Басты ақпарат

Қаллекидің Ақтоқтысы

1991 жылдың 15 қарашасы күні Целиноград қаласында көптен күткен елеулі оқиға орын алып жатыр еді. Сол күні аппақ қармен көмкерілген кеште Атбасар, Қорғалжын, Ерейментау аудандарынан өнерсүйер қауым ағылып, «Тың игерушілер» сарайының билет кассасына қарай беттеді. Жұмыстан үйіне қарай асығып бара жатқан тұрғындар таңырқап, не болып жатқанын білгісі келіп, билет кассасының жанына таянды. Сол кезде барып жаңадан қазақ театры өз шымылдығын Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясымен ашып, тұңғыш қойылымын көрермендер назарына ұсынатынын біліп, жаңа театрдың премьерасын тамашалау үшін сарай ішіне кірді.

[smartslider3 slider=1796]

Сарай ішінде кешкі спектакльде Науан Хазіретті бейнелейтін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шәміл Жүніс, Ақтоқтының анасы Дәмелі болып көрінетін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рымкеш Омарханова, Ақтоқтының тағдырына алаң болған Ақан сері – Қайрат Кемалов, Мәрзия – Сапа Қайыржанова, Сердәлі – Сәкен Омаров, Мылқау палуан – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Баймағамбетов және спектакльге қатысатын өзге актерлер Түймехан Атымтаева, С.Мәзірбаев, Айман Аймағамбетова, Нұрай Танабаев барлығының жүрегінде үлкен толқыныс.

«Театр – халықтың болашағы. Сонау Семей жерінде Ойқұдықта, далада киіз үйді тігіп, «Еңлік-Кебек» пьесасын қойғанда Мұхтар Әуезов қазақ өнерінің болашағына сенім артқан ғой. Әуезов болмасақ та, Ақмоланың айналасындағы қазақ көрермендерін сахнаға келтіруге күш салуымыз керек. Ол үшін неге ауыл-­ауылды, жер-жерді араламаймыз. Бұл – Ақмола Целиноград болғаннан бері қымыз сапырылып, домбыра тартылып, ән шырқалмаған, тек орыстың частушкалары ғана шырқалған жер». Көрнекті режиссер, жаңа өнер ошағының көркемдік жетекшісі Жақып Омарұлының осы сөзі барлығының жадында.

Осылардың ішінде өзінің кейіпкерінің сыртқы және ішкі жан дүниесін, мінез-құлқын, сол замандағы қазақ қыздарының болмысын көрсетуге бар күшін салып жатқан Ақтоқты – Бақыт Исабекова да бар. Ақтоқты! Сұлу да кербез, нәзік Ақтоқты! Талай жігіттің сұлтанына арман болып, оларға қайырылмай, кіршіксіз сезімі «Ақан» деп тұратын махаббатқа берік Ақтоқты! Міне, атақты Ақан сері сүйген, Ғ.Мүсірепов пьесасына арқау еткен Ақтоқты осындай!

Бақыт Исабекова өзіне жүктелген жауапкершілікті сезініп жатыр. Өйткені Целиноградта жаңа қазақ театрының алғашқы қаһарманы Ақтоқты ғой! Бақыт Исабекова – Ақтоқты үшін мақсат та, міндет те айқын. Сол күні Қаллеки театрының шымылдығы ашылды. Жас өнер отауының бірінші қадамына құтты болсын айтып келген ҚазКСР Театр қайраткерлер одағының төрағасы, КСРО халық әртісі Әзірбайжан Мәмбетов, ҚазКСР Мәдениет министрінің орынбасары Әшірбек Сығай, ҚазКСР еңбек сіңірген қайраткерлері Қадыр Жетпісбаев, Ерсайын Тәпенов, белгілі режиссер Талғат Теменов спектакльге оң бағасын беріп, таланттар ансамбліне сәттілік тіледі.

Ел тәуелсіздігінің қарсаңында ашылған Қаллеки театры елімізбен бірге көптеген қиындықтарды көрді. Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңдері өнер ұжымына әсер етпей қоймады. Дарынды актерлерін Жақып Омаров жігерлендіріп отырды. Р.Омарханова, Ш.Жүніс, Б.Ибраев, М.Байсарина, Н.Танабаев, А.Аймағамбетова, Б.Исабекова ардақты режиссердің сенімінен шықты.

Бақыт Исабекова Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрының алғаш шымылдығы ашылғанан бері Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясында – Ақтоқты, Ә.Тауасаровтың «Махаббат аралы» драмасында – Айна, М.Шахановтың «Танакөз» поэтикалық драмасында – Танакөз, Қ.Ысқақтың «Шырғалаң» драмасында – Қарқабат, Т.Әбдіктің «Біз үшеу едігінде» – Дариға, т. б. кейіпкерлерді кескіндеді.

