Басты ақпаратШаһар шаруашылығы

Қаланың шеткі аймағы шет қалған жоқ па?

«Ауылы бүтінді аман де, елі бүтінді есен де». Ескіден қалған есті сөзден елдіктің негізі ауылда екенін ұғасыз. Шынында, қазақ үшін қаланың да ауылы бар. Елорданың іргесіндегі теміржолшылар қонысына бағыт алдық. Сапар мақсаты – журналист көзқарасымен қоныс өмірін қаперге алу. Қырқыншы стансасының уақытпен үндескен серпілісі қалай, ортақ мәселесі және перспективалы қандай жобалары бар? Бұл туралы тұрғындарынан сұрап білдік.

Қоныстың қадірін арттырып, берекесін тасытатын тұрғылықты халқы десек, елдің әлеуетін демографиялық көрсеткіш арқылы өлшеп жатады. Алғашқы құрылған жылдары 10-15 түтін болса, қазір оның саны 700-ге жетіп, 13 мың адамнан асты.

Мұнда темір жол саласында ризығын ажыратып отырған отбасылар басым. Теміржолшылар қонысы – Петропавл – Қарағанды – Балқаш және Барнаул – Павлодар – Астана – Қарталы – Магнитогорск қаласын қосатын темір жол қиылысында орналасқан стратегиялық маңызды объект. Мұнда әрі-бері өткен жүк пойыздарына техникалық қызмет көрсетіледі. Жолаушылар пойызы уақытша тұрақ ретінде тұрады.

Одан бөлек, әлеуметтік бағыт – мектеп, балабақша, емхана, кітапхана және т. б. жұмыс істейді. Кәсіпкерлік те дамып келеді. Қырқыншылардың басым көпшілігі ел орталығына қатынап жұмыс істейді. Бұдан қоғамдық көлікке сұраныс жоғары екенін ұғасыз.

– Мұнда екі бағытта автобус қатынайды. Олар: №22, 22-А және 15, 15-А елді мекен тұрғындарына қызмет көрсетеді. Әрине, қала бойынша қоғамдық көліктің қатынау жиілігі бойынша мәселе жоқ емес. Автобус паркі басшыларының сөзінше, қоғамдық көліктердің бірқатары жөнделуде. Техника болғаннан кейін бұзылмай тұрмайтыны белгілі ғой! – деді Алматы ауданы әкімінің бас инспекторы Мадияр Тұқпатов.

Мемлекеттік қызметкердің сөзін іліп әкеткен қоныс тұрғыны Торғай Мақажанова:

– Шүкір, автобус қатынайды. №22 автобусты бірнеше аялдама қосып, мектепке дейін жүрсе деген өтінішіміз бар. Қыс ауасы оқушылардың білім ордасына дейін жетуі қиын. Елді мекеннің шеткі аумағындағы балалар 40-50 минутта жаурап-жасынап жетеді. Сосын «Заңғар» сауда үйінің маңында адам көп жүреді. Көліктер де әрі-бері ызғып жатады. Осы жерге бір аялдама қойылса дейміз. Бұл балалардың қауіпсізді үшін маңызды, – деп жергілікті деңгейде шешілетін мәселені көтерді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру осындай істерден көрінеді. Яғни қоныс тұрғындары сұрады ма, оны шешудің жолы қарастырылуы тиіс. Инспектор Мадияр Тұқпатов бұл бағытта жұмыс істейтінін жеткізді. Нәтижесін алдағы уақытта көрерміз.

«Қырқыншыда» 16 шақырымды құрайтын 19 көше бар. Оның екеуі әйгілі космонавт Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтың құрметіне берілді. Біріншісінде 28 тұрғын үй бар. Ұзындығы – 380 метр. Ал екіншісінде небәрі 15 үй орналасты. Ұзындығы – 350 метр.

Ең ұзын көшесі – Екібастұз. Ұзындығы – 980 метр. Тұрғындар осы көшенің қазіргі жай-күйіне алаңдаулы екенін жасырмады.

