Басты ақпаратМәдениет

Қаланың көркіне көрік қосқан

Астанада осы күндері көше өнерінің Astana Street Art фестивалі өтіп жатыр. Елорданың 20 жылдығына арналған шараға жас суретшілерден құралған бес команда қатысуда. Көп  қабатты тұрғын үйлердің қабырғаларынан қаланың көркіне көрік қосқан суреттерді байқасаңыз, бұл – солардың туындылары. Аталмыш жобаны Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасы «Құланшы» қазіргі заманғы өнер орталығымен бірге қолға алып отыр.

«Бүгінде граффити бейресми өнер ғана емес, тұтастай мәдени бір бағытқа айналды. Бір кездері осындай суреттер заңсыз болып саналған, ал енді оларды Нью-Йорк, Лондон, Париж, Мәскеу секілді әлемнің ірі қалаларында тарихи ғимараттардың қасбеттерінен көре аламыз. Бұл суреттер Астананы ажарландыра түспек» дейді Астананың Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов. Жобаға қатысып жатқан суретшілер туындыларын Астананың мерейтойына тарту етіп, шығармашылықтары арқылы жергілікті тұрғындарға қуаныш сыйламақ.

«Жас суретшілер үшін бұл үлкен тәжірибе. Бұл ретте кенептің орнына қалалық ғимараттардың қасбеттерін пайдалану – елес-қиялына ерік беріп, қалағаныңды салуға мүмкіндік береді» дейді «Құланшы» қазіргі заманғы өнер орталығының артдиректоры Айгүл Тегжанова.

Жұмыстардың басым бөлігінен қазақ халқының дәстүр-салтын, бір сөзбен айтқанда, ұлттық ерекшеліктерін көруге болады. Мысалы, Кенесары көшесіндегі №63 үйде киіз үйдің жанында тұрған қазақ қызы бейнеленген. Нұрлан Қилыбаевтың эскизі бойынша жобаланып, «Ықылас» атауы берілген бұл суретті Ержан Танаев, Аққали Зәкіров, Айнұр Сейіткерімова, Роман Главатских, Әділбек Қаракесеков және Фариза Жаһанова салып шықты.

Астананың аудандары да қаланы безендіруге үлес қосуда. Көктемде «Urban Art Astana» атты халықаралық байқау жарияланды. «Инстаграм», «Фейсбук» әлеуметтік желілерінде халық көп дауыс берген суреттер бүгіндері анықталды.

«Байқауға әлемнің түрлі елінен 30-дан астам суретшінің 70-тен астам эскизі келіп түсті. Олардың қатарында Қазақстан, Ресей, Украина, Қырғызстан, Индонезия, Польша, Испания, Израиль, Әзербайжан секілді елдер бар. Қазылар алқасы және Астана қалалық құрылысы 26 эскизді таңдап алды. Солардың ішінде үздік 6 туынды іріктеліп алынды. Енді олар ауданымыздың көркін арттыра түспек» дейді Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек.

Бірінші орынды граффити бағытындағы Жамбыл Жабаев пен Сәкен Сейфуллиннің портреттерін салған «Арт» тобы иеленді. Екінші орынды Евгений Честың «Табиғат тақырыбында коллаж» атты туындысы алды. Ал үшінші орын Дмитрий Левочкиннің «Сұлтандар» суретіне бұйырды. Осыларға қоса Константин Даниловтың «Тарих», Максим Реванштың және «DOURONE» тобының (Испания) туындылары жүлдеге ілікті. Таланттарға қолдау көрсету мақсатында Азамат Халықовтың «Қыз қуу» тақырыбындағы туындысы да таңдап алынды.

Арман Тұрлыбектің айтуынша, жұртшылық суреттердің орналасуына қатысты ұсыныстарын жеткізеді алады. Ал ASTANA Street Art фестивалі 30 маусымға дейін жалғасады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button