Басты ақпарат

Қалдықтың қайтарымы қандай?

Әлем елдері бас қатыратын басты тақырыптың бірі – қоқыс мәселесі. Жан санының өсуіне, қалаласу процесінің тездеуіне байланысты алға шыққан бұл мәселе күн өткен сайын күрделесіп барады. Себебі ірі қалалардағы тұрмыстық қалдықтар жыл сайын тонналап өссе, тұтыну өреміздің жоғарылауына байланысты тұрмыстық қалдықтардың түрі де молайып, оны сұрыптап өңдеу жұмысына да зор қиындықтар туғызуда. Дегенмен осы заманғы технологияларды пайдаланып, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап өңдеп, кәдеге жаратып, қоқыстан ақша тауып отырған елдер де бар. Біздің елдің де бұл саладағы аяқ алысы жаман емес.

[smartslider3 slider=3118]

Дей тұрғанмен, Қазақстанда ірі қалаларда болмаса, аудан ауылдарда қоқыс өңдеу зауыты түгіл, ыңғайлы қоқыс полигоны да жоқ. Тұрғындар қоқысты қалаған жеріне төге беретін жағдай күні бүгінге дейін өзгермей келеді. Екінші тұрғыдан халықтың орта тазалығын сақтау, тұрмыстық қалдықтарды беталды тастамау санасы әлі де төмен. Осы жағдайға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне елді мекендер маңындағы қоқыс үйіндісі мәселесін шешуді тапсырып, «Мектептерде балалардың экологиялық сауаты пәнін енгізу керек» деген ұсыныс айтқан болатын. Содан бері де екі жыл өтті. Ауыз толтырып айтарлықтай үлкен өзгеріс жоқ. Ірі қалаларда тұрмыстық қалдықтарды түрге айырып жинау үшін қызыл, сары, көк… контейнерлер қойылып еді, оған қоқысты айырып тастап жатқан адам жоқ. Кез келген біреуіне лақтырады да жүре береді. Себебі ешкім үйінде қоқысты түрге айырып, сұрыптап жинамайды, қоқыс шелегіне кигізілген жарғақ қалтаға барлық қалдықты нығып салады да, толғанда лақтырып жібереді. Оның қоқыс өңдеу орындарындағы жұмысшыларға қаншалық қолайсыздық әкелетінін, жарғақ қалталардың экологиялық ортаға қаншалық зиянды екенін ойлап жатқан ешкім жоқ. Есесіне қоқыс уағында тазаланып, тасылмай, бір күн кешіксе, «тазалыққа жауапты орындар қайда қарап отыр?» деп байбалам салуға әзір.

Бүгінгі таңда қаладағы барлық қоқыс­тарды бір араға жинап, оны түрге айырып, сұрыптап тұрған жалғыз мекеме бар. Ол – «Аstana  recycling plant» ЖШС

Жыл сайын іргесі кеңейіп, жан саны қауырт өсіп келе жатқан еліміздің бас шаһары Нұр-Сұлтан қаласында да қоқысты бір жайлы ету өзекті мәселелердің бірі. Бүгінгі таңда қаладағы барлық қоқыстарды бір араға жинап, оны түрге айырып, сұрыптап тұрған жалғыз мекеме бар. Ол – «Аstana  recycling plant» ЖШС. 2008 жылы іргетасы қаланып, 2012 жылы өндіріске қосылған бұл мекеме алғашында күніне 400 тонна тұрмыстық қалдық қабылдаса, қазір бұларға жеткізілетін қалдықтардың мөлшері 1000 тоннаға жеткен. Ал зауыттың күндік өңдеу қуаты – 600 тонна. Бірақ қалада бұдан бөлек, қоқыс өңдеу зауыты болмағандықтан, тұрмыстық қалдықтарды артығымен қабылдап, тәулігіне 1000 тонна тұрмыстық қалдықты сұрыптауға мәжбүр. Демек, қала көлемінің ұлғаюына, жан санының өсуіне байланысты астанада күнделікті шығарылатын тұрмыстық қалдықтардың көлемі артып, қаладағы жалғыз қоқыс өңдеу зауытына түсетін салмақ та күшейген. Осыған байланысты «Аstana recycling plant» серіктестігің басшылары зауытты өзгертіп салу, яғни тұрмыстық қалдық өңдеу қуа­тын арттыру және көнерген жабдықтарды жаңарту үшін қатысты орындарға ұсыныс­тар айтып, өтініштер жазған. Алайда қағазбастылық пен бір мекеменің енді бір мекемеге сілтеуі, уақытты созуы сияқты себептермен зауытты кеңейтіп салу жоспары күні бүгінге дейін жүзеге аспаған. Қарық қылады деген «РОП» ЖШС да өзі күйреп тынған. Осы жағдайға байланысты аталған мекеме инвестор тарту арқылы ойға алған жоспарларын жүзеге асырудың жолын да іздеп жатқан көрінеді. Осыған байланысты жақында түркиялық инвесторлар аталған мекемеге ат басын тіреп, жалпы жұмыс барысымен танысып қайтты.

«Аstana recycling plant» ЖШС директоры Асыл Батыргереевтің айтуынша, қаладан жиналған барлық тұрмыс қалдықтары алдымен осы араға әкелініп, түрге айырылып сұрыпталғаннан кейін, соңында қалған қажетсіз қалдықтар қоқыс полигонына апарып көміледі. Онда да қоқысты беталды көме бермейді. Ғылыми тәсіл бойынша сығымдап отырып, экологиялық ортаға жасайтын әсерін барынша азайта отырып көміледі. Міне, осы тәсілдің арқасында бас қаладағы қоқыс полигонында күні бүгінге дейін бірде-бір рет өрт апаты туындаған жоқ.

