Жаңалықтар

ҚАЛДЫҚСЫЗ ТЕХНОЛОГИЯЛЫ ҚАЛАШЫҚ БОЙ КӨТЕРЕДІ

27ab911c5dce56a662939d6147f2dfda

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мақұлдаған «Астана ЭКСПО-2017» архитектуралық жобасының тұжырымдамасымен журналистер танысты. Таныстыру рәсімі Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде өтіп, Қоршаған орта және су ресурстары министрі, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қаппаров, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасы төрағасының құрылыс және сәулет жөніндегі орынбасары Бекжан Көлбаев, «Adrian Smith+Gordon Gill Architecture» компаниясының өкілі Роберт Форест жоба жайлы жан-жақты мәлімет берді.

Олардың сөздерінен білгеніміздей, «ЭКСПО» қалашығының жалпы аумағы 175 гектар болады. Соның 25 гектары көрменің өзіне берілсе, қалғанында әлемде теңдесі жоқ ғима­раттар бой көтереді. Тұрғын үйлердің, сауда мен қызмет көрсету орындарының құрылысы ең жаңа технологиялар бойынша жүргізіледі. Құрылыс жұмыстарына пайдаланатын материалдар да халықаралық стандарттарға сай.

Нұрлан Қаппаровтың айтуынша, қалашықты салуға 10 мыңнан 20 мыңға дейін адам тартылса, олардың 70 пайызы отандық құрылысшылар болмақ. Тек, сфера секілді негізгі ғимарат құрылысын шетелдік мамандар атқаратын болады. «Оның себебі – сфера өте күрделі құрылыс. Қазақстандық бірде-бір компания ондай құрылысты жүргізе алмайды» деді бұл жөнінде Қоршаған орта және су ресурстары министрі.

Елорда тұрғындары Астана болашақта «ақылды қалаға» айналатынынан хабардар. Соған сәйкес, көрме қалашығында ақылды электр желісі, күл-қоқыс өңдеу технология­лары жұмыс істейтін болады. Тарқатып айтсақ, «Жасыл энергияға» негізделген қалашық күн мен желден қуат алып, Астананың электр желісіне тәуелді болмай-ақ, өзін-өзі жарықпен қамтамасыз етеді. Жарық үшін төлем де минимальді болмақ. Қалашық сонымен бірге жел қатты соғатын күндері өзінен артылған энергияны Астанаға беруге қауқарлы болады. Әрине, тымық және бұлыңғыр ауа райы тұрғанда электр жарығы қалашыққа қаладан берілмек.

Күл-қоқыс өңдеу технологиясына келсек, қоқыс өңдеу зауыты мен әр ғимарат арасына вакуумдық жүйе салынады. Ол ғимараттардағы күл-қоқыс зауытқа түсіп, өңделеді. Зауытта ешқандай жағымсыз иіс болмайды. Онда сонымен қатар, су да тазартылады. Ал, тазартылған су ғимараттарға қайтып келеді.

Нұрлан Қаппаровтың сөзінен тағы бір білгеніміз, қалашық аумағынан күніне 100-120 мың адам өтетіндіктен, мұнда нысандарын салатын кәсіпкерлер көл-көсір пайдаға кенелмек. Қалашықта салынатын, ТМД елдерінде баламасы болмайтын сауда орталығының тұтынушылары мол болатынына сенімді.

Қоршаған орта және су ресурстары ми­нистрінің айтуынша, отандық сәулетшілер канадалық компаниямен бірлесіп, қалашықты абаттандыру жұмыстарымен айналысады. Атап айтсақ, олар ұзындығы 2 шақырым болатын саябақ салады.

Қорыта айтқанда, «ЭКСПО» қалашығынан баспана бұйыратын елорда тұрғындары қай жағынан алып қарасаңыздар да бас қаланың ең жайлы ауданында тұратын болады. «Әлемде ЭКСПО көрмесінің екі түрі бар. Оның бірі – әмбебаптық, екіншісі – мамандандырылған. Екеуінің ерекшелігі, әмбебаптық көрме нысандарын негізінен көрмеге қатысушы елдер салады. Көрме өткеннен кейін бұл нысандар керек болмай қалып, қаңырап тұрады немесе бұзылып кетеді. Ал, тақырыптықта ол жоқ. Яғни, оның нысандарын көрмені өткізуші ел салып, олар мызғымай тұрады. Бақытымызға қарай, біз осындай көрмені өткізу құрметіне ие болдық» деді Нұрлан Қаппаров.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button