Қалтарыста қалған Қоқан хандығы

Қоқан хандығының негізін қалаушы Минг әулетінен шыққан Шахрух (1709-1713) болатын. Хандықтың жаулаушылық соғыстары Ердана (1751-1770) бидің кезінен басталды. Қоқан хандығы 1762 жылдан 1821 жылға дейін Қырғызстанның оңтүстігін, 1810-1831 жылдары солтүстігін жаулады. Хандықтың қазақ жерлерін жаулауы Әлім хан (1800-1810) тұсында басталып, кейін таққа келген Омар хан (1811-1822), Мәдәлі хан (1822-1842) билігі кезінде жалғасты. Қоқан хандығының тарихын зерттеген Т.Бейсембиев хандықтың 1811-1842 жылдар аралығында аймақтағы үлкен мемлекетке айналғанын, солтүстік шекарасы Оңтүстік Қазақстаннан басталып, оңтүстігі Памир-Алайға дейін, шығыс шекарасы Шыңжаңнан басталып, батысы Ұратөбе, Зерафшанның жоғары ағысынан Шахрисябзке дейінгі аймақты алып жатқанын көрсетеді. Мәдәлі хан билігінің соңғы жылдарында, яғни 1840 жылдары хандықтың құлдырау кезеңі басталды. 1840-1842 жылғы Қоқан мен Бұхара арасындағы соғыстан кейін Орталық Азиядағы үстемдік бірте-бірте Бұхара әмірлігінің құзырына өте бастаған еді.
Оңтүстік аймақтарды жаулау тарихы
Қазақстанның оңтүстік аймағын жаулауы Ташкенттің саяси жағдайымен тікелей байланысты болды. ХVІІІ ғасырдың аяғында Ташкент хандығы құрылып, билікке Жүніс қожаның келуімен билік қожалардың ықпалына өткен болатын. Бұл хандықтың шекарасы шығыста Қоқан хандығы, оңтүстік-батыста Ходжент, солтүстік-шығыста қырғыздармен, солтүстік батыста қазақтармен шекараласты. Ташкент маңында тұратын шанышқылы, қоңырат, сіргелі, рамадан рулары хандыққа бағынды. 1796-1797 жылғы орыс деректеріне сүйенсек, Жүніс қожа Ташкент хандығына Шымкент, Сайрам, Алтынтөбе, Қарабұлақ, Сауран, Темір қорған, Жаңақорған, Ниязбек бекіністерін қаратқан. Қазақтардың Ташкент хандығына тәуелділігін сақтау мақсатында әрбір рудың беделді адамдарынан аманат ұсталды, рулар өз міндетін орындамаса, аманаттағыларды кейде қатаң өлім жазасына кесіп отырған. Жүніс қожа Ташкенттегі билікке келген кезде, Қоқандағы билікке Әлім (1898-1810) хан келген болатын. Екі ел билеушілерінің басты мақсаты өз хандықтарының аумағын кеңейтуге бағытталды. Осындай мақсатпен Жүніс хан Қоқан хандығына және Әлім хан Ташкентке шабуыл жасайды, бірақ шабуылдары сәтсіз аяқталды. 1810 жылы Жүніс қожаның қайтыс болуы Қоқан хандығына Ташкент хандығымен соғысуға мүмкіндік берді. Қоқан ханы Әлімқұл інісі Омарды (1810-1822) Ташкентке аттандырды.
Жүніс қожаның баласы Сұлтан қожа қоқандықтарға қарсылық көрсете алмады.
Қоқандықтардың бірнеше шабуылынан кейін биліктен қожалар аластатылды. Ташкенттің Қоқан хандығы ықпалына өтуі олардың жаулаушылық соғыстарына жол ашты. Іле-шала қоқандықтар Шымкент бекінісін алды. Әлім ханнан кейін билікке келген Омар хан ағасының жаулаушылық саясатын жалғастырып, хандыққа бағынышты аймақтың географиялық аумағын кеңейтті. Омар ханның оңтүстік аймаққа енуін Х.Бабабеков 1812 жыл, П.Иванов 1814 жыл, Мейендорф 1815 жыл деп жазады. Өзбек тарихшысы Х.Бабабековтің уақыты шындыққа жанасады деп ойлаймыз.