Аталған зауыттың қоқысты сұрыптау жұмысы тікелей адам күші арқылы жүзеге асырылады. Яғни барлық тұрмыс қалдығы қолмен сұрыпталады. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі полигондарда пластмасса, пластика, полиэтилен, полиэтилентерефталат қапшықтарын, макулатура, картон және қағаз қалдықтары, құрамында сынап бар шамдар мен аспаптарды, қорғасын-қышқылды батарейкаларды, электронды және электр жабдықтарын, түрлі-түсті және қара металдарды көмуге ты­йым салынған. Міне, осы заңға сәйкес, жұмысшылар қоқысты түрге айырып, қайталай пайдалануға болатын қалдықтарды зауыттың өңдеу цехына жібереді. Міне, осы арадан картон қағаз, пластик құтылар сынды 10 шақты қалдық қайта өңдеуге жіберіледі. Оның кейбірінен жаңа өнімдер алынады. Мұны цифрмен сипаттасақ, бас қаламызда ТҚҚ өңдеу деңгейі – 75%, қайталама шикізатты алу деңгейі 17%-ға жетті. Бір кемшін жағы бұл зауыт әлі де тұрмыстық қалдықтарды өңдеуден қомақты табыс тауып отырған жоқ. Яғни қайта өңдеуден кіретін кірісі әлі де төмен. Оның үстіне бас қала тұрғындарының тұрмыс қалдығы үшін адам басына төлейтін ақысы да төмен. Небәрі 390 теңге. Судың, жарықтың ақысы көтерілгенімен, қосқа төлейтін соманың тарифі көп жылдардан бері өзгермей келеді. «Аstana recycling plant» ЖШС басшысының мәліметінше, осы соманың өзін қала тұрғындарының 30 пайызы төлемейді екен. «Жарықтың ақысын, су ақысын төлемесе, оны үзіп тас­тауға болады. Бірақ қоқыстың ақшасын төлемедің деп ешкімді мәжбүрлей алмайсың. Оның үстіне бұл ақша тікелей біздің мекемеге түсіп жатқан жоқ, бірнеше мекемені айналып барып біздің қолға тиеді. Ол салық төлеуден, жұмысшылардың жалақысын беруден ары аспайды. Сондықтан бізде өзімізді дамытатын қосалқы қаржы жоқ. Өлшем бойынша бір тонна тұрмыстық қалдық үшін 6000 теңге төленуі керек. Алайда қазір бұл сома 4000 теңгеден аспай тұр. Себебі тұрғындардың қоқыс үшін төлейтін сомасы төмен. Алматыда тұрмыстық қалдық үшін адам басына 550 теңге төленсе, ал астанада бұл көрсеткіш – 390 теңге. Оны көтерсе, халық наразылық білдіреді. Сол себепті он жылдың алдында салынған зауыттың көлемін кеңейтіп отыруға шарасызбыз. Күн өткен сайын қоқыс та көбейіп келеді. Оны өртеу жолымен бір жайлы етейік десек, атмосфераға жасайтын әсері де аз емес. Халық та қарсы шығады. Осы жағдайға байланысты жылына 750 мың тонна қоқыс өңдей алатын қуатқа ие зауыт салуды жоспарлағанбыз. Алайда мұның бәрі қаржы мәселесіне байланысты болып тұр. Қазір біз қалалық әкімдікпен селбесе отырып, су мен жарық мәселесін шешу үстіндеміз» дейді ЖШС директоры Асыл Батыргереев.

Қазір жұрттың бәрі жарғақ қалтаға үйір, дүкеннен зат сатып алса да, үйінен қоқыс шығарса да бәрін целлофан қалтаға салады. Алайда оның ертең қоқысқа айналып, экологиялық ортаға қаншалық залал келтіретінін ешікім ойламайды. Бұл жарғақ қалталарға қоқыс өңдеу зауыттары да қарамайды. Себебі ол одан қандай өнім өндірсең де өз құнын өтемейді, қайда барсаң жарғақ қалталардың шашылып, ағаш, шөптердің басында салбырап тұратынының себебі осы. Демек, қаламыз бен даламызды жалбыраған жарғақ қалта басып қалмасын десек, саналы түрде бас тартуымыз керек. Оның орнына ортаға залалсыз, қайта өңдеуге тиімді қағаз қалталарды пайдаланумыз керек. Бұл үшін жұртты соған мәжбүрлейтін қатаң заң керек. Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне де толықтырулар мен өзгерістер енгізіп, орта тазалығын сақтауға қатысты шараларды тез арада қабылдаған жөн. Сонымен қатар, жұрттың орта тазалығына болған танымын күшейтіп, қоқыс өңдеу ісінің жапасы мен михнатын, оның қоршаған ортаға жасайтын әсерін толық түсінуі үшін үгіт-насихатты күшейту қажет. Өйткені жұрт жұдырықтай жұмылмаса, айналаны қоқыстан тазарту және оны өнімді түрде өңдеу өте қиын. Қысқасы, ел болып ескеріп, жұрт болып жұмылмасақ, қоқыс мәселесі күн сайын күрделене бермек.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button