Қалдықтарды қайта өңдеу – өзекті

Кеше Астанада Үкімет отырысы өтіп, күн тәртібінде коммуналдық және өнеркәсіптік қалдықтарды басқару мәселесі талқыланды. Жиында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рысбеков баяндама жасады.
Астанада Құрылыс қалдықтары қалай басқарылады?
Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек бас қалада коммуналдық қалдықтарды басқару саласына цифрлық құралдарды енгізу аясында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. «Ең алдымен контейнерлік алаңдарды, полигондарды, көлік құралдарын және т.б. қамтитын қатты тұрмыстық қалдықтар инфрақұрылымының цифрлық картасы жасалды. Қызмет тұтынушылары туралы деректер цифрландырылды. Шарттар бойынша операциялар, сондай-ақ логистика және қатты тұрмыстық қалдықтарды әкету мониторингі цифрлық форматқа ауыстырылды. Жасанды интеллект элементтерінің көмегімен ағымдағы ауа райы жағдайлары мен жолдардағы кептелістерді ескере отырып, оңтайлы бағдарлар қалыптасады» деді әкім.
Оның айтуынша, қоқысты шығару фактісін растаудың екі деңгейі енгізілді: көліктің орнына келгені туралы GPS-растау және қатты тұрмыстық қалдықтарды түсіруге «дейін» және «кейін» фотофиксациясы. Осылайша, цифрлық жүйе коммуналдық қалдықтарды кепілдендірілген шығару жүйесін құруға мүмкіндік берді. «Цифрлық жүйені қолданысқа енгізгеннен кейін тұрғындар тарапынан түсетін шағымдар аптасына 200-ден 1-2 шағымға дейін төмендеді. Есепке алынбаған абоненттер саны азайды және төлемдерді жинау 75 пайызға дейін ұлғайды. Жыл соңына дейін заңды тұлғаларды толық қамтимыз» деп түсіндірді Ж.Қасымбек.
Цифрлық жүйені енгізу және күтіп-ұстау мемлекеттік қаржыландырусыз қоқыс шығаратын компаниялар есебінен жүргізіледі. «Сонымен қатар, халық санының жыл сайынғы өсуі, пайдалануға берілетін тұрғын үй кешендерінің аумағының ұлғаюы қалдықтардың жинақталуы мен түзілу нормаларының ұлғаюына алып келеді. Осыған байланысты рұқсат етілмеген полигондардың пайда болуы өзекті мәселе болып қала береді, олардың 95 пайыздан астамы құрылыс қалдықтарынан тұрады. Мысалы, өткен жылы ғарыш-мониторинг нәтижелері бойынша 414 заңсыз қоқыс нүктесі анықталды, оның 90 пайыздан астамы жойылды. Қалғандары жақын арада ауа райы қолайлы болған кезде жойылады. Жаңа рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің пайда болуына жол бермеу бағытындағы іс-шараларға келсек, Экология министрлігімен бірлесіп, Астана қаласының аумағында құрылыс қалдықтарын басқару қағидаларының жобасы әзірленді. Ол құрылыс қалдықтарымен жұмыс істеуді және қалдықтардың қозғалысын есепке алу мен бақылау жөніндегі цифрлық құралды енгізуді регламенттейді. Осы ережелерді ағымдағы жылдың сәуір айының соңына дейін бекіту жоспарлануда. Осыдан кейін барлық құрылыс нысандарына әрбір рейстің құрылыс қалдықтарын есепке алу бойынша ақпараттық жүйе енгізуге кірісеміз. Мұндай іс-шаралар құрылыс қалдықтарын шығаруды реттеуге, мемлекеттік бақылау орнатуға және рұқсат етілмеген полигондарды болдырмауға мүмкіндік береді» деді қала басшысы.
Қоқыс тарифтерін әкімдіктер бекітеді
Бұл туралы Экология министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі тарифтер тиісті қызмет көрсету шығындарын өтемейді. «Тиімділікті арттыру мақсатында біз шекті тарифтерді бекітуді әкімдіктер құзыретіне береміз. Заңнамаға тиісті түзетулер Мәжілістің қарауында жатыр. Бұған қоса, министрлік мәселені жүйелі шешу мақсатында тұрмыстық қалдықтар тарифін 3 жылда кемінде бір рет қайта қарау кезеңділігі бойынша Кодекске түзетулерді әзірледі» деп түсіндірді мәселені министр.
