Рухани жаңғыру

Қаллекидің Қадыры

Тәуелсіздіктің төл құрдасы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академия­лық музыкалық драма театры тарихында үш тұлғаның есімі ерек аталады. Оның бірі – осы өнер ошағының негізін қалаған көрнекті режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақып Омаров, екіншісі – Халық әртісі Қадыр Жетпісбаев, ал үшіншісі – қазақ театрының реформаторы, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов. Үш режиссер де бірін-бірі алмастырып, астаналық театрдың көркемдік жағын басқарып, аяққа нық тұруына, актерлік құрам мен репертуарының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосып кетті. Жақып пен Қадырдың ғұмыры қысқа болды. Екеуі де алпыстың асқарына шыға алмай, кенеттен үзілді. Осы күндері Қаллекидің Қадырының туғанына 80 жыл толып отыр.

[smartslider3 slider=1529]

Қадыр Жетпісбаев астаналық театрға қызметке тәжірибесі толысып, кемеліне жеткен шағында келді. Азғантай ғана ғұмырының 35 жылын театр өнеріне арнады. Алматының Құрманғазы атындағы Өнер институтында қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпанов­тың тоқпағына шыдап, шыңдалды. Мәскеу қаласында жоғары режиссерлік курсты тәмамдады. Ал кәсіби қызметі өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрынан басталды.

Торғай облысы құрылғанда аса көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен өңірде қазақ театры құрылды. Оның бас режиссерлігіне Қадыр Жетпісбаев тағайындалды. Облыс таратылғанда өнер ошағы Жезқазған қаласына көшірілді. Бірақ бүгінгі С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ сазды драма театрының бастауында Қадыр Рахымбайұлының тұрғанын ерекше атап өту керек.

Сахна суреткері одан кейін республикалық ұйғыр музыкалық драма театрында бас режиссер болды. Бақандай он үш жыл қарашаңырақ М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында бірталай спектакльді сахналады.

Қадыр Жетпісбаев талантты режиссер ғана емес, ұлағатты ұстаз да еді. Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтында бес жыл режиссура мамандығы бойынша дәріс берді. Осыдан ширек ғасыр уақыт бұрын, Жақып Омаров өмірден өткен соң, Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Ақмола қаласына, қазіргі Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрына көркемдік жетекші болып қызметке келді.

Бірақ Алматыда жүргенде-ақ режиссерлігі мойындалған еді. Белгілі театр сыншысы Әлия ­Бөпежанованың айтуынша, ­Қадыр Рахымбайұлы Мұхтар ­Әуезов театрында көрермендердің ыстық ықыласына бөленген талай спектакль сахналады. Соның ішінде әлемдік классиканы да, ұлттық қойылымдарды да қойды. Атап айтқанда, ­У.Шекспирдің «Юлий Цезарін», ­М.Әуезовтің «Дос-Бедел досын» қазақ сахнасына алғаш алып шықты. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін «Хан Кенені» қойды. «Қадыр аға: «Өнер – ұлттың үйі» дейтін» деп еске алады режиссерді Әлия Бөпежанова.

Қадыр Жетпісбаев сахналаған спектакльдерде Асанәлі Әшімовтен бастап, бүгінгі көзі бар да, өмірден озған да талай атақты актерлер кейіпкерлерді сомдады. Мәселен, Оралхан Бөкейдің «Құлыным менің» қойылымында бас кейіпкерді Құман Тастанбеков кескіндеді. Сонымен қатар Әнуар Молдабеков, Фарида Шәріпова, Матан Мұратәлиев, Гүлжан Әспетова, Есболған Жайсаңбаев, Салиха Қожақова ойнады.

Кешегі кеңестік құрсау сөгілмей тұрғанда Қадыр Рахымбайұлы ХХ ғасыр басындағы қазақтың қасіретті тарихынан сыр шертетін М.Әуезовтің «Қилы заманын» қоюға талпыныс жасады. Белгілі ақын, драматург Нұрлан Оразалиннің сөзінше, бұл спектакль 1987 жылы қойылуы тиіс болатын. Бірақ жоғарыдан бұған рұқсат етілмеді.

Қадыр Жетпісбаев жазуға да бейім еді. Оның қаламынан «Алтыатар», «Алаяқ­тар», «Тойдан кейін» атты драмалар туды. Кино өнеріне де араласып, кинорежиссер Серік Жармұхамедовпен бірге «Түрксіб» фильмін түсірді.

Көрнекті театр сыншысы Әшірбек Сығай Қадыр Жетпісбаевпен өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап таныс болды. Режиссер туралы «Қозы дауыс, қоңыр үнді Қадырым» атты естелік те жазып кетті.

«…Ол нағыз театр режиссері еді. Сахналық туындылар түзуде өзіндік із қалдыр­ды. Жарқын бояулы, терең мазмұнды, түрлік нышаны жағынан нешебір ғажап қойылымдарының куәсі болдық… Көркемдік дәрежелері кісі қызығарлықтай сан жанрлы рухани дүние­лерді жарыққа шығарған талантты режиссердің жүйрік қиялы өте-мөте ұшқыр да айшықты еді. Ойға өткір, сезімге жомарт шабытты өнер иесі өзінің әрбір жұмысымен кісі көңілін еркін баурап, көрермен жүрегін табиғи жаулап алғандай еді…» деп жазады сонда Әшірбек Сығай.

Театр сыншысы режиссердің қолтаңбасы қазақ театрлары мен ұйғыр театрынан бөлек, елордамызбен қатар Көкшетау, Қостанай орыс театрларында да қалғанын айтады. Қадыр Рахымбайұлы ұлттық классикамыз «Қозы Көрпеш-­Баян сұлуды» М.Лермонтов атындағы академиялық орыс драма театрында сахналаған екен.

«…Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов пьесаларына өзіндік көзқарас білдіруде қазақ режиссурасының алғашқы легінен шоқтықты көрінетін суреткер тұлғасы қашанда еңселі… Көптеген драматургтеріміздің сахнадан түпкілікті орын тебуіне мол үлес қосқан режиссер еңбегіне құрмет білдірмеу – әділетсіздік. Сәкен Жүнісов, Оралхан Бөкей, Әкім Тарази сынды т.б. қаламгерлердің әдеби дүниелеріне сахналық өмір берген кәнігі режиссер михнаты театр тарихынан лайықты орын алғаны дүйім елге белгілі… Ізденгіш режиссердің ақыл-кеңесі, тәлім тәрбиесі арқылы сахнаға шыққан бір кездердегі балаң актерлер бұл күнде ұлттық кәсіби сахна өнеріміздің жетекші суреткерлері» дейді естелігінде театр сыншысы.

Оның жазып кеткенінің жөні бар. Мәселен, бүгіндері Қаллеки театрының белді де, белгілі режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақовтың елордаға келуіне тікелей себепкер – Қадыр Жетпісбаев.

«1997 жылы шілде айында бұрын аяқ баспаған, мен үшін бейтаныс Ақмола қаласына келдім. Вокзалдан мені Қ.Қуанышбаев атындағы театрдың сол кездегі директоры әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Халық әртісі Қадыр Жетпісбаев жүргізушісімен келіп, қарсы алды. Шынымды айтсам, осындай үлкен кісінің менің алдымнан шыққанына таң қалдым, әрі қуандым.

Ақмолаға Қадыр аға өзі арнайы шақырған болатын» деген еді Болат Қасымжанұлы осыдан бірнеше жыл бұрын газетімізге берген сұхбатында.

Қазір елордадағы ­Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының көркемдік жетекшісі қызметіндегі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Қамиев, Қаллеки театрындағы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Алтынай Нөгербек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ерлан Малаев, Нұркен Өтеуіл, Айнұр Бермұхамбетова Қадыр Жетпісбаевтың шақыруымен елордалық театрға келді. Көркемдік жетекші кейбір әртістің астанада тіркеуі болмағандықтан, театр мекенжайы – ­Ж.Омарұлы көшесі, 46 б үйіне тіркеуге қойды. Қазір бұл әртістер Қаллекидің орта буынына айналып, елге танылды.

Қ.Қуанышбаев театрында Қадыр Рахымбайұлының жетекшілігімен М.Әуезовтің «Қанды азу» (режиссері Болат Ұзақов), М.Байжиевтің «Құдалар» (Қуандық Қасымов) сахналанды. Қаллеки театрының тарихын «Театрға тағзым» кітабында хаттаған Сәуле Әбединова Қадыр Жетпісбаев осы театрда Ғ.Мүсіреповтің «Қыз ­Жібек» трагедиясын қолға алғанын жазады. Алайда рөлдер бөлініп, киімдер тігіліп, кейбір мизансценалар дайын болғанда режиссер кенеттен өмірден озып кетті. Оның бастаған спектаклін Әзірбайжан Мәмбетов осы театрға қызметке келгенде аяқтап, жарыққа шығарды.

Қаллеки театрының бастауында Жақып ­Омаров, Қадыр Жетпісбаев, ­Әзірбайжан Мәмбетов секілді талантты тұлғалар тұрғаны – өнер ошағының бағы мен бақыты. Қаллекиліктер Жақып туралы кітап шығарып, кеше таныстырылымын өткізді. Қадыр жайында да осындай дүние жазылуы керек деп есептейміз. Ал келесі жылы Әзірбайжан Мәмбетовтің туғанына 90 жыл толады. Сол кезде тиісті еске алу шаралары қолға алынатынына сенімдіміз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button