Жаңалықтар

ҚАЛЫҢДЫҚ КӨРКІ – КӨЙЛЕГІ

image

Осыдан үш жыл бұрын Астанада ашылған «Ақ ниет» кәсіпорны әуел бастан-ақ үйлену тойына арналған ұлттық үлгідегі киімдерді сатумен және жалға берумен айналыса бастаған болатын. Бұл ретте жеке кәсіпкер Меруерт Қоңырбаева алдымен киім тігетін ғимаратты жалға алып, тігін цехын қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандырғаннан кейін қолынан іс келетін тігіншілерді жұмысқа қабылдады. Содан соң, киім тігуге арналған сапалы маталарды шетелден сатып алуға кірісті.

Уақыт өте келе, қазақтың ұлттық өрнегімен әдіптеліп тігілген әдемі той көйлектері мен оюлы камзолдарға сұраныс арта түсті. Бұл әлбетте, кәсіп­керлікті кеңейтуге жол ашады. Алғашында сатып алған Janome және Typical атты төрт машинасы ескіріп, қазіргі заман талабына сай келмейтінін ұққан Меруерт тұтынушылар талғамын ескере келе, Brother маркалы инновациялық тігін жабдықтарына қол жеткізсем деп армандайды. Өйткені, ол әлемде аталмыш компанияның компьютерлік тігін машиналарына тең келер құралдардың жоқ екенін жақсы білетін. Киім-кешекке кестелердің сан түрін салуға мүмкіндігі бар жоғары сапалы машинада көшірме жасауға арналған бейне бақылау да бар. Керемет емес пе?! Кәсіпкер көп ойланбас­тан, осындай заманауи техниканы сатып алуға асығады. Мұндай қадамға бару үшін көп қаражаттың қажет екені белгілі. Сөйтіп, М.Қоңырбаева Қазақстанның халық банкіне жүгінеді. Кәсіпкердің бас­тамасын банктегілер қуана қол­дайды. Осылайша, Меруерт мемлекеттің өңдеуші өнеркәсіп саласында жұмыс істеп жүрген және экономиканың қызмет көрсету саласына жататын қызметтерді атқаратын шағын және орта бизнесті қаржы­ландыру бағдарламасы бойынша несие алады.

– Жобаны қарастыру барысында біз Меруерт Қоңыр­баеваның ерекше кәсіппен, Қазақстанның этнографиялық мұрасын сақ­­таумен және дамытумен ай­налысып жүргенін де ес­кердік, – деді Халық банкі Ас­тана
өңірлік филиалының ди­­­­рек­торы Нұрлыбек Сейдах­мет. – Сонымен бірге, аталмыш бағдарлама бойынша «киім тігу» қызметін атқарып жүр­ген кәсіпкерлердің жобасын қаржы­ландыру қарастырылған. Бұл ретте Халық банкі мемле­кеттік бағдарламалар арқылы кә­сіпкерлерге белсенді түрде қолдау көрсетіп келеді. Мем­лекеттік түрлі бағдар­ламалар аясында Халық банкінің Астана өңірлік филиалы жалпы сомасы 6,3 млрд теңгені құрайтын 27 жобаны қаржы­ландырды.

Банктің қолдауымен заманауи құралдарды сатып алуға мүмкіндік алған «Ақ ниет» кәсіпорнының келешекте әлі талай жас жұбайға қуаныш пен шаттық сыйлайтынына сенімдіміз.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button