Елордалық көрермендердің сүйікті актрисасына айналған Бақыт Арғынғазықызы 1978 жылы медициналық институтқа түсуге Алматыға келеді. Ұлтымыздан шыққан тұңғыш скрипкашы Айткеш Толғанбаев өрімдей Бақыттың көзіндегі өнерге деген ұшқынды көріп, ақ батасын береді. Өнерге деген үлкен махаббатпен Алматы театр, кино және көркемсурет институтына профессор Р.Қаныбаеваның сыныбына қабылданады. С.Әшімов, Ж.Байжанбаев, Д.Әшімова, А.Омар, Б.Әбділманов, Ж.Бектемірова, Б.Исабекова барлығы бір топта оқып, Рабиға Мұқайқызының ұясынан үлкен өнер жолына қанаттанады. Арнайы жолдамамен сол кездегі еліміздегі көптеген театрлармен иық тіресіп қатар тұрған Семей облыстық қазақ драма театрына келеді. Театрдың бас режиссері Е.Обаев пен театр ұжымы жас актрисаны жылы қабылдап, қарсы алады.

Осы театрда жүргенде М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясында – Шолпан, М.Әуезов «Еңлік-Кебек» – Еңлік, Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» – Баян, Б.Васильев «Зори здесь тихие» – Комелькова, Ә.Тауасаров «Махаббат неге оянбады?» – Махаббат, О.Сүлейменов, Б.Мұқай «Заманақыр» – Мәлике, т. б. бейнелерді кейіптеді.

Жақып Омаровтың арнайы шақыртуымен Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрына қызметке шақырылады. Міне, отыз жылдан астам уақыттан бері осы театрда Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» драмасында – Үкібала, А.Вальехоның «Күн сәулесі түспеген» психологиялық драмасында – ана, Ж.Эвренің «Ізгілік формуласы» комедиясында – Тереза, А.Чеховтың «Ваня ағай» шығармасында – Мария Васильевна, М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясында – Ақбала, Т.Ахтановтың «Жоғалған дос» драмасында – Ғайни, Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітовтің «Беу, қыздар-ай» комедиясында – Күнсұлу сынды түрлі кейіпкерлерді түрлендірді.

Актриса кейіптеген сан қырлы тағдыр­лар арасында Ф.Оңғарсынова жазған «Даланың күйші Динасы» драмасында Жантолы да бар. Жантолы – Фариза ақынның прототипі. Бақыт Исабекова ойынынан даналық, даралықты, парасаттылықты бойына сіңірген дала дарынын көреміз. Бақыт – Жантолыдан ақындық пен қайсарлық қатар арпалысып жатқанын көреміз. Жантолы бейнесіндегі Бақыт Арғынғазықызы кейіпкерін нағыз жинақылыққа жеткізген.

Актрисаның театр сахнасында өзіндік ізденіс пен жаңашылдыққа жақын бейнелері де аз емес. Солардың бірі – «Адамзаттың Айтматовы» атанған Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» драмасындағы Үкібала. Аталмыш қаһарман – актриса ойынында көрермен жүрегін елжіреткен бейне. Спектакль басынан-ақ Едігеге Қазанғап өлімін естіртуге келген Үкібала театрсүйер жандардың жүрегіне әсер етпей қоймайды. Қойылым барысында Бақыт – Үкібала өткен өмір жағдайларына байланысты түрленеді.

Актер өмірінің бір ерекшелігі өнер жолында әр қалай кейіпкерлер галереясын жасап, көрермен назарына ұсынады. Бақыт Исабекова жайындағы сөзімізге Ә.Таразидің «Үкілі жұлдыз» комедия-фарсындағы Ай бейнесі дәлел. Ай – бар өмірін өнерге арнаған театр актрисасы. Жалғыз баласы дүниеден өтсе де, жүрегі «өнер» деп соғатын сахна майталманы ретінде актриса ойынында көрінді. Айдың ұлының жалғыз тұяғы, немересі үйленіп, отау құрып, жанында қолғанат болса деген асқақ арманы бар. Актриса Бақыт Исабекова аталмыш кейіпкердің ішкі жанайқайын, арпалысын актерлік техника арқылы айқындап берді. Бақыт Исабекова Ай кейіпкерінен ғұмырын театрға арнаған небір талапайлы тағдыр иелерін көрсетті. Мен кейде актрисаның осы бір рөлін тамашалап отырған кезде, көз алдыма өзім аттарын естіген талай «самородоктар» елестейді.

Қырық жыл өмірін өнерге, соның ішінде театр саласына арнап келе жатқан «Қаллекидің Ақтоқтысы» Бақыт Исабекованың таңғалдырар бейнелері әлі алда деп ойлаймыз.

Бахтияр Тұрсын,

Театртанушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button