстар жайлы айтты. Басқа да бірқатар басқармалардың басшысы тиісті мәселелер бойынша есеп беріп, Қоғамдық кеңес мүшелерінің сауалдарына жауап берді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button