Қоқан хандығы қазақ жерлерін өз ықпалында ұстау мақсатында кейбір бұрынғы бекіністерді қайта қалпына келтіріп, жаңа бекіністер салды. 1812 жылы Түркістанды алғаннан кейін, 1813 жылы Шолаққорған, Созақ бекіністерін қайта қалпына келтірді. Сырдарияның орта ағысында Ақмешіт, Жаңақорған, Мамасейіт, Қосқорған, Шымқорған, Күмісқорған, Дінқорған, Салықорған, Жолақты бекіністерін салды. Ақмешіт бекінісі Қоқан хандығы үшін өте маңызды болды. Осы бекініс арқылы Орынборға аттанған бұхарлық көпестерден және Сыр бойына қыстауға келген қазақтардан салық жинап отырды. Сонымен бірге қоқандықтар Сырдарияның төменгі ағысындағы Кіші жүз руларына жиі шабуыл жасайтын. Әлімұлы рулары бір жағынан Қоқан, екінші жағынан Хиуа хандығының басқыншылық әрекеттеріне жиі ұшырайтын.
Талас бойындағы қазақ, қырғыздардың Қоқан билігіне бағынған кезеңін Ш.Уәлиханов 1815 жыл деп көрсетеді. 1821 жылы қоқандықтыр бұрынғы бекініс орнына Әулиеатаны салды. Шудың сол жағалауындағы керуен жолында Ит кешу, Мерке, Пішпек бекіністерін тұрғызды.
Абылай ханның Қоқан хандығымен қарым-қатынасы
Абылайдың Қоқан ханы Ердене бимен бірнеше рет соғысы болған. 1767-1768 жылғы соғыстың қай жерде болғаны туралы әртүрлі мәлімет айтылады. А.Ш.Махаева Ферғана түбінде, Д.Б.Сапаралиев Ташкент маңында болды деп көрсетеді. Қазақтардың Қоқан хандығы, Бұхар әмірлігімен қарым-қатынасындағы шиеленісті сұрақтардың бірі – Ташкент қаласына қатысты сұрақ.
Қаланың тарихын зерттеуші Ф.Азадеев ХVІІІ ғасырда Ташкент еркін қала болды деп жазады. Өйткені қала саяси оқиғаларға байланысты Қоқан хандығы, Бұхар әмірлігі, кейбір жылдары Қазақ хандығының ықпалына қарады. 1720-1740 жылдары Ұлы жүз ханы Жолбарыс Ташкентте тұрды. 1738 жылы Ташкентке аттанған К.Миллер Жолбарыс ханмен кездесіп, оған Татищевтің хаты мен сыйлығын берген. А.И.Добросмыслов 1740 жылы Жолбарыс ханның өлтірілуіне байланысты қазақтар Ташкентке шабуыл жасады деген дерек береді. 1785 жылы Бұхар әмірі Шах Мұрад Ташкентті басып алып, қалаға өз билеушілерін қойды деп көрсетіледі. Ж.Тулебаева «Тухфат-әл-хани» дерегіне сүйеніп, Абылай ханның Түркістан, Сайрам, Шымкент, Созақ қалаларын қазақтарға кері қайтарып және Ташкенттің қазақ хандығына салық төлегені туралы жазады. Абылай қайтыс болғаннан кейін қазақтар Ташкентке ықпал етуден айырылып қалды, қала билігі Жүніс қожаға өтті. Деректерде Жүніс қожаға қатысты әртүрлі мәлімет бар. Кейбір деректерге сүйенсек, Төле би қартайған кезінде Жүніс қожаны салық жинауға қойған.
А.И.Добросмыслов, В.П.Наливкин Жүніс қожаның Ташкентке билікке келуіне көмектескен Хан Қожа деп көрсетеді. Деректерде Хан Қожа Қоқан ханы Нарботаның туысы деп жазылады.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қоқан ханы мен Бұхар әмірі арасында Орталық Азия аймағына үстемдік етуге бағытталған текетірес басталды, олар Ұратөбе аймағы үшін жиі шайқасты. 1806 жылғы Ұратөбе шайқасында Бұхар әмірі Хайдарды Ташкент хандығы мен Түркістандағы қазақ сұлтандары қолдаған, бұл шайқаста Қоқан ханы Әлім жеңілген. Ұлы жүз хандары Бұхар әмірімен әскери одақ құрды деп жазады Ж.Тулебаева. Жалпы Ұратөбе шайқасы қазақ сұлтандарының Ташкент хандығы, Бұхар әмірлігін қолдай отырып Қоқанмен соғысқанын көрсетеді.
Қазақтарды өз ықпалында ұстау үшін қандай саясат ұстанды?
Біріншіден, қоқандықтар қазақ, қырғыздарды өз ықпалында ұстау үшін оларға датқа, пансад, тоқсоба, мирахур шендерін беріп басқарып отырды. Мысалы, пансад дәрежесінде Сыздық Кенесарыұлы, Ахмед Кенесарыұлы, Телқожа батыр болса, датқа шенінде Қанай (қоңырат), Торғай (қыпшақ), ал қырғыздардан Әлимбек, Сайдбек, Поладбек болды. Екіншіден, оларға жекеменшікке жер беріп, оны заңдастырып отырды.
Қоқан хандығы қазақ, қырғыз жеріне үстемдігін жүргізгеннен бастап әртүрлі салықпен халықты аяусыз қанады. Мысалы, қазақтар зекет, херадж, танап, базар, таразы, өткел, ұлау пұлы, тұз салығы және т. б. салықтар төледі. Сонымен бірге бекіністердегі әскердің азық-түлігін де беруі тиіс болды. 1834 жылы Қоқан ханы Мәлібек Ташкент құсбегіне шектеусіз билік берді. Өздеріне осындай биліктің берілуін құсбегілер тиімді пайдаланды.
Қоқан хандығына бағытталған қазақ, қырғыздардың алғашқы көтерілісі 1821 жылы Омар хан тұсында болды. Көтеріліс тарихта Тентек төре көтерілісі деген атпен қалды. Түркістан қаласының түбіне 12 мың қазақ жиналды, кейін көтерілісшілер Сайрамды негізгі тірек жасады. Созақтағы көтерілістің басшысы сұлтан Тоқай төре болған. Қоқан хандығы әскерінің келе жатқаны жөнінде хабар алған қазақтар екіге бөлінді: Сайрам түбіне Тентек төре, екінші тобы Шымкентке жиналды. «Қоқандық әскерден жеңілген Тентек төре ханның билігін мойындап, кепілдікке өз баласын берді» деп жазады В.Наливкин. Бұл көтеріліске қоңырат, найман, дулат, бестамғалы рулары қатысты. Омар ханның уәзірі Абул-Қасым басқарған 12 мың қоқандық әскер Сайрам бағытына аттанды. Қоршаудың ұзаққа созылуына байланысты көтерілісшілер бітімге келуге мәжбүр болды. Өкінішке қарай, В.Наливкиннің еңбегінен басқа деректерде көтеріліс тарихы баяндалмайды.
Қоқан хандығын зерттеуші Плоских ХІХ ғасырдың 30-жылдарының аяғында Пішпек маңындағы қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарының көтеріліске шыққанын жазады. Көтеріліске түрткі болған – салықтың өсуі. Көтерілісшілер 300 сарбазбен салық жинауға келген әскерге шабуыл жасады. Бұл көтерілісті басу үшін Ташкент құсбегі арнайы жазалаушы әскер аттандырды. Шайқаста қоқандық әскер жеңіліс тауып, кері шегінуге мәжбүр болады. Жеңіс көтерілісшілерді рухтандырды, бірақ екінші рет жазалау әскерімен болған шайқаста олардың ұйымдасуының нашарлығынан және қару-жарақтың болмауынан жеңіліс тапқан еді.
1840-1842 жылы Қоқан хандығы мен Бұхар әмірлігі арасында соғыс басталды. Екі мемлекет арасындағы соғысты қазақ, қырғыздар қалт жібермеді. 1842 жылы Ыстықкөлдегі қырғыздар көтеріліске шықты. 1841 жылы Кенесары бұхарлықтармен біріге отырып Қоқанға қарсы көтерілді. 1841 жылы Кенесары шөмекей, төртқара, табын руынан құралған 4 мың жасақпен Ташкентке аттанды деп жазады Е.Бекмаханов. Бірақ әскердің арасында жұқпалы аурудың таралуы оларды бөгеді, ал әскердің бір бөлігі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт, Созақ бекіністерін қоршады деген мәліметтер беріледі. Сонымен бірге архив деректерінде Кенесарының Ташкентке шабуыл жасамағаны, бірақ бекініс маңындағы қазақтарға көмектескені жөнінде деректер бар. Жалпы Кенесарының Ташкентке шабуыл жасамауының басты себебі індеттің таралуымен байланысты болар деген қорытындыға келеміз.
1840-1842 жылғы соғыстың нәтижесінде Қоқандағы билікке Хаджы бидің ұрпағы Шералы хан (1842-1845), 1845 жылы Худояр хан келді. 1845 жылы билікке келген Худояр ханның өте жас болуына байланысты хандықтағы билік Мұсылманқұлдың қолында болды. Қоқан хандығындағы осындай саяси өзгерістерге байланысты 1845 жылы Кенесары Жөлек, Жаңақорған, Бабай-қорған, Тұрсынбай қорған бекіністеріне шабуыл жасайды. Ақмешіт бекінісін 4 күн қоршады деген деректер бар. 1846 жылы бұрын ташкенттіктердің ықпалында болған қоңырат, тама рулары Кенесарының билігін мойындады.
Қоқан хандығына бағытталған келесі көтеріліс 1847 жылы болды. Ташкенттегі бұл көтеріліске қала тұрғындарымен бірге оның маңында тұратын қазақтар да қатысты деген деректер бар.
Қоқан хандығына бағытталған қазақ, қырғыздардың ең ірі көтерілісі 1858 жылы болды. Ташкент құсбегі болған Мырза Ахметтің тұсында Қоқан хандығына қараған Түркістан, Жаңақорған, Созақ, Шолаққорған, Әулиеата, Меркі бекіністеріне бағынған қазақ ауылдарының жағдайы ауырлай түсті. Мырза Ахмет Қоқан хандығына зекет төлегенімен, соғыс жариялау ісінен бөлек істердің барлығын өзі авторитарлы, автократиялық түрде шешіп отырды. Мырза Ахметтің тұсында салықтың көлемі де, түрі де өсе түсті.
Көтеріліс тарихы Мәдәліқожа Жүсіпқожаұлы, Майлықожа Сұлтанқожаның шығармаларында да баяндалады. Мұрағат дерегінде Мырзабиді өлтірген Қанай датқа деп көрсетілсе, Майлықожаның «Датқалар» атты толғауында өлтіруге қатысқандар ішінде Мұсабек, Тәнен, Байбақ атты батырлардың аттары да көрсетілген.
1858 жылы наурызда Ташкент құсбегі Мырза Ахмед 3 мың әскерімен Әулиеатаға келді. Ол қазақтардан төрт түлік малдан жеке-жеке салық төлеуді талап етті. Қазақтар салық төлеуден бас тартты. Көтерілістің басшысы старшин Құдайберген болды. Көтерілісшілер Әулиеата бекінісін қоршады, бекіністе қоршауда қалған Мырза Ахмед Қоқан ханынан көмек сұрауға мәжбүр болады. Қоқандық әскер саны көп көтерілісшілермен шайқасудан қорқып, қоршаудан Мырза Ахмедті алып шықты деп жазады Плоских.
Өзбек тарихшысы Р.Н.Нәбиевтің еңбегінде Мырза Ахмедтің Сыпатай биге аттандырған пансаттарының жеңіліс тапқаны және көтерілісшілердің Әулиеатаны басып алғаны жөнінде мәлімет келтіріледі. Әулиеатадағы көтерілісшілерге Тоқмақ, Шелек бекіністері қосылды. Деректерде дулаттардың Мерке бекінісін алғаны жөнінде мәліметтер бар.
1858 жылы мамырда Худояр ханға бағытталған көтерілісті Ташкент, Маргелан қалалары да қолдап көтеріліске шықты. Ташкенттегі көтеріліске шанышқылы, дулат рулары мен өзбектер қатысты. Олар зекет төлеуден мүлдем бас тартып, салық жинауға келген адамды өлтірген.
Кейбір деректерде 14 мың шанышқылы руының Ташкентті қоршағаны туралы мәлімет беріледі.
Көтерілістің келесі ірі ошағы Түркістан болды. Олар Ташкент құсбегісі Мырза Ахмедтің биліктен кетуін талап етті. Көтерілістің күшеюінен қорыққан Түркістан бегі Мырза Нияз Қоныс датқа, Ақсақ датқа, Тобақабылды кепілдікте ұстады. Мырза Нияз Ахмет Яссауи кесенесін басқарған қожа Шеих-ислам мен Накиб ишанның көмегі арқылы да көтерілісті тоқтатуға әрекет жасады. 15 мамырда көтерілісшілер Түркістанды қоршайды. Қоңырат, найман, қыпшақ, арғын рулары өз арасынан Әликен Қарабасовты хан сайлайды. Көтерілісшілердің алғашқы әрекеті сәтсіз аяқталды. 25 мамырда Ташкенттен келген рамадан, шеркес рулары көтерілісшілерге қосылған еді. Бұл оқиға көтерілістің қайта басталуына түрткі болды. Жөлек бекінісінен 100 шақырым жердегі Қаратауда қоңырат, найман, арғын рулары кеңес өткізіп, Түркістан, Жаңақорған бекінісіне екі жақтан шабуыл жасау туралы шешім қабылдайды. Ұлы жүздегі бестамғалы рулары Созақ пен Шелекті алды. 1858 жылы 3 маусымда қазақтар Түркістанды екінші рет қоршады.
Көтерілістің басылмауынан қорыққан Түркістан бегі Мырза Нияз қоңырат, қыпшақ руларына шариғат заңына сәйкес қысым көрсетілмейтінін және рақымшылық жасайтынын хабарлады. Көтерілісшілер Түркістанды билеуге сұлтан Әликен Қарабасовтың толықтай құқығы барын жариялады.
Қазақтар Түркістанды басқаруға сұлтан Әликенді қою арқылы аймақтағы Қоқан билігін жойып, бұрынғы хандық билікті қайта қалпына келтіру мақсатын ұстанған еді. Қоқан хандығының билігіне бағытталған көтеріліс шілде, тамыз айында да жалғасты. Жалпы 1858 жылғы Қоқан хандығына бағытталған қазақ, қырғыз, өзбектердің көтерілісі Худояр хан билігіне қарсы бағытталды. Бұл көтеріліс жеңіліс тапқанымен, Худояр хан Қоқан хандығы билігінен кетуге мәжбүр болды. Көтеріліс хандықтағы билікке Мәлібектің келуіне алғышарт жасады. Мәлібек хан билікке келген алғашқы кезеңде Ташкент бегі енгізген көп салық түрі жойылды, кейбірі жеңілдеді. Қазақ, қырғыздар 3 жылға салық төлеуден босатылды және бек жанына екі қазақтан кеңесші қоятыны жөнінде уәде берді, өкінішке қарай, 1861 жылдан кейін мұның барлығы да жойылды.
Сабира САБЫТХАНҚЫЗЫ, тарих ғылымдарының докторы