Сұхбат

Қалижан ЗАҢҚОЕВ, ҚМДБ-ның найб мүфтиі, Астана қаласының Бас имамы: ҚҰРБАНДЫҚ ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫНДАТАДЫ

– Барша мұсылман асыға күтетін Құрбан айт мерекесі жақындап қалды. Осы орайда оқырмандарымызға аталған мерекенің мән-маңызы жайында айтып өтсеңіз.

– Құрметті мұсылман қауым, қадірлі оқырман! Араға жыл салып, күллі Ислам үмметі аңсай күткен ұлық мереке – Құрбан айт та күн санап жақындап келеді. Баршаңызды ең алдымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және «Нұр Астана» орталық мешіті ұжымының атынан келе жатқан Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.
Әрбір мұсылман баласы Құрбан айт күні таңертең дәрет алып, өзінің алғашқы қадамын тазарудан бастап, мұнан кейін үстіне кіршіксіз таза да жаңа киімдерін киіп, хош иіс себініп, мешітте көпшілікпен бірге мерекелік намаз оқиды. Намаз соңынан бірін-бірі құттықтап, қуаныш-қызықты бірге бөліседі. Осылайша мұсылман мерекесі құлшылықпен басталып, өзінің барлық сән-салтанатымен имандылық думанына жалғасады.
Қасиетті Құрбан айт халықтың бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Айта кетейін, айт мерекесі – Ислам дінінен бұрын ежелгі Араб елінде дүние келген. Асыл дініміз мұны діни дәстүр, мұсылмандардың ең ұлық мерекесіне айналдырып, айрықша нұрландырды. Мінекей, содан бері Құрбан айт мұсылман ай күнтізбесіндегі зүлхижжа айының оныншы жұлдызында басталып, үш-төрт күн мерекеленеді. Негізінен, бұл айт мейрамы мұсылмандардың Мекке мен Мәдине шаһарларында қажылық парызын өтеу кезеңімен аяқталады.
Ислам елдерінде екі айт мейрам ретінде демалыс деп жарияланған. Аллаға шүкір, біз де бұдан кенде емеспіз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен тәуелсіз еліміз «Құрбан айт» мерекесінің алғашқы күнін республикалық деңгейде демалыс күні ретінде мерекелеп келеді. Қазақ елінің қазіргіден де биік рухани жаңарып, береке-бірлікке бастаған мұндай сауапты істері ұрпағынан – ұрпағына мирас болғай деймін.

– Құрбандық шалудың дініміздегі алар орнына тоқталсаңыз және төрт түліктен қандай малды шалған дұрыс?

– Құрбан айт мерекесінде мүмкіндігі бар әрбір мұсылман баласы Алла тағаланың ризашылығы үшін құрбандық шалуы тиіс. Тіпті, Алла Елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім дүние-мүлкі мол бола тұра құрбан шалмаса, біздің мешітімізге жақындамасын», – деп қатаң ескерткен. Сондықтан қорасында малы яки қалтасында қаражаты бар кісі сараңдыққа салынбай Алла жолында малын құрбан етіп, мұқтаж жандарға үлестіріп беруі керек.
Бұл рәсім Құрбан айт намазынан кейін айттың үш күнінде орындалады. Сүйікті пайғамбарымыз (с.а.с.) мерекенің басталуы мен құрбан шалудың уақытына қатысты: «Біздің бұл күнде алғашқы атқаратын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбандық шалу. Кімде-кім осылай етсе, біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбандығын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Мұның құрбан болуы мүмкін емес», – деген.
Айта кетейін, төрт түлік малдан тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе ғана құрбандыққа шалынады. Қой мен ешкі бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толуы керек. Алты айдан асқан тоқтының сыртқы көрінісі қомақты болса, құрбандыққа жарайды. Ал, ешкі міндетті түрде бір жасқа толуы керек. Қой мен ешкі бір кісі атынан құрбан етіледі. Ал, сиыр мен түйені бір адамнан жеті адамға дейін бірігіп құрбан етіп шала алады.

– Құрбандық малы қалай шалынады?

– Ең алдымен құрбандық малы сол жағымен құбылаға қаратып жатқызылады. Сосын бауыздайтын кісі «Бисмилләәһи Аллааһу әкбар» деп айтады. Малды иегінің астынан өңешін, кеңірдегін және күре тамырларын кесе отырып бауыздайды. Малдың жаны шықпастан басын кесіп алу және терісін алу – мәкруһ амал. Малды бауыздап жатқанда «Бисмилләһ» сөзін әдейі айтпай қойса, ол малдың етін жеуге болмайды.

– Құрбан малының еті кімге таратылады және терісін пайдалануға бола ма?

– Құранда «Хаж» сүресінің, 28-аятында: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер», – делінген. Демек, құрбандыққа шалынған малдың етінен өзі және өзгелер де жей алады. Дұрысы, бұл мәселеде пайғамбарымыздың өсиетін басшылыққа алып, құрбан етін үшке бөліп, бір бөлігін мұқтаж жандарға, екінші бөлігін туған-туыстарыңыз немесе көршілерге, ал қалған бөлігін өз отбасына алып қалған жөн. Сондай-ақ, «барлығын Алла жолында атадым» деп құрбан етін түгелдей тұрмысы төмен жандарға таратып беруге де болады. Ал, құрбан шалушы адам сойылған малдың терісін пайдалана алмайды және қасапшыға ақы ретінде де беруіне болмайды. Терісі садақа ретінде берілуі тиіс. Айтпақшы, шалынған малдың бас-сирағы мен ішек-қарнын ысырап етіп тастамай, оларды тазалап алып, мұқтаж жандарға үлестіріп беру керек. Құрбан айттың ең сүйікті амалы және осы мерекенің басты құлшылығы болған құрбандығымыз толықтай қабыл болуы үшін малдың жеуге жарамды болған ешбір ағзасы күл-қоқысқа тасталмауы қажет.

– «Тазалық – иманнан» демекші, қаламызда құрбандық шалатын арнайы орындар қарастырылған ба?

– Бұған Астана қалалық әкімдігінің қолдауымен қала сыртында арнайы мал сатылатын және мал сойылатын орындар дайындалады. Арнайы орындардың мекен-жайы алдағы уақытта қала тұрғындарына БАҚ арқылы хабарланатын болады. Өзіңіз айтқандай, Ислам діні тазалықты ту еткен дін. Сондықтан ұлық мереке қарсаңында қаладағы көп қабатты тұрғын үй аулалары мен көше бойларында тазалықты сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Қала тұрғындарынан құрбан шалу рәсімін арнайы орындарда ғана атқаруын сұраймыз.

– Оқырманға айтар тілегіңіз…

– Жаратқан Ие баршаңыздың ізгі ниеттеріңізді қабыл етсін. Сондай-ақ, қасиетті орындарда қажылық парыздарын өтеу үшін жолға шыққан бауырларымызға дін аман елге оралуды жазғай дегім келеді. Алла тағала күллі мұсылман үмметін жарылқап, асыл дініміз исламға күш-қуат берсін. Келе жатқан Құрбан айт мерекесі құтты болып, шалған құрбандықтарыңыз қабыл болғай. Әмин!

– Әңгімеңізге рахмет.

Айнұр ШОШАЕВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button