Мәдениет

Қаланың қазағымыз

Бұрын қалаға барып тұру қор­қынышты тәрізді еді. Әсіресе, Алматы ауылдан келген ағайынға ала­бөтен көрінетін. Өзге елдің қаласы сияқтанатын. «Онда тұру үшін тіл білу керек. Орысша. Тізе­ден түсіріп, ұзын кимеу керек. Ауылдан келгеніңді білдірмеу керек» деп жататын үлкендер. Әйтпесе өзін сырттай ақсүйек етіп қалыптастырған өзге ұлт өкілдері түтіп жейтіндей көрінетін.

Кейін егемен ел болдық. Көп­шілік әлі «ертеңгі күніміз не болады?» деген қорқыныш пен кү­мәннан арыла алмай жатқанда-ақ Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев астананы ауыстыру мәселесін көтерді.
Бұны, әрине, бәзбіреулер Елба­сымыздың жеке мүддесіне балады. Тіпті, «Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің атын шығару үшін қала салдырмаған» деген секілді пікірлер де айтылды. Ал бұрынғы жүйе мен қалыптасқан қоғамды өзгерткісі келмегендер экономикалық ахуалдың тө­мен­дігін алға тартып, тәуелсіз елдің жаңа қадамына кедергі келтіруге ты­рысып-ақ бақты.
Осы жағдайға қарап, ел ордасын Ақмолаға көшіру Елбасымыздың ерлігі екенін мойындамау мүмкін емес. Бүгінде Арқадан әсем Астана бой көтерді. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылып келіп жатыр.
Ең бастысы, Астана «қазақша сөйлейді». Мұнда кез келген мекемеге барсаңыз, сізге мемлекеттік тілде қызмет көрсететіндер бар. Өз тіліңде сөйлеп, өзіңнің ата-бабаңнан қалған мәдениетке қа­ныққан соң, бұл қалада қалай же­тім­сірейсің? Жоқ, Астана – біз­дің бәріміздің туған қаламыз.
Осы қалада ХХІ ғасырдағы қазақ менталитеті қалыптасып келеді.
Елордада, байқасаңыз, той-жиындар да, тұрмыс-салт нышан­дары да сұрыпталу үстінде. «Заманына қарай заңы» демекші, бүгінгі уақыт талабына сай салт-дәстүрлері жаңарып, жаңғыра бастаған қалың қауым өзінің жаңа ғасырдағы өзгеше бет-бейнесін жасай бастады.
Бұл қаланың адамдарынан әсі­ресе еркіндік, қаланы өзімсіну байқалып тұрады. Астанадағы әр қазақ бұл қаланың өз қаласы, өзінің тәуелсіз елінің астанасы екенін сезінеді. Ал Астананың тар­тымдылығының арқасында бү­кіл Ақмола облысы қазақылана бас­тады деуге болады. Ол көршілес жатқан облыстарға да әсер ететіні даусыз.
Астананы өз басым шексіз сүйе­мін. Бұл қала – біздің жеріміздің кіндігі. Сондықтан, бүкіл елімізге Астананың ықпалы бірдей.
Бұл қалада тұратын өзге ұлт өкіл­дері де ел мен жердің, осы қаланың иесі қазақ екенін жақсы сезінеді. Бүгінде елордадағы мемлекеттік қызметтегі өзге ұлт өкілдері қазақ тілін біледі. Қазақтың тілін білу осы мемлекеттегі азамат­тардың бәрінің ортақ міндеті екенін түсінеді.
Астанада, расында, ұлттық салт-дәстүр, тарих, жалпы ұлттық ұғым­дардың жаңғыруы байқалады. Алайда, қазақ мәңгілік киіз үйде отыруға, қыздары шұбатып ұзын қос етек көйлек киіп, ұлдары жел­біретіп шапан жамылып өтуге жаралмаған. Сондықтан да, жан-жүрегімен қазақ болып туған қауым мұнда ұлттық модер­низа­цияланудың үлгісін көрсетіп отыр деуге болады.
Астана еңсе көтерер ескерт­кіш­­терге бай. Талай тарихи тұл­ға­ларымыз тіріліп келіп, осы қа­лада, бүгінгі ұрпаққа жөн сілтеп тұрғандай көрінеді. Көшелеріне тарихи атаулар берілді. Бір сөзбен айтқанда, Астанада Қазақстанның жиынтық бейнесі жасалған.
Сол ескерткіштердің ішінде ең айтулы, ең қастерлі екі дүние бар. Оның біреуі – Есілдің сол жа­ға­лауындағы жаңа қалада орна­ласқан «Қазақ елі» монументі де, екіншісі – «Мәңгілік ел» қақпасы. Елордада осындай ескерткіштер болуының өзі қазақ елінің үлкен мұраттар ұстанған тәуелсіз мемлекет екенін айтпай ұғындырады.

Әйгерім СЕЙІТМАТ,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button