– «Ауылдың жақсылығы жолынан білінер» демей ме. Басты көшеміз – Екібастұздың бүгінгі ахуалын көріп, қоныстың тіршілігіне баға беруге болады. Инфрақұрылымды жетілдіру мақсатында әр жерден қазып тастады. Қазір жаяу жүрмек түгілі, көлікпен жүрудің өзі мұң, – дейді қоныстың белсенді тұрғыны Вироника Ким.

Көлік және жол-көлік инфра­құрылымын дамыту басқармасының тапсырысы бойынша Екібастұз көшесінде маңызды әрі ауқымды жұмыс жүруде.

– Бұл жұмыстар қоныс тұрғындарының игілігі үшін жүргізілуде. Интернет және су жүйесі үй-үйге кіргені жақсы емес пе?! Жұмыс біткеннен кейін алғыс айтатын боласыз­дар. Жалпы теміржолшылар қонысында атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Екі жылы аялдама келді. Темір жол өткелінен өтетін жол кеңейтіліп, төрт жолақты етілді. Көшелер толық жарықтандырылды, – деді М.Тұқпатов.

Қоныстың инфрақұрылымы туралы айтқанда, Астана қаласы бойынша газдандыру осы аумақтан басталды. Ондағы 633 абоненттің 279-ы газға қосылды. Жалпы 443 тұрғын үй иесі газға қосуға өтініш берді. Газ қосқысы келетіндер Республика даңғылы №34, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жүгінуге болады.

Теміржолшылар ескі мектеп ғимаратында Оқушылар сарайының филиалы ашылғанына қуанып жүргенін білдік. Жасөспірімдер үйірмелер мен секцияларға тегін қатысады. Бұл – ата-аналарға үлкен көмек. Бұған дейін шығармашылығын шыңдағысы келетін жастар елорданың орталығына қатынайтын еді.

Жергілікті тұрғын Зайра Мұхамеджанованың айтуынша, су беруде іркіліс бар, жел тұрса, жарық жиі сөнеді.

Қазір Интернациональный ауылының аумағында НФС-3 құрылысы жүргізілуде. Станса пайдалануға берілсе, Железнодорожный және басқа аудан тұрғындарына үзіліссіз су беру жолға қойылады. Бұл туралы Алматы ауданы әкімі аппараты тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ерлан Сәрсекеев айтты.

Ал электр желісінің 80 па­йызы тозғаны – белгілі жайт. Бұл мәселені жергілікті билік жақсы біледі. Көп ұзамай ауыл ішінде қаланы үздіксіз электр жарығымен қамтамасыз ететін трансформаторлық қосалқы станса салынады екен. Дәл қазір Агроқалашықта осындай жұмыстар жүргізілуде. Екінші кезең – Сороковая стансасы. Мерзімі – 2023-2024 жылы.

«Ауылдас, ауылдаспен қауымдас» дегендей, қоныстың дамуына ниетті тұрғындар ортақ істе біріге жұмыс істейді. 2018 жылы В.Маяковский көшесінде сквер халық игілігіне берілсе, биыл Иманақ көшесінде 1,2 гектар қоғамдық алаң жабдықталды, 6 мың шаршы метр аумақ абаттандырылды. Шағын футбол және тренажер алаңы ашылды. Күзде экологиялық айлық аясында 200 түп ағаш, 100 түп үйеңкі, 100 түп алма отырғызды.

«Қырқыншының» іргесінде туберкулез ауруханасы орын тепкен, COVID-19 індетін жұқтыр­ғандарды сауықтыратын аурухана бірнеше шақырым жерде орналасқан. Оның үстіне, бас қаланың қар полигоны да осы тұста. Қоныс тұрғындары бұл мәселелерді де жасырып қалмады. Әрине, «Қырқыншының» бұл мәселесін қала әкімдігі толық білетіні әрі кезең-кезеңімен шешудің амалын қарастырып отырғаны анық.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button