Ерлан Нысанбаев елімізде тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) жинауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтер арнайы кәсіпорындардың шығындарын жабуды қамтамасыз етпейтінін ашық айтты. «Республикада жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам қалдықтар түзіледі, бұл ретте 2024 жылы қайта өңдеу деңгейі шамамен 26%-ды құрады, бұл жоспарланған 30%-дан төмен. Аталған мәселені шешу үшін министр мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) тетігін енгізуді ұсынды. Осы тетік шеңберінде ТҚҚ-ға шекті, экономикалық негізделген тарифті бекіту, сондай-ақ оны әкімдіктер деңгейінде белгілеу жөніндегі құзіретті айқындау ұсынылуда. Ол бойынша қазіргі және ұсынылатын тарифтер арасындағы айырмашылықты утиль алымдары есебінен жабу жоспарланып отыр» деді министр. Бұған қоса, Мемлекет басшысының ірі қалаларда қоқыс өңдеу зауыттарын салу жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде утиль алымдары есебінен жеңілдікпен қаржыландыру тетігі бекітілді. Ол утиль төлемі есебінен қаржыландырылатын, төлемдер бойынша екі жылға дейінгі демалысы бар жылдық 3%-дан 15 жылға дейінгі қарыздарды қамтиды. Бүгінгі таңда Министрлік әкімдіктер ұсынған құны шамамен 317 млрд теңге болатын 67 жобаны мақұлдады, оның 43-і қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған.
Экологиялық заңнаманы кім бұзады?
Елімізде қалдықтарды басқару талаптары бойынша экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін 2022 жылдан 2024 жылға дейін 14,3 млрд теңге сомасына 405 айыппұл салынды. Бұл ақпаратты да Үкімет отырысында Ерлан Нысанбаев жария етті. «Ең маңызды жағдайлардың қатарында қалдықтарды қажетті экологиялық рұқсаттан артық жинағаны үшін «Каспий Мұнай» АҚ-ға салынған 13,7 млрд теңге мөлшеріндегі айыппұл бар. «AltyntauKokshetau» АҚ және «Қаржы-инвестициялық корпорация» АҚ нормативтен тыс қалдықтарды жинағаны үшін жауапқа тартылды, олар тиісінше 145 млн теңге және 108,7 млн теңгені құрады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес әрбір кәсіпорын қалдықтардың көлемін азайту мақсатында ең үздік қолжетімді техниканы пайдалануды ескере отырып, қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеуге міндетті екенін атап өткен жөн» деді ол.
Өндірістік қалдықтар өңделеді
Алқалы жиында сөз алған Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қазақстанда 330 млрд теңгеге өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша 25 жоба іске асырылып жатқанын мәлім етті. Ол 133 млрд теңге сомасына 8 жоба енгізілгенін атап өтті. Биыл 110 млрд теңге сомасына 7 жаңа жобаны іске қосу жоспарлануда.«Сынықтарды, пластмассаларды, шыныларды және басқа да өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша іске асырылып жатқан жобалар қалдықтарды тұрақты басқару, экологияны жақсарту және саланың экономикалық тиімділігін арттыру үшін негіз болады» деді Ерсайын Нағаспаев.
Жаңа технологияларды қолдана бастады
Үкімет отырысында отын-энергетика кешеніндегі қалдықтарды басқару мәселелері де қаралды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің ақпараты бойынша, жер қойнауын пайдаланушылар қоршаған ортаға әсерді азайту мақсатында экологиялық заңнаманы, стандарттар мен нормаларды сақтай отырып, өнеркәсіп қалдықтары және мұнай қалдықтарымен жұмыс жүргізуде. «Атап айтқанда, қалдықтарды өндіру, кәдеге жарату, қайта өңдеу немесе басқа салаларда пайдалану сатысында пайда болатын қалдықтардың көлемін азайтуға бағытталған технологиялар қолданылады. Мұнай шламының пайда болуына жол бермеу бағытындағы іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіледі. Оның құрылуына қарай не өз күшімен, не мамандандырылған ұйымдарды тарта отырып, жинау және қайта өңдеу жүргізіледі, мұнай шламын көмуге жол берілмейді. Өндіріс процесінде пайда болған мұнай шламы жинақтау кезеңін айналып өтіп, дереу өңдеуге немесе кәдеге жаратуға жіберіледі» деді Энергетика министрі. Мәселен, «Қаражанбасмұнай», «ӨзенМұнайГаз», «МаңғыстауМұнайГаз» және «ЕмбіМұнайГаз» компанияларының нысандарында тарихи мұнай қалдықтарын кәдеге жарату және ластанған жерлерді тазарту жұмыстарын «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жүргізуде. 2018-2024 жылдар аралығында шамамен 4,5 млн тонна тарихи мұнай қалдықтары өңделді, оның 1 млн тоннаға жуығы 2024 жылы өңделген.
26 пайызы ғана қайта өңделеді
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам коммуналдық қалдықтар түзіледі, ал 2024 жылы кәдеге жарату деңгейі шамамен 26%-ды құраған. Премьер-министр Олжас Бектенов экологиялық ахуалға, халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасына әсер ететін қалдықтарды басқарудың маңыздылығын атап өтті.
«Қалдықтарды басқару жүйесін дамыту үшін былтыр елімізде арнайы жеңілдікпен қаржыландыру тетігі бекітілген болатын. Бүгінде 94 жобадан тұратын пул жасақталды. Алайда оларды іске асыру барысы мүлдем мардымсыз. Бүгінде 67 жоба қаралған. Соның 6-уы ғана 4 млрд теңге сомасында қаражатпен қамтамасыз етілген. Бұл жобаларды дайындау барысында әкімдіктердің тарапынан үйлестіру шараларының жеткіліксіз екенін білдіреді. Жобаларды іске асыру, жабдықтарды жаңарту, жаңа технологияларды енгізу бойынша барынша белсенді жұмыс жүргізу керек» деп атап өтті Олжас Бектенов.
Экология және табиғи ресурстар министрлігіне Өнеркәсіп қорымен және әкімдіктермен бірлесе, қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды іске асыру жұмысын күшейту тапсырылды. Үш ай мерзімде бекітілген тізімнің ішінен қаржы бөлінген жобалар санын кемінде 5 есеге арттыру қажет. Бұл ретте, өңір әкімдіктері қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жөніндегі әрбір жобаға олар іске қосылғанша толық қолдау көрсету маңызды.
Күл үйінділері көбейіп кетті
«Жыл сайын отандық кәсіпорындарда 1 млрд тоннаға жуық қалдық жинақталып қалады. Оларды қайта өңдеу көлемі шамалы, небәрі 11%-ды құрайды. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 70-80%-ға жетеді. Сонымен қатар кен орындарындағы үйінділердің құрамында бағалы және сирек кездесетін металл қоспалары бар. Оларды алу үшін тиімді жаңа технологияларды қолдану қажет. Энергетика кәсіпорындарының күл үйінділері де көбейіп барады. Барлық қалдықтарды тиімді басқарудың айқын жүйесін жасап, оны цифрландыру қажет. Дұрыс тәсілдерді қолдану арқылы қалдықтарды жойып қана қоймай, олар өңделіп, қайтадан кәдеге жаратылуға тиіс» деп атап өтті Олжас Бектенов. Экология, Өнеркәсіп, Энергетика және Цифрландыру министрліктеріне коммуналдық және өндірістік қалдықтарды басқару, мониторинг жасау және бақылау саласында цифрлық шешімдер әзірлеу тапсырылды. Премьер-министр бүгінде отандық тау-кен компаниялары қалдықтарды қайта өңдеп, оның ішінде құрылыс материалдары мен тыңайтқыштар және басқа да 30-ға жуық өнім түрін шығаратын жобаларды бастағанын мәлім етті.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Экология және табиғи ресурстар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 1 қыркүйекке дейін қалдықтарды басқару процестерін орталықтандыруға, барлық мүдделі тараптарды тартуға, циклдік экономика моделін құруға бағытталған қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.
Төлен ТІЛЕУБАЙ