ҚАЛЛЕКИЛІКТЕР ФЕСТИВАЛЬГЕ ҚАТЫСАДЫ
12-17 қыркүйек күндері Ақтөбе қаласында Қазақстан драма театрларының ХХІV республикалық фестивалі өтеді. Оған Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театры «Шие» комедиясымен қатысады.
Орыстың классик қаламгері Антон Чеховтың «Шие бағы» пьесасының негізінде Якутияның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ресейдің «Золотая маска» атты беделді сыйлығының иегері Сергей Потапов сахналаған қойылымның премьерасы биылғы сәуір айында өткен. Сол кезде көрерменді режиссерлік шешім таңғалдырған болатын. Комедия кейіпкерлерінің аттары түгелдей қазақшаланып, Раневская – Шие, Гаев – Ғайып, Лопахин – Балташ, Петя Трофимов – Пәтөнай болып шыға келген.
Қойылымның өне бойында күлкі мен көз жасы сияқты бір-біріне кереғар ұғымдар астасып, комедия мен трагедия элементтері қабысып жатады. Актерлердің образдарды сомдауы арқылы кейіпкерлердің сырты бүтін болып көрінгенімен, іші түтін екені байқалады. Спектакль атамекен, туған үй қасиетін көрерменге сезіндіре түседі.
Бас кейіпкер Любовь Раневская бейнесін Қаллеки театрының талантты жас актрисасы, «Золотой Витязь 2015» Халықаралық театр фестивалінің алтын диплом иегері Ақмарал Танабаева сомдайды. Сондай-ақ, қойылым барысында театрдың белді әртістері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Кеңес Нұрланов, Қуандық Қыстықбаев, Нүркен Өтеуілов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Сырым Қашқабаев көрінеді. Бұл актерлерге қоса Айман Аймағамбет, Дастан Әлімов, Шахмұрат Ордабаев, Айшолпан Ибраева, Алтынгүл Серкебаева сынды әртістер өнер көрсетеді.
Театр фестиваліне Қаллеки театрымен бірге Солтүстік Қазақстан облыстық С.Мұқанов атындағы Қазақ сазды драма театры, Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театры, Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры, Б.Омаровтың Алматы қалалық «Жас сахна» театры, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры және Республикалық неміс драма театры қатыспақ.
Ал, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының жаңа маусымдағы жұмысы 2 қыркүйекте басталмақ. Қойылымдар әдеттегідей сейсенбі-жексенбі күндері аралығында өтеді. Биыл 25 жылдық мерейтойын атап өтетін өнер ұжымының жаңа маусымының ресми ашылуы қазан айына белгіленіп